МАХАМБЕТ МҰРАСЫ ХАҚЫНДА
«Махамбет жырлары — ұлттық поэзияның негізі» тақырыбында сөз қозғаған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева жас ұрпақты тәрбиелеуде Махамбет өлеңдерінің өршіл рухы зор екендігін атап көрсетті.
Алматыдан келген медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, махамбеттанушы Қайыржан Әбисатов Махамбет сүйегінің табылу тарихын баяндап берсе, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев Исатай-Махамбетті Жәңгір ханға қарсы қоя бермей, әр тұлғаның өзіндік орнын айқындау, ақын өлеңдерін әлі де зерделей, зерттей түсу қажеттігін алға тартты.
Алматыдағы Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат Махамбет өлеңдерінің ғылыми-текстологиялық толық жинағын шығару керектігіне назар аударды. Махамбет мұрасы ғасырға жуық уақыт бойы зерттеліп келе жатса да, оның шегіне жеткен ешкім жоқ. Ақын өлеңдері халық рухын көтеруде мәңгі өлмес мұра болып қала бермек. Махамбет батыр немесе ақын ғана емес, білімпаздығымен, мұсылманшылдығымен де ерекшеленген ұлы тұлға деуге болады.
Батысқазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің 1836-1838 жылдармен шектелмейтінін баса айтты. Қарауыл қожаға қарсылық ретінде Жәңгір ханға арыз-шағым жазумен 1833 жылы бейбіт басталған көтеріліс 1838 жылы Ақбұлақ шайқасымен аяқталды. Сонымен қатар Жәңгір ханның прогресшіл жақтарын айтумен қатар қарапайым халықты жерден қысқандығын, алым-салықты көбейткендігін, осының ақыры көтеріліске әкеліп соққандығын ұмытуға болмайды. Тарихи шындықты жасыру мүмкін емес. Исатай-Махамбет, Жәңгір хан тұлғаларына осы тұрғыдан келіп, олардың орнын дәл бағалау керек.
Өз тілшіміз.