МАҚСАТЫМ – ЕЛ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТУ

Қазақстанымыздың тәуелсіздігі – бұл жарқын жетістіктер мен жасампаздықтың тарихы. Егеменді Қазақстан аз ғана уақытта өз іргесін бекіткен іргелі елге айналып, өсіп-өркендеудің даңғыл жолына түсті.

Тәуелсіздік көптеген асыл дүниелеріміздің халықпен қайта табысуына қол жеткізді, Қазір ұлтымыздың түрлі спорттық ойындарына көңіл бөлініп, оны дамыту қолға алынды. Бұл ұлттық ойындар Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады.

Мәселен, жуырда Қызылорда облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып өткен ұлттық спорт түрлерінен IV фестивальды соның айғағы ретінде көруге болады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, қазақ күресі, жекпе-жек және тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарымыз ұлықталып, дүйім жұртқа насихатталды. Дүбірлі додаға қатысушылар спорттың 13 түрі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Жарыс барысында қай спорт түрі болмасын жоғары бәсекеде, талас-тарысқа толы өтті. Бастапқы жылдармен салыстырғанда биыл қатысушы командалардың саны көбейіп, әр өңірде ұлттық спортқа деген бетбұрыс артқанын аңғаруға болады. Қамқорлықтың және жаттықтырушыларымның маған деген сенімі нәтижесінде асығым алшысынан түсіп, жеңіске жеттім.

Сондай-ақ, қазақстандық спортшылар талай белестерді бағындырып, төрткүл әлем көз тіккен байрақтарда ел намысын аспандатып, Туымызды көкте желбіретуде. Әлем чемпионаттарының да Қазақстанда өтуі дүниежүзіндегі бейбітшілік пен достықты нығайтудағы жаңа қадамы болып табылады. Сол байрақты додаларда қазақстандық спортшылардың жеңісі – Мемлекет басшысының еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға қамқорлығының айқын көрінісі. Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде халықтың игілігі үшін спорт кешендері салынып, күрделі жөндеуден өтіп келеді. Яғни, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалуда. 

Жақында өзім «Еуразия барысы» атанып, үлкен арманым орындалды. Қазақ күресі бала кезімнен айналысып жүрген спорт түрі болғандықтан, өмірімдегі үлкен жетістік деп бағалаймын. 

Әлемдік, халықаралық додаларда шеберлік пен рух таразыға түскен сәттерде қарсыласты жеңіп, еліміздің Әнұраны орындалып, көк байрағымыз аспанда қалықтағанда әр спортшы еріксіз көзіне жас алады. Бұл — туған жерге деген сүйіспеншіліктің, қуаныштың, ел үшін  мақтаныштың белгісі. Патриот үшін нағыз бақыт осы болмақ.

Сұңғат ЗАКАРИЯЕВ,

қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан

чемпионы, «Еуразия барысы».

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз