Жарнама
Қоғам

«МАҚСАТЫМ – ЕЛГЕ СҮЙЕУ, ЕЛБАСЫНА ТІРЕУ БОЛУ»

 

«Нар жолында жүк қалмас» — дегендей біздің кейіпкеріміз Мұрат Сарманов та кесек тұлғалы, мәрт мінезді, ақылына парасаттылығы сай өңір экономикасының қарқынды дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. «Қақпақты қара қазан» атанған қасиетті Қызылқоға топырағынан түлеп ұшқан ол Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын туған жерінде аудандық банк жүйесінде бастады, сосын салық инспекциясында жалғастырды.

Заман ағымы мен нарық талабы оны кәсіпкерлікке алып келді. Жаңа кәсіптің тізгінін ұстағанына да аттай жиырма жылдың жүзі болды. Қазір Мұрат өзі құрған кәсіпкерлік құрылымда бірлескен компаниялардың бас директоры. Атқаратын жұмыс ауқымы да кең –  құрылыс, күрделі құрылыс, газ, су желілерін жүргізу, темір-бетон бұйымдарын жайғастыру, жеңіл өнімдер өндіру, халыққа сауда, басқа да қызмет  түрлерін көрсету.

Ойға жүйрік азамат аймақтағы ауқымды мәдени-көпшілік шараларды өткізуге де меценаттық жасап жүр. Жерлес ақын-жазушылардың «Арыс», «Дулат» баспалары арқылы бес кітабын шығаруға демеуші болды, жинақтарды қалың оқырманға жеткізуге де қол ұшын созды. Алаш ардақтысы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедовтың туғанына – 130, Қызылқоға ауданының құрылғанына –70, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табыл Досымовтың туғанына 50 жыл толу шараларын, «Қызылқоға», «Дендер» газеттерінің мерейтой салтанаттарын өткізуге қаржылай көмегін көрсетті. Мұрат Сатыбалдыұлы өзі басшылық жасайтын мекемелер есебінен он миллион теңгеден астам қаржысын демеушілік қажеттіліктеріне жұмсады. Бұл – кез келген жанның қолынан келе бермейтін жомарттық қасиет.

Жуырда Геолог ауылдық округі әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынында  кәсіпкер жігіт аз қамтылған екі отбасын қамқорлыққа алуды міндетіне алған-ды. Кейін туған ауылы азаматтарының тілегіне орай Қызылқоға ауданынан тағы екі отбасын жыл бойына азық-түлікпен тауарларымен қамтамасыз етуді   ұйғарыпты. Ол ойын «Атырау» газетінде де білдірді. Мұраттың өзі «бұл бастаманы атымды шығару үшін емес, қиын кезде елге сүйеу, Елбасына тіреу болсам деген мақсаттан туды» дейді ол.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button