Өзгеруді өзіңнен баста!

zgerudi zi nen basta Қоғам

Науқаншылдыққа жол бермеу және популистік акцияларға әуестенбеу.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы ең негізгі критерий осы болып отыр. Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков барлық тиісті құрылымдарға осындай тапсырма берді. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға бизнес секторды, демеушілерді максималды түрде жұмылдыру тапсырылды. Өткен жылдың нәтижелері қорытындыланып, алдағы жоспар бекітілген жиында қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Атырау облысында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың баяндамасы жоғары бағаланды.

Бейне-селектор режимінде өткен жиыннан кейін «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының Атырау облысында іске асырылуы туралы өңірлік комиссияның отырысы болды.

Өзгеруді өзіңнен баста

 

Нұрлан  НОҒАЕВ, Атырау  облысының  әкімі:

Міндет – нәтиже мен сапаға жұмыс істеу

Басты мақсатымыз – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда нәтиже мен сапаға жұмыс істеу. Атырау облысында бағдарламаны жүйелі іске асыру мақсатында өңірлік комиссия құрылып, облыстың жұмыс жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, Сарапшылар кеңесі және әрбір бағыт бойынша жұмысшы топтары, өңірлік жобалық кеңсе жұмыс жасауда. Жобалық кеңсе Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде орналасқан, қажетті материалдық базамен, кадрлармен қамтамасыз етілген.

Өткен жылы облыста 12,9 миллиард теңге бөлініп, бағдарлама аясында 118 жоба жүзеге асырылды. Мыңға жуық іс-шаралар ұйымдастырылып, аудитория 430 мыңнан астам адамды қамтыды. Басты жаңалық ретінде, «Туған жерге тағзым» жобасы аясында облыстың аудандарында ұйымдастырылған «Жерлестер» форумын атауға болады. Нәтижесінде сыйымдылығы 1200 балаға шақталған алты бөбекжай және 2500 адамды қамтитын сегіз спорт кешені мен алаңдар пайдалануға берілді.

«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Атырау облысында «Асар» үш жақты әріптестік республикалық форумы өтіп, өңірдегі қоғамдық сектордың дамуына үлкен серпіліс берді. Қазіргі таңда Атырау мұнай және газ университетінде Балғымбаев ғылыми орталығының құрылысы басталуда.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында өңірімізге ел зиялылары шақырылып, әртүрлі алаңдарда түрлі форматтардағы шығармашылық жобалар жүзеге асты. Мәселен, Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрлан Оразалин, Ғафиз Есімов, Алтынбек Қоразбаев, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова, Айгүл Үлкенбаева, Болат Қохаманов, Татьяна Бурмистрова сынды әдебиет, өнер тұлғаларының шығармашылық кештері мен концерттері өткізілді.

Елімізде алғаш рет Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарбағатай ән мектептерін бір арнаға тоғыстырған «Ән дария дүлдүлдері» І республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі, «Қайта жаңғырған Қазақстан» атты халықаралық ақындар айтысы, «Жайық нұры» атты республикалық академиялық әншілер конкурсы, Д.Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» республикалық қыз-келіншектер байқауы өтті. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында өлке тарихының жаңа парақтарын ашу үшін «Ибн Батутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілсе, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Ақмешіт – Бекет ата» экспедициясы ұйымдастырылды.

Тағы бір жаңалық, рухани жаңғыру бағдарламасы жас буынды да қамтуда. Мәселен, Атырау өлкесі туралы білімді жетілдіру мақсатында 5-7 сыныптарға арналған Атырау өңірінің «Өлкетану» оқулығы дайындалып, алдағы оқу жылынан бастап оқу бағдарламасына енгізіледі.

Еліміздің тарихи құжаттарын іздестіріп, жинақтау мақсатында облыстың мамандары Ресейдің Мәскеу, Астрахан, Орынбор қалаларының және Ресей Федерациясына қарасты Татарстан, Башқұртстан республикаларының мемлекеттік архивтеріне ғылыми іссапарға жіберілді. Нәтижесінде «Каспий маңы қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы фотоқұжаттарда» атты кітап-альбом жарыққа шықты. Мұндағы ерекшелік сол – аталған альбомда бұрын-соңды жарияланбай, белгісіз болып келген эксклюзивті дүниелер жарыққа шықты. Бұдан бөлек, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасына  облыстан жеті нысан енгізілді. Және бағдарламаға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында республикалық, жергілікті БАҚ-та,  әлеуметтік желілерде  үш мыңнан астам материалдар жарияланды. Облыстық телеарнада он арнайы телебағдарлама, облыстық газеттерде түрлі айдарлар ашылды. Сондай-ақ, «Туған жер» этномәдени керуені ұйымдастырылды.

Қойнауы талай тарихи сырды бүккен Миялы қорғандарына, Сарайшық және Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қалашықтарына ғылыми-археологиялық зерделеу жұмыстары жасалды. Күні бүгінде ежелгі Сарайшық қаласын сақтап қалу, өзен жағасын бекіту және зерттеу жұмыстары жүруде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді.  Қалашық орнына этномәдени музей кешенін тұрғызу жоспарланып отыр. Осындай жұмыстар нәтижесінде ішкі туризмнің дамуына кең жол ашылады деп күтілуде.

Ал, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында рухани құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Ұлттық салт-дәстүр» халықаралық фестивалін және ІІ жартыжылдығында аймақаралық байланысты нығайту үшін «Атыраудан Алтайға дейін» этномәдени экспедициясын ұйымдастыру жоспарлануда.

Қайролла  КӨШҚАЛИЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы:  

«Аманат»  фильмі  жылы қабылданды

Деструктивті діни ағымдарды әшкерелейтін бейнеөнімдер жасап шығаруды басқарма ұдайы басты назарда ұстап келеді.

Бұл ретте бірнеше сериядан тұратын «Өмірзая», «Ұл» фильмдерін ерекше атауға болады. Өткен жылы осы бағытта бір қысқаметражды фильм, үш ток-шоу,  он төрт бейнеролик, алты  журналистік зерттеу түсірілді. Соның ішінде, «Соқыр сенім 3: «Атаманның» ақыры» журналистік зерттеуінде террорлық шабуылдарды алғаш ұйымдастырушылардың бірі Дамир Зналиев туралы, оның адасқан жолы мен өкініші баяндалды.

Ұлттық және қоғамдық келісім тақырыбына арналған «Аманат» қысқаметражды фильмі де қоғам тарапынан жылы қабылданды. Шынайы оқиға негізінде түсірілген фильм Мақат ауданындағы қазақ отбасы асырап алған шешен баласының өміріне негізделген. Фильмде баланың естеліктері арқылы қазақ және шешен халқының тарихи, әрі өмірлік байланыстары, өзара сыйластығы мен ризашылығы баяндалады.

Әлимұхаммед  ҚҰТТҰМҰРАТ-ҰЛЫ, Жылыой  ауданының  әкімі:

Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырларға ескерткіш орнатылады

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» бағыты аясында «Жергілікті бастамалар картасы», «Жомарт жүрек» жобалары іске қосылды. Нәтижесінде өткен жылы Құлсары қаласында демеушілік көмекпен 165 орындық «Анашым» балабақшасы және Шоқпартоғай ауылында «Ырыс» спорт кешені салынды. Құлсары қаласы орталығындағы «Нұрсая» саябағы да демеушілік көмекпен тұрғызылды.

Басты жаңалық сол – бағдарламаға Жылыой ауданынан он жоба бекітілді. Оның ішінде, Қара Арна, Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай  ауылдық округтеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендері тапсырылды. «Ақмешіт» тарихи-мәдени орнын жаңғыртып, Құлсары қаласының айналма жолына Жылыой ауданының үш қаһарманы  Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырларға ескерткіш орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Майкөмген, Жем, Қосшағыл округтеріне дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенін, Құлсары қаласына 290 орындық екі балабақша және Майкөмген ауылдық округіне 100 орындық бөбекжай салу көзделуде. Тағы бір бастама – Жылыой өңірі «Жерлестер» форумын жандандырады. Яғни, әр жылдары ауданда туып өскен, бүгінде республикамыздың түпкір-түпкірінде және жақын-алыс шетелдерде абыроймен еңбек етіп жүрген азаматтардың басын қосып, өңірдің мәдени-әлеуметтік шараларына атсалысуын ұйымдастырғалы отырмыз.

