
«Мама, мені балалар ұрады!»
Соңғы жылдары жастар арасында бір-біріне қысым көрсету, қорқыту мен мазақ ету секілді буллингтік жағдайлар жиілеп барады. Бұл қауіпті құбылыс білім ордаларында — мектептерде, колледждер мен университеттерде кең таралғаны да рас. Мұның салдары оқушының не студенттің психологиясына, сабақ үлгеріміне, тіпті болашағына әсер етуі әбден мүмкін.
Қазақстанда буллинг мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әсіресе кибербуллинг – яғни әлеуметтік желілер арқылы қысым көрсету – жастар арасында кең етек жаюда. Ең өкініштісі, буллингке ұшыраған жасөспірімдер көбіне үндемей, оны іште сақтап жүреді. Бұл мәселені шешу үшін оны қоғамда ашық айтып, себебін түсіну және алдын алу жолдарын қарастыру өте маңызды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Инновациялық білім беру факультеті, Психология және педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Гүлбарам Мұғауинамен буллингке қатысты маңызды мәселелерді ескеру қажеттігін алға тартты.
– Буллинг – бұл жүйелі түрде жасалатын психологиялық, физикалық немесе әлеуметтік қысым. Университет студенттері арасында буллинг жасырын түрде жүреді. Көп жағдайда өзіне сенімі төмен, топқа сіңісе алмай жүрген жастар буллингтің құрбаны болады. Сонымен қатар соңғы уақытта студенттердің оқытушыларға қарсы бағытталған буллинг жағдайлары да кездесуде, — дейді маман.
Оның айтуынша, кейде буллинг топтың артынан еліктеу арқылы көрініс табады. Жастардың бір бөлігі себепсіз басқаға зиян тигізіп жатқандарға қосылып кетеді. Сондықтан кез келген әрекетті жасамас бұрын, салдарын ойланып барып шешім қабылдау керек.
Бүгінгі қоғамда буллингтің белең алуының бірнеше себебі бар.
–Жастар агрессия арқылы өзгеге үстемдігін көрсетуге тырысады. Сонымен қатар отбасындағы жағдай тікелей әсер етеді, мәселен, түсіністік жетіспеген ортада өскен бала өз ашуын сыртқа шығаруы мүмкін. Әлеуметтік ықпалды да атап айту керек, ортадағы негативті әсерлер де рөл атқарады. Стрестік жағдайлар – мектептегі қысым, отбасындағы жанжалдар буллингке итермелеуі ықтимал, — дейді Г.Мұғауина.
Психологтың айтуынша, буллингке қатысушы да, құрбан да – психологиялық қолдауға мұқтаж. Ал бұл мәселені шешу үшін отбасымен ашық әңгімелесу, мектеп ішінде түсіндіру жұмыстары, психологиялық кеңес қажет.
Былтыр бұқаралық ақпарат құралдарында Атырау қаласындағы №42 мектептің 7-сынып оқушысы қатарластарынан бір жыл бойы әлімжеттік көріп келгені белгілі болғаны жөнінде ақпарат тарады. Анасының айтуынша, бала мектепте үнемі қорлық көріп, ақша бопсалауға ұшыраған. Бұл жөнінде мектеп әкімшілігіне бірнеше рет шағым жасалғанымен, еш нәтиже болмаған. Тек бала ауыр соққы алып, мұрны қанап үйіне оралған соң ғана бұл мәселе жұрттың назарын аударды. Қазір қоғамда осы секілді деректер көп.
«SPUTNIK Қазақстан» сайтының мәліметтеріне сүйенсек, 17,5% балалар буллингке ұшырайды. 6,8% жасөспірімдер айына 2-3 рет қорқытуды бастан кешіреді, 14,1% балалар басқа оқушыларға буллинг жасағанын мойындайды.
Бұл көрсеткіштер буллингтің тек жекелеген жағдай емес, ел көлемінде таралған мәселе екенін көрсетеді.
Буллинг – тек жәбірлеуші мен жәбірленушінің арасындағы мәселе емес. Бұл – қоғамға ортақ проблема. Онымен күресу үшін мектеп ұжымы, ата-ана, қоғам белсенділері, білім және құқық қорғау органдары жұмыла жұмыс істеуді арттыра түскені жөн.
Әр бала өз ортасында өзін қауіпсіз сезініп, еркін дамитын ортада өсуі керек. Жастардың болашағына балта шаппас үшін буллингке қарсы күресті бүгіннен бастау – бәрімізге ортақ міндет.
Әсел ШӘМІШЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Журналистика» мамандығының
IV курс студенті
Сурет: ru.freepik.com