«Қайырымдылық жасау бізге ұнайды»

img 20220315 wa0035 Жаңалықтар

Жалпы волонтерліктің 15 түрі бар. Бірақ, мектеп оқушылары олардың барлығымен бірдей айналыса алмайды. Соның ішінде 5-6 түрі ғана қолайлы.

Соңғы уақытта əлеуметтік желі арқылы бəріміз куə болған атыраулық қос қарияның үйіне жөндеу жүргізіп, жайлы баспана сыйлаған еріктілерге ел сүйсінді. Олардың қатарында əріптестерімізідің де болғаны қуанарлық. Сондай-ақ, баспананы тазалау, қарияларға жəрдемде су жұмыстарына «Мейірім» клубының жастары да белсенді араласқанын айта кетелік.

«Оқушыларымыз жан-жақты. Мəселен, олар «Зейін Атырау» ерекше балаларға арналған орталықта аптасына 1 рет тьютер болып, арт терапия, бейнелеу сабақтарын оқытады» деді клуб жетекшісі зор мақтанышпен.

Расында да аса мұқияттылық пен мейірімді жүректі қажет ететін жұмысқа оқушылардың тайсалмастан бағыт алып, қол ұшын созуға ұмтылғаны жақсылық емей немене! Клуб мүшелері жəрдемдескен жағдай бұл ғана емес. Бастан өткізген оқиғаларын қызыға баяндаған жас еріктілер Авангард ықшамауданында тұратын көп балалы, жалғызбасты ананың үйі өртеніп кеткен кезде қолқабыс қылып, өртке шалдыққан мүліктерді, үйді тазалауға жəрдемдескендерін жарыса жеткізді. Сонымен қатар, мектепішілік «Шын жүректен» жəрмеңкесін өткізіп, өздері пісірген түрлі тəттілерді сатудан түскен ақшаны Ақтолқын есімді науқас баланың Ташкентте емделу сапарына аударғандарын, ал екінші шарадағы табыстарын мектептегі əлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына бергендерін де айтты.

«Бұл – біздің ерікті таңдауымыз. Қайырымдылық жасау бізге ұнайды».

Осылай деген жалынды жастардың сөзіне шын тəнті болдық. Атыраудағы белсенді волонтерлермен тоқсан сайын кездесетіндері де біліктіліктерін молайтуға себепші.

«Мəселен, адам іздеу, жалпы іздестіру жұмыстары туралы «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігінің басшысы Əсия Құлжановамен өткен басқосу қызықты да пайдалы болды. Бұған қоса, əлеуметтік волонтерліктің дамуына зор үлес қосып жүрген «Атырау–Рауан» қоғамдық қорының жетекшісі Əсет Өтеғалиевпен өткен жиын да біз үшін үлкен сабақ болды» дейді клуб мүшелері.

«Мейірімнің» алдағы мақсаты да айқын. Сəуір, мамыр айларында мектеп ауласына ағаш отырғызып, жасыл-желекпен көмкеру жоспарларында. Оған қоса, тəжірибелік сабақтар негізінде төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл, алғашқы дəрігерлік көмек көрсетуді меңгерген оқушылардың өзге де жоспарлары жетерлік.

«Биыл «Үздік еріктілер клубы» қалалық сайысына қатысып, бірінші орын жеңіп алдық. Бұдан кейін облыстық байқауға қатысып, 3 орын алдық» деген клуб жетекшісінен белсенді балалар туралы да сұрадық.

«Оқушыларымның бір-бірінен бөліп алары жоқ. Бəрі де белсенді, жаңашылдыққа жандары құмар. Кез-келген бастаманы қолдауға дайын тұрады. Дамир, Толғанай, Аружан, Ерасыл, Зейнеп, Адия, Исламбек, Санжар, Айару, Əлихан, Зере оқушыларым клуб құрылған алғашқы күннен-ақ бірге жұмыстанып келеді» дейді клуб жетекшісі.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз