Жарнама
Қоғам

МАЙДАНГЕРДЕН ҚАЛҒАН ІЗ

Нарын құмында 1911 жылы дүниеге келген әкем Хайрулла 1933 жылы Сарайшық селосына көшіп, сол жақта оқып, білім алады. Гурьев қаласындағы мұғалімдер курсын бітірген, білімі жоғары, қолынан іс келетін жас маманды әп дегеннен Сарайшық селолық совет әкімі етіп тағайындайды. Кейін 1938 жылдары Чкалов селосы құрылғанда отбасымен сол жерге қоныс аударған әкем Қиыр Шығыстан көшіп келген корей халқымен бірге өмір сүрді. Күштеп қоныс аудару саясатына іліккен корейлердің көпшілігі осы Махамбет ауданына қоныс тепкен еді. Өзенді жағалай көшіп келген корей ұлтының өкілдері жер қазып, дәнді-дақылдар егіп, алқапты суландырып, егіншілікті кәсіп ете бастаған тұста әкем оларға көмек қолын соза білді.

Өзге де жергілікті тұрғындар оларды өгейсінбей, солақай саясаттың құрбаны болған халықтың жатсынбай үйренісіп кетуіне мол мүмкіндік жасады. Алғашқы сәтте баспанасы жоқ корейлерге жер қазып, үй жасап, оларды жергілікті тұрғындармен таныстырып, араластырып, тілдерін түсінуге тырысып бағады. Жергілікті халықтың сауатын ашып, корейлерге орыс тілін үйрету мақсатында сол кезде ауылдан мектеп те ашылыпты. Сол мектептің алғашқы директоры болып әкем қызмет атқарды.

Ауылда корейлерге қарағанда қазақтар санаулы болатын. 1943 жылы колхоздың бір бөлігі Павловский, ал, екінші бөлігі Авангард деп аталды. Осы тұста колхозды Ян Бон Чук деген корей ұлтының өкілі ұйымшылдықпен басқарып, соғыс даласындағы жауынгерлерге өздері өсірген күріш, астық секілді азық-түліктер мен жылы киім-кешектер жіберіп отырған. Осындай ауыр кезеңде бір үйдің баласындай болған қазақ, корей ұлттарының достығы халықты қиын кезеңнен алып шықты. Сондай ауыр уақытқа қарамастан ұжымшардың дамуы тұралап қалмады. Ауылдың жасы да, кәрісі де күні-түні еңбек етіп, ертеңгі күнге зор сеніммен қарады.

Соғыс басталған жылдары әкем де өзге ауылдас азаматтар секілді қан майданға аттанып, қолындағы қаламын қаруға айырбастайды. 1942 жылы Смоленск қаласын азат ету шайқасында басынан жарақат алып, госпитальде ұзақ емделеді. Өзге де майдан операцияларына қатысқан әкем әр жылдары бірінші, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды.

Соғыс аяқталған соң, аман-есен туған елге оралған ол Чкалов орта мектебінде тарих пәнінен орыс сыныптарында дәріс берді. Орал қаласындағы педагогикалық институтқа түсіп, білімін жалғастырды. Ұлағатты ұстаз, елге сыйлы аға болған әкем жақын-жуықтары мен мұқтаж адамдарды қамқорлаудан еш жалыққан емес. 1948 жылдары ауылды су тасқыны басқан кезде де тірліктің басы-қасында да жүрді. Соғыс даласы мен бейбіт өмірдегі еңбегі ескерусіз қалмай, 1971 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Анамыз Динаш екеуі он екі перзент сүйді. Оның төртеуі жастай қайтыс болған. Зейнеткерлік жасына жеткенше совхозда сауыншы болып еңбек еткен анам төрт ұлы мен төрт қызынан 34 немере, төрт шөбере көріп дүние салды. Өзім де әкемнің жолын қуып, ұстаз болып, балаларға орыс тілі пәнінен сабақ бердім. Әкемнен тараған ер балалар бүгінде ауылда, ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүр.

Ал, әкемнің өзі Хайрулла Тұқпашев соғыстағы алған жарақаты сыр беріп, ауыр науқастан 1979 жылы 68 жасында өмірден өтті. Бүгінде әкемнің білім берген шәкірттері әр салада жауапты қызмет атқарып жүр. Осы өңірдің ащы-тұщысын көрген Чкалов селосына (бүгінгі Бейбарыс) алғашқылардың бірі болып көшіп келген қазақ Хайрулла Тұқпашевтың есімімен мектепті немесе көшені атаған жөн болар деп ойлаймын. Себебі, азаматтың елге сіңірген еңбегі ешуақытта елеусіз қалмауы қажет. Соғыс жылдарында жауынгер, бейбіт өмірде ұстаз болып, ұрпақ тәрбиелеген әкемнің еңбегі нендей құрметке де лайық.

Мәрия ТҰҚПАШЕВА,

зейнеткер,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button