*  Өткен жылдың жұмыстары сараланған жиында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев баяндама жасады. Нәтижесінде 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдын-ала мәліметтер бойынша, бағдарлама аясында биыл бюджеттен 6,1 миллиард теңге бөлініп, 175 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, жиын барысында Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының  басшысы Әсия Қыстаубаеваның баяндамасы тыңдалды.  

Серік ШӘПКЕНОВ, Атырау қаласының әкімі:

Ұлттық спорт алаңы ашылады

Қазіргі таңда Атырауда «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Мәдени даму» бағыты бойынша өңіріміздің танымал тұлғаларына ескерткіш орнатуды қолға алып отырмыз.

Жоба бойынша, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, домбырашы Қаршыға Ахмедьяровқа және Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиевке арналған сәулеттік-мүсіндік композицияларды орнату көзделуде. Екі жоба республикалық жобалық реестрге енгізіліп, құжаттар Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі республикалық комиссияның қаралуына ұсынылды. Сонымен қатар, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған кіші сәулеттік нысанды орнату үшін мүсіншілерден ұсыныстар жинақталуда.

Ал, «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» бағыты бойынша екі жоба жүзеге асырылды. Атырау қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Аманжол Қонысбаевтың демеушілігімен Тұлпар ықшамауданында орналасқан  №71, №72 үй және Нұрсая ықшамауданында орналасқан №80, №81 үй алаңдарына жалпы құны 3,6 млн. теңгені құрайтын екі бірдей балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, жергілікті «Атырауинжстрой» ЖШС-нің демеушілігімен Қ.Сәтбаев көшесі, №50 үйдің маңына жалпы құны 49 млн. теңгені құрайтын балалар ойын және спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Демеушілердің қолдауымен қазіргі таңда Жұмыскер, Жаңаталап, Еркінқала және Ақжар ауылдарында 200 орындық типтік модельдегі концерт залымен жабдықталған мәдениет үйлері салынуда. Сонымен қатар, демеушілер есебінен Ретро саябақтан Ұлттық спорт алаңын ашу жоспарланып отыр. Онда ұлттық спорттың жеті түрі – асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, ләңгі тебу, көкпар, күштесу, арқан тарту бойынша ойындар өтетін болады.

Өткен жылдың ІІ жартыжылдығында Атырау қаласында азаматтардың мұқтаж жандарға көрсеткен көмек қаражаттарының көлемі 12 млн. 693 мыңды құрады. Қайырымдылық көмек аясында аз қамтылған және мұқтаж санаттарындағы 4000-ға жуық адамға азық-түлік, киім-кешектен бастап, үй-жайларының жөндеу жұмыстарына дейін көмек көрсетілді.

 Атап айтарлығы:

Қазақстанның зиялы өкілдерін, ғалымдарын насихаттау мақсатында Атырауда «Ағартушылар» көп сериялы тарихи деректі фильмі түсірілді;

Балаларға арналған «Сарайшық» тарихи анимациялық фильмі көрерменге жол тартты.

 Атырауда  іске асатын  жобалар

«100 ұлы тұлға» жобасы. Мақсат – Атырау өлкесінің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың есімдерін жаңғырту. 2018-2022 жылдары жүзеге асырылатын жоба аясында әлеуметтік желілердегі жергілікті контентте өмірбаяндық коллаж және қала аумағында баннерлер ілінеді;

«Атырау балықшылары туралы деректі фильм». 12 млн. теңгеге бағаланып отырған фильм биыл түсіріледі. Мақсат – өлкеміздің балықшылық шаруашылығының және соғыс жылдарындағы балықшылардың ерліктерімен қазіргі күнге дейінгі жетістіктері туралы дәріптеу;

«Жаңғырған 100 күй». Жоба құны – 15 млн.  теңге. 2018-2019 жылдары жүзеге асырылатын жоба аясында ескірген және ұмыт қалған күйлер жаңғыртылып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде анықтамалығы бар 1000 дана аудиотаспа шығарылады;

«Батамен ел көгерер» жобасы.  2018-2019 жылдары жүзеге асырылатын жоба аясында халық арасында сирек кездесетін баталардың 1000 дана жинақ кітапшасы жасалады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз