Әке аманаты

Безымянный 2 Жаңалықтар

Өңіріміздегі кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан қыз-келіншектердің арасында исатайлық Айнагүл Ақтаеваның есімі жерлестеріне етене таныс. Айнагүл Тұрланқызы – үйде инабатты келін, адал жар, мейірімді ана. Ал, қызметте ұйымдастырушылық қабілеті зор, талапкер басшы. «Бұл кәсіпті маған әкем сеніп тапсырған болатын. Асыл әкемнің аманатын ақтау – перзенттік парызым. Еңбегім – халқымның игілігіне, жетістігім мен кемшілігім солардың көз алдында» дейді ол.

Безымянный

Тұрлан Ақтаевты Исатай ауылында білмейтіндер кемде-кем шығар. Ол кісі қиындықтан қаймықпайтын өжет, қайратты, өте әділ, тәуекелшіл адам болыпты. Бір кездері дүние біткенді кереметтей сезінетін мұңсыз, қамсыз Тұрлан бала әкесі Ақтай қайтыс болғаннан кейін бір сәтте есейіп кеткендей болады. Отбасының барлық тауқыметін мойнымен көтере жүріп, ер жетеді. Сегіз сыныптық білім алып, шоферлық курсты тәмамдап, мамандық алып, анасына қамқорлық жасайды. Сөйтіп, қабырға қайыстырар қиыншылықтарды жеңіп,  өмір атты үлкен асудың талай белестерін бағындырады.

Құдай қосқан қосағы Зоя Қабдолқызы екеуі шаңырақ көтеріп, өмірге Құралай, Алмагүл, Жанна, Айнагүл, Ұлбосын атты қызғалдақтай қыздар мен  Қуандық атты құндыздай ұл әкеледі. Балаларының күміс күлкілері оларды бақытқа бөлейді. «Әкеміз марқұм бізге қаталдау да болды, мейірімін де аямады. Бізді үнемі еңбекке баулыды. Ұлын техникаға әуестендірді. Бізді оқытып, өмірден өз орнымызды табуға жағдай жасады. Талай рулы елмен құдандалы болды. Ортаға сыйлы, әңгімешіл адам еді. Ағасы Шән мен соңынан ерген Көбек, Жақсылық, Жақсығали інілерін жанындай жақсы көретін. Ағайынды бесеуі бас қосқанда алынбас қамалдай еді.

Өмір шіркіннің тәттісі мен ащысы қатар жүреді ғой. Арыстай аға-інілері бірінен соң бірі өмірден озғанда әкем бір сәт маған кішірейіп, аласарып кеткендей көрінді. Мұндай ауыртпалықты адамның нары ғана жеңетіні рас екен. Болған іске болаттай беріктік танытып, әкеміз қайта еңсе тіктеп еді. Інілерінің балалары әкелерінен қалғанда әлі еңбекке араласпаған кішкентай болатын. Әкем сол бауырларының барлығының да аяқтан тік тұрып кетулері үшін аянбады» деп еске алады Айнагүл.

Кеңес үкіметі тараған жылдар, әсіресе, ауыл халқына ауырлау болды. Жұмыс орындары қысқартылып,  жұмыссыздық жайлады. Осы тұста Тұрлан ағамыз да көптеген қиыншылықтарға тап болады. Үйде – шиеттей бала. Жұмысқа орналасқан бірер мекеменің ашылуынан жабылуы тез. «Көз қорқақ, қол батыр» деген, Тұрекең ұзақ ойланып, бір шешімге келеді. Шаруа қожалығын құрып, Исатай, Нарын ауылдарындағы су тазарту және кәріз жүйелерін сенімгерлікке алып, жұмысын бастап кетеді. Алғашындағы кездескен кедергілер шаш-етектен. Қақаған қыста су қатып, бірнеше жылдан бері тұрған ескі-құсқы тұрбалар жарылып, тығырыққа тіреген кездер де болған.

«Әкем теміржолға қарасты «НГЧ-6» мекемесінде аға шебер болып жұмыс жасайтын.  Одақтың ыдырап, шаруашылықтың қожырап жатқан тұсы. Қыстың қаһарлы күні жылу қазанына жағатын отын келмей қалады. Бұл дегеніміз – тұрғын үйлерді жылумен қамту мүмкіндігінен айырылды деген сөз. Көмек келетін жер жоқ. Әкем көп ойланбастан теміржолмен басқа жаққа кетіп бара жатқан вагон-вагон мазуттан ағызып алып, жылу қазандарына айдай бастайды. «Сонда халықты қыруым керек пе? Балалар, үлкен кісілер бар. Жарайды, мені жазалаңдар» деп телефонмен айқайласқаны әлі күнге көз алдымда» дейді Айнагүл.

Тұрлан Ақтайұлы жолында кездескен  бар қиыншылықтарды қасқайып тұрып жеңеді. Шіріген тұрбаларды ауыстырып, халықты қысы-жазы толықтай сумен қамтуға қол жеткізеді. Талай адамдарға жұмыс беріп, жалақыларын уақытында беріп отырды. «Еш нәрсе оңайлықпен келмейді, оны жеңе білу керек. Шыдамдылық қажет» деп, үнемі айтып отыратын еді» дейді балалары.

Оның адалдығы, қиындықтан қашпайтын қайсарлығы, қандай жағдайда болсын тез шешім қабылдайтын тәуекелшілдігі қашан да  жол табуға себепші болды. «Ұрпағым үшін» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Нәсібін көрді. Денсаулығы сыр беріп, ауру меңдеген шақта қолымен жасап, ел-халқына септігі тиген шаруашылығын «кімге тапсырсам екен» деп, жанында мөлдіреп отырған бес баласына қарап, ұзақ ойланады. «Мен аламын» деп ешқайсысы да айта алмайды. Біраз үнсіздіктен кейін «Айнагүл, ендігі жерде шаруашылыққа өзің ие бол. Сенің қолыңнан келеді» деп бір-ақ кесті. Бұл 2012 жыл болатын.

Айнагүл алда көптеген қиындықтардың тосып тұрғанын жанымен сезінді. Бірақ, жастайынан еті тірі, қандай іске болмасын үйіріліп тұратын қасиеті басым оның бойына қуат берген әке аманаты еді. Сөйтіп, ол қайнаған қызу жұмыстың бел ортасынан табылды.

Бірде Исатай мен Нарын ауылдарында кәріз жүйесінің теміржол өткелінің астынан өтіп жатқан құбырлары ескіріп, жарылып, үлкен апаттық жағдай орын алады. Жаңа басшы бұл күрделі мәселені табандылықпен оңтайлы шеше біледі. Исатай елді мекеніне кіретін «ҚазТрансОйл» кәсіпорнының құбыры аязды қыста жарылып, бір күн бойына су тоқтатуға мәжбүр болған тұста Айнагүл барлық күшті жұмылдырып, судың қатуына жол бермей, күндіз-түні демалыссыз еңбек етіп, бұл қиыншылықтың да бетін сәтті қайтарды. Кез келген жағдайдың шешімін тауып, шұғыл жол таба білетін әкесінің бойындағы қасиеттің Айнагүлден табылғанын айналасындағылар анық байқайды. Сөйтеді де, іс басына жас та болса, әйел адам болса да, қажырлы, білікті маман келгендігіне риза болысады.

«Күннің суығына қарамай, күн-түн демеймін, жұмыс басында жүремін. Әкемнің қара сөмкесін қолымнан тастамаймын. Маған қуат беретіндей көрінеді сол сөмке. Екі көзге ерік беріп, өксіп-өксіп жылап алған кездерім де болған. Әкем марқұм ақыл-кеңесін аямады. Өзі науқас адам, мазалағым да келмейді, қиындықтарымды білдірмеген боламын. Балам емшекте. Үйде жылап жатады. Үйге қайтайын десем, даладағы жұмысым бар. Не керек, талай қиындықтар бастан өтті ғой. Осындай сәтте жаныма демеу болған ауыл әкіміне, балаларды қарап, мені қолдап, қамқорлығын аямаған жолдасым Асылбекке осы күнге дейін үлкен ризашылығымды білдіремін». Айнагүл Тұрланқызы үлкен толғаныспен осылайша ой бөлісті.

Ол арман жетегінде алғашында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алып шығады. Одан кейін Атырау бизнес және құқық колледжін тәмамдайды. Бірақ, ол өмір сүрлеуінің басқа арнаға қарай күрт бұрыларын білмеді. Әке аманатын арқалаған Айнагүлге мүлдем басқа салада жұмыс жасау бұйырды.

Шүкір, абыройсыз емес. Қазір Айнагүл Тұрланқызы әбден ысылып, кәнігі маманға айналған. Жылдар өте жинақталған іс-тәжірибесі, асыл әкенің аманатына қиянат келтірмей, салған сүрлеуін даңғылға ұластырды. Елді мекендегі әлеуметтік нысандар мен ауыл тұрғындарын үздіксіз таза сумен қамтуды толықтай жолға қойған. Мекемесі заманауи құрал-жабдықтармен жасақталып, бірнеше адамға жұмыс беріп отыр. «Өстім, болдым» деп жүрген Айнагүл жоқ. Қашан да ел-халқының ортасында. Аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға мереке күндері демеушілік көрсетіп отырады. Қоғамдық өмірге белсене араласады.

Исатай ауданы бойынша ауыл өміріндегі  мерекелік шаралардың басы-қасында демеушілік жасап, өз үлесін қосып жүретін Айнагүлге ауылдастары дән риза. Сондықтан, оның еңбегі елеусіз емес.  Атырау облысы әкімінің іскер әйелдерді қабылдауында болып марапатқа ие болуы, Исатай ауданы әкімінің Алғыс хатымен, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі облыс пен қала бизнес қауымдастығының қоғамдық өміріне, қайырымдылық шараларға белсенді араласқаны үшін, аймақтың экономикасы мен жергілікті кәсіпкерліктің дамуында қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталуы Айнагүл Тұрланқызының еселі еңбегінің өтеуі деп білеміз.

Ол – түзде басшы, қызметкер. Ал, үйде ең бірінші – отанасы. Құспановтар әулетінің инабатты келіні. Қайын сіңлілерінің сырласы, ақылшысы. Үлкенге сыйластық, кішіге қамқорлық – оның басты ұстанымы, өз ұясынан алған тәрбиесінің жемісі. Асылбек екеуі Жайдары, Инабат атты мектеп жасындағы екі бүлдіршінді тәрбиелеп отыр. Азаматын ардақтап, ағайын-туысты қадірлеп, балаларынан аналық мейірімін аямаған Айнагүлдің көңілінің бір түкпірінде үнемі өз міндетіне деген жауапкершілік тұрады.

«Уақыт дегеннің өзі тежеуге көнбейтін нәрсе ғой. Адам сол зырлай өткен уақытпен қабаттас не нәрсеге болсын көндігіп, ысылады екен. Менің де осы өмір ағысымен келе жатқан шамам бар. Шамамның келгенінше айналамдағы адамдарға шапағатымды тигізгім келеді. Анамның жүзін мұң шалмаса  екен деймін. Ел-халқым аман болып, тек қана бейбіт өмір болса екен деп тілеймін».

Айнагүл Тұрланқызының ақжарма тілегі – осы.

 Ағиба Қатешова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз