«Түсімде де іс тігіп жүремін…»

Салтанат Қоғам

Әңгімеміз осылай басталды. Алдымда отырған қаршадай қызкөптің көңілінен шыға білген дизайнер, алтын қолды тігінші. Сұлулыққа құмарту, кесте тігіп, көйлек пішу әйелге тән тірліктің бірі болғанымен, екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де шындық. Ал, жас дизайнер Салтанат Мақсотовасүйікті ісін кәсібіне айналдырып, қазіргі таңда соның жемісін  көріп отырған кәсіпкер.

Салтанат

Ол мектепте қатардағы оқушылардың бірі болды. Сабағына байланысты сөз естіп көрмеген үлгілі оқушы үнемі киім киісіне қатысты айтылған сынға ілігетін. «Партада отырғанда сабақта екенімді ұмытып кетіп, бәрін ысыра салып, қыздың силуэтін, көйлек киіп тұрған мүсінді салатынмын» дейді ол. Анасы қызының бойындағы талабын байқап, Кіші өнер академиясына оқуға алып келеді. Сол кезден бастап бұл істің жанына жақын, көңілінің қалауы екенін байқаған оқушы Салтанаттың өмірі өзгеріп сала берді.

«Қосымша жұмыс жасау үшін қаладағы бренд киім дүкендерінің біріне сатушы болып, жұмысқа орналастым. Бұл жерде де біліктілігімді арттырып, айналамен қарым-қатынас, киім таңдау, фасон секілді мәселелер туралы білімімді арттыра түстім. Әр келген адамның образына сай киім таңдау, түстер сәйкестігіне қатысты пікір айтатынмын. Қызығы сол, алдымда тұрған сатып алушы менің айтуым бойынша таңдалған киімді бағасына қарамастан сатып алып кететін.

Бірде дүкенге бас сұққан ауқатты сатып алушының бірі менің үстімдегі киіміме назар аударды да, «мынандай киімді қайда сатады?» деді. Өзім тіккенімді айтып едім, ол маған «тапсырыс берем» деді. Басында қорықтым. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтіп, өнімім клиентімнің көңілінен шықты. Осылайша, бұл ісімнен табыс табуға болады екен-ау деген ойға келдім де, тігін машинасын сатып алу туралы шешім қабылдадым. Маған лайықты-ау деген түрін таңдадым, 35 мың теңге тұрады екен. Жалақым бұдан аз. Сөйтіп, екі-үш айда жинап, сатып алдым. Ең алғаш рет белдемше тіктім де, әлеуметтік желіде жарияладым. Бәрі бағасын сұрап жатқан соң, шартты түрде бір сома айта салдым. Тапсырыс берушілер көбейіп кетіп, бірнеше данасын тіккенім есімде. Сол сәтте, табыс табу туралы ойым да болған жоқ, кейін есеп-қисаптың сырына қаныққан кезде, сол белдемшеден есептеп қарасам, 880 теңге ғана пайда көрген екенмін».

Қай істі де бастау қиын екені сөзсіз. Алайда, армандарының ақиқатқа айналарына нық сенімді болған Салтанат еш қорықпастан, бұл істі әп-сәтте-ақ дөңгелентіп әкетті. Алғашқыда еш білімі жоқ, өзінің табиғи талантымен ғана іс бастаған тігінші қыз арнаулы курстардан өтіп, өз біліктілігін арттыра түсті. Жанына іс тігуге бейім қыздарды топтастырып, қызметке алған ол қазіргі таңда сүйікті қаласынан өз ательесін ашқан. Тіпті, таяуда Астанадағы ірі сауда орнының бірінен сауда нүктесін ашты. Ендігі меже – Алматы.

«Өз-өзіңе сен! Бәрі орындалады!». Өз талғамымен жасақталған ательенің ең көрнекті жеріне Салтанат осылай деп жазып қойыпты. «Бәлкім, тым патриот шығармын, бірақ, туған қалам – Атырауымның атын асқақтатсам деген арман бала күнімнен санамда қалыптасып қалған. Ең әуелі адам армандай білуі керек. Содан соң, өз-өзіне сенімді болуы шарт. Сол кезде ғана ісің алға басады. Тағы бір ең маңызды мәселе – ата-анаңның көзқарасы. Алғашқы кезден бастап олар мені қолдап отырды. Өз ательемді ашқанша адамдарды үйде қабылдадым, түннің бір уағына дейін абыр-сабыр болып жатса да олар «бұл ісіңді таста», «мынауың не?» деп бір рет те айтып көрген емес. Керісінше, қолпаштап отырды. Қазір анам, әпкем мен сіңлім тұрақты клиенттеріме айналған» дейді ол.

Салтанатпен әңгімемізді  ательеге  бас сұққан  бойжеткен бөліп  жіберді.  Доссордан арнайы келген Ақерке тапсырыс беріп кеткен екен, дайын өнімді алуға келіпті. «Диплом алу қуанышында  барлық  қыздың  өзгелерден ерекше болуға құмартатыны анық. Менің таңдауым – Салтанат. Әлеуметтік желі арқылы көйлектерімен бұрыннан таныспын. Сондықтан, осындай маңызды күні  киетін сәнді көйлегімді оған тапсырдым» дейді ол.

Жасы жиырмадан енді асқан Салтанаттың арманы – асқақ. Өз ісіне деген құштарлықты, кәсібіне деген адалдықтың нағыз үлгісін көрсетіп отырған ол – қатар құрбылары үшін қашан да үлгі. «Жеткен жетістіктеріме бола масаттанбаймын. Әлі жүзеге асырар жоспарларым көп» дейді ол жәй ғана жымиып.

Иә, армандар орындалады!

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз