Жарнама
Қоғам

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

— Кәсіпорын құрылғаннан бергі аралықта қандай жұмыстарды жүзеге асырдыңыздар? Жалпы, ветеринариялық станцияға қандай міндеттер жүктеліп отыр?
— Аудан көлемінде 1994 жылға дейін ветстанция жұмыс істеді. Алайда, тоқырау жылдарының салқындығы бұл мекемені де айналып өткен жоқ. Мекеме жабылып тынған еді. Ал, жаңадан ашылған кәсіпорынның негізгі мақсаты да аудан аумағында халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, аса қауіпті аурулардың, сондай-ақ, жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізу міндеттеледі.
Біздің кәсіпорында 35 адам еңбек етуде. Аудан көлеміндегі он округ бойынша мамандарымыз жұмыс жүргізуде. Мәселен, Қызылқоға аумағындағы ең үлкен селолық округтер – Миялы, Сағыз, Мұқыр елді мекендерінде бір ветеринариялық пункт меңгерушісі, екі ветеринариялық маман, бір ветеринариялық санитар халыққа қызмет көрсетсе, ауылдық округтердің әрқайсысында да мамандар тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Ауданда әлі де маман кадрларға деген тапшылық бар. Бір қуаныштысы, Атырау қаласындағы агротехникалық колледжін бітірген Дәурен Қамиев аталған бағдарлама бойынша келіп, біздің кәсіпорынға жұмысқа орналасты.
Жұқпалы ауруларға республикалық бюджеттен бөлінген дәрі-дәрмектер ауылдық-селолық округтерге үлестіріледі. Малды жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
Қазіргі таңда аудан көлемінде төрт түлік арасында кездесіп отырған жүқпалы дерт — бруцеллез ауруы болып отыр. Аудан тұрғындары үшін қуанарлық жағдай Қазақстан Республикасы Үкіметі 2003 жылғы 28 сәуірдегі №407 қаулысына 2012 жылы 7 наурызда өзгерістер енгізді. Осы құжатқа сәйкес қой-ешкі бруцеллезімен жойылған малдың құны төленеді. Бұл жұмыстарды арнаулы құрылған комиссия шешіп, малдың құны шығарылатын болады.
— Аудан көлемінде төрт түлік малды бірдейлендіру жұмыстары қалай жүргізілуде?
— Ауданда мүйізді ірі қара малы арасында бірдейлендіру жұмыстары аяқталды. Биыл қой-ешкі малы сырғаланады. Жылқы мен түйе малына чип салынады. Бұл жұмыстар қазан айынан бастап қолға алынады. Жылқыға мойынға орналастырылса, түйе малына өркешке салынады. Облыс орталығында өткен жиында Көкшетаудан келген «Әмірхан-Агро» ЖШС-нің мамандары бұл игілікті іс жөнінде кеңінен түсінік берді. Бір шприцтің құны-1850 теңге тұрады. Чип салынғаннан кейін сканермен бақылау жүргізіледі. Чиптің тиімділігі сол, бұл белгі 6 мекемеде — яғни, сенімді орындарда сақталып, бақылауға алынады. Әсіресе, мал ұрлығына қатысты даулы мәселелерді шешуде маңыздылығы жоғары болады. Чип тегін салынады.
— Жаңадан құрылған кәсіпорында қолбайлау болып, шешілмей отырған мәселелер бар ма?
— Жалпы шілде айынан бастап аудан көлеміндегі 10 ауылдық-селолық округтегі ветеринариялық пункттерге жаңа «Нива» автокөлігі және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнаулы автомашина бөлінеді деген нұсқау бар. Қазіргі таңдағы басты қиындық — елді мекендерді аралағанда мамандарымыз белгіленген аймаққа жету үшін, яғни қан алу, мал егу жұмыстарына өз қалталарынан қаржы шығаратындығы. Тұрғындардың шақыртуларына барғанда да автокөліктің жоқтығынан көмекке кешігіп жетуде. Төрт түліктен алынған қанды аудан орталығындағы зертханаға жібергенде де ауылдық-селолық округтер көлеміндегі ветеринариялық мамандар жолаушылар тасымалдайтын автокөліктердің жүргізушілеріне аманат үшін ақша төлейді. Ал, жанармайға бізде қаржы қаралмаған. Осындай қиыншылықтарға қарамастан мамандар өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Қазіргі таңда кәсіпорын қызметкерлерінің де, ауылдық-селолық округ көлеміндегі мамандардың да арнаулы жұмыс орындары талапқа сай жабдықталған жоқ. Бұлар келешекте атқарылатын жұмыстардың еншісінде.
Сонымен қатар, кәсіпорынға тиісті әкімшілік аумақта мүйізді ірі қара малының аналықтарын қолдан ұрықтандыру бойынша қызмет көрсетуді, жергілікті атқарушы органдармен салынған мал өнімдері (биотермиялық шұңқырларды) мен мал сою алаңдарын ұстауды, қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюды ұйымдастыруды міндеттейді. Ал, аудан көлеміндегі бір кездері біраз қаржы жұмсалып салынып, құрал-жабдықтармен қамтылған ірі қара малының аналықтарын қолдан ұрықтандыру пункттерінің жұмысы ілгері баспай тұр. Осы түйінді мәселені барынша жедел шешу керек-ақ.
-Әңгімеңізге рахмет!

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button