МАЙДАНГЕР ЖОЛЫ
Ол сонау 1912 жылы Жылыой топырағында, кедей шаруаның шаңырағында дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылған бала Қадырхан ағасы Егізбайдың қолында тәрбиеленіп, байдың малын баққан. Кейін өз бетінше латын әріптерін үйреніп, сауатын ашқан. 1932 жылы ол Ақтөбе қаласында екі жылдық құрылыс техникумын бітіріп, осы облыстың Мартук ауданының бір кеңшарында тас қалаушы болып жұмыс жасайды. Ақтөбедегі совет-партия мектебін бітіріп, облыстың Ырғыз, Қарабұтақ аудандарында комсомол, ағарту және мәдениет саласының жауапты жұмыстарында болады. Бұдан кейінгі жылдары ол Ақтөбе қаласындағы облыстық драма театрында әртіс болып та қызмет істейді. Ал, 1938-1939 жылдары Алматы қаласындағы Қазақстан Орталық партия комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде оқиды. Оны бітіргеннен кейін, 1941 жылға дейін республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі болады.
Қ.Әйтешев 1941 жылдың басынан бастап Талдықорған облысының Қытаймен шекаралас жатқан Ақсу ауданында совхоз театрының директоры болып қызмет істейді. Сол жылдың қазан айында оны әскер қатарына шақырады. Осылайша Қадекең 1941 жылдың қазан айынан 1946 жылдың наурыз айына дейін әскер қатарында болады. Соғыста жүріп қатардағы солдаттан офицерлік шенге дейін жоғарылап, әуелі ротада, содан соң, эшелонда саяси тәрбиеші болып қызмет атқарады. Соғыста ол Сталинград және Белград-Курск майдандарында болады. Қазақ жауынгері 1943 жылдың маусымында Белград қаласының түбінде болған сұрапыл соғыс кезінде төрт рет ауыр жараланады…
Қадырхан аға соғыста көрсеткен ерліктері үшін бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен, басқа да белгілермен марапатталады. 1946-1948 жылдары Алматы қаласындағы екі жылдық заң мектебінде оқып, оны бітіргеннен кейін учаскелік, кейін қалалық соттарда, Махамбет ауданында судья болып, барлығы 26 жылдан астам уақыт қызмет атқарады. Қызмет істей жүріп, Алматыдағы Заң институтында сырттай оқып, жоғары білім алады. Қадекең 1974 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де еңбек етуден қол үзбейді. Облыстық адвокаттар коллегиясында президиум мүшесі және Балықшы ауданында заң кеңесшісі болып жұмыс жасаған. Яғни, заң жүйесінде табан аудармастан қырық жылға жуық еңбек еткен. Тәжірибелі маманның осы еңбегі еленіп, 1957 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталса, 1971 жылы «Қазақ ССР-на еңбек сіңірген заңгер» деген құрметті атаққа ие болады.
Жаңылсын ӘЛПИЯРОВА,
Атырау қалалық мұрағат басшысы.