БІРЛІК ПЕН ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Конституция еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына даңғыл жол ашып, бетке алған бағдардың тұтастай бөлігін қамтып отыр. Әрбір қазақстандықтың басты міндеті – ел тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны ұстану. Ең бастысы, Қазақстанның даму кезеңіндегі барша жетістіктер Ата Заңның тиімділігін айқындап отыр. Өйткені, Конституция дамуға жол ашып қана қойған жоқ, оның нормативтік әлеуеті де халыққа қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттің одан әрі беки түсуіндегі үдеріс жолына заңдық негіз болып қаланды.

Қазақстан, ең алдымен, елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қарастырып, тең мүмкіндіктер бере білді. Мәселен, Ата Заңның 7-бабында мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды деп бекітеді. Ал, келесі баптарда әркiмнің өз ана тiлi мен тіл мәдениетiн пайдалануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуына құқығы берілді. Сол сияқты, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты насихаттауға немесе үгiттеуге және ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына байланысты кемсiтуге тыйым салынды. Ассамблея қызметінің басты ұстанымдары Ата Заңымызда осылай айқындалды. Яғни, этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң арқылы этностық-мәдени орталықтар құру жүйелі жолмен іске асырылды. Бүгінде елімізде қазақ, орыс театрларымен қатар кәріс, неміс, ұйғыр, өзбек театрлары жұмыс істеп, этностық топтардың газет-журналдары жарық көруде. Барлық этностар Ата Заң негізінде білім алып, еңбек етіп, әртүрлі салаларда табыстарға қол жеткізу үшін жағдай жасалғаны тағы бар. Қазақстанның азаматтығын алғандарға заң алдында тең құқық қарастырылды. 

Ата Заңымызға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Ассамблея конституциялық орган дәрежесіне көтерілді. Қазақстан Республикасы халықтарының мүддесін өкілетті орган арқылы қорғау мақсатында Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан тоғыз депутат сайлау құқығы берілді және де «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына өзгерістер енгізіліп, Ассамблеяның Мәжіліс депутаттарының сайлауы жөніндегі сессиясын өткізу тәртібі заңнамалық деңгейде бекітілді. Облыстық мәслихат құрамында А.Думлер, Ю.Кустадинчев, Атырау қалалық мәслихатында орыс, кәріс ұлтының өкілдері – С.Страмусова, А.Ким қызмет етуде.

 Халықтың бірлігі мен қоғамдық келісімі – ел өркендеуінің шешуші шарты. Бүгінде облыста 91 пайыз қазақ, 33,6 мың орыс, 2,9 мың кәріс, 2,3 мың татар, 1,1 мың өзбек өмір сүруде. Шаңырақтың уықтары секілді болған Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтары әр азаматтың құқығын қорғау мен әділетті қоғам құру жолында атқарған істерінің ауқымы зор, нәтижесі айқын. Тіпті, барлық ұлттың өзіндік ерекшелігін сақтайтын, өңірдегі жүзге жуық ұлт пен этнос өкілдерінің басын қосқан 17 этномәдени бірлестік қоғамның басты құндылығы – заңның үстемдігін сақтаудың маңызды институты ретінде отбасыға баса көңіл бөледі. Өйткені, еліміздің көк туын көкке көтеретін болашақ ұрпақты бірінші кезекте отбасында тәрбиелеп, Ата Заңымызды сыйлай білуге үйрету қажет.

Қарап отырсақ, тәуелсіздік алғаннан осы күнге дейін мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талаптарының бәрі Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асып келеді. Осылайша, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы заңға тәуелді актісімен құрылған консультативтік кеңесші органнан өркенді дамып, конституциялық мәртебедегі органға дейін эволюциялық жолмен өтті.

 Атырау облыстық орыс этномәдени орталығы отбасындағы негізгі құндылықтарды дәріптей отырып, Ата Заңның үстемдігін арттыру бойынша конференциялар, пікір алмасу алаңдарын ұйымдастырып келеді. Мұндай жиындар өзінің оң нәтижесін беруде. Осылайша этнос өкілдері отбасында берілген тәрбие ертеңгі күні еліміздің тұрақты дамуына септігін тигізіп, әр азаматтың заң алдында тең болуына кепіл беретіндігі туралы ойларын, ұсыныстарын білдіріп отырады.

Александр СОЛОДОВНИКОВ,

«Былина» орыс  этномәдени бірлестігінің төрағасы,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз