Жарнама
Қоғам

МАЙДАН МЕН ТЫЛДА ТЕР ТӨККЕН

Ол Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ( қазіргі Сырым) ауданының Көздіқара ауылында шаруаның жанұясында дүниеге келген. Жасынан еңбекпен шыңдалған Қалжан тракторшы, одан совхозда жұмысшы комитетінің төрағасы, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарады. Казталовка аудандық партия комитетінің жолдамасымен Орал қаласындағы жоғары ауылшаруашылық мектебінде оқып, білім алады. Мектепті бітіргеннен кейін Батыс Қазақстан облысының партия комитетінің шешімімен Гурьев округінің Есбол қой совхозы директорының орынбасары, екі жылдан кейін директор міндетін атқарады.1938-1939 жылдары Гурьев қаласында облыстық жергілікті өнеркәсіп бөлімінің бастығы болып тағайындалады.

1939-1942 жылдары Маңғыстау ауданы Жер бөлімінің бастығы, «Каззверрыбтрест» директоры, Баутин балық комбинаты партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істейді.

Қалжан 1943 жылдың басында соғыс комиссариатынан сұранып, майданның алғы шебінде шайқасқа енеді. 271-Горлов атқыштар дивизиясының 545-полкі 1-батальонының 2-ротасында саяси жетекші ретінде жауынгерлер арасында үгіт -насихат жұмыстарын жүргізеді.

«Алғашқы кезде біздің әскерлердің жау шабуылына төтеп бере алмауының бір себебі қару- жарақтың жетімсіздігінен болды. Мәселен, соғыс басталған кезде біздің атқыштар ротасының құрамындағы әрбір жүз жауынгердің ішінде жай қару саналатын винтовканың өзі жетіспеді. Рота бөлімшелерінде үш қол пулеметі, үш станокты пулемет қана болды. Ал, немістер соғысқа шығарда біздің үстімізден ұшақпен бомбалап, артынша артиллериямен соққылап, содан кейін қаптаған танкілерін алға салып, шабуылға шығатын. Бұған біз төтеп бере алмадық. Соғыстың бас кезіндегі жаппай шегінулер осындай жағдайдан болды. Тек Мәскеу түбіне жеткен кезде ғана біздің қару-жарағымыз олармен теңесе бастады. Сол кезде Кеңес жауынгерлері неміс- фашистеріне қарағанда өздерінің әскери рухы олардан жоғары екендігін көрсетті. Жеңістің біздің пайдамызға шешілетіндігіне көзіміз жете түсті» деп жазады өзінің бір естеліктерінде бірінде саяси жетекші қызметін атқарған Қалжан аға.

Ол нағыз соғыстың от- жалынынан өтті, өмір мен өлім ортасында күреске түскен жауынгерлер сапында болып, олардың жеңіс жолындағы жігерін жани білді.«Ауыр шайқастар жүріп жатқан кезде құрамында өзім де болған біздің әскери бөлімшелердің комиссарлары мен ротаның саяси жетекшілерінен зор жауапкершілік талап етілетін-ді. Партия жиналыстарын жауып тұрған оқ астында өткізіп, партия қатарына жаңа жауынгерлер қабылдаған кездеріміз де болды. Осындай сәттің өзі партияға өтушілерді терең тебіреніске түсіріп, олар Отан алдындағы әскери борыштарын барынша адал атқаруға тырысатын. Саяси жетекшілер соғыстың алдыңғы шебіндегі жауынгерлер арасында бірге болып, оларды сан мәрте жауға қарсы қоян-қолтық ұрыстарға көтерді. Міне, осындай шайқастарда менің жолдастарым екінші батальонның комиссары Сербин мен үшінші ротаның саяси жетекшісі Николаев ерлікпен қаза тапты» деп жазады естелігінде майдангер.

Бірде Қалжан Мұхамбетов бастаған батальон жауынгерлері Новонедельное елді мекеніндегі немістердің күшті бекінісіне шабуылға шығады. Шайқас нағыз жан алысып, жан беріскен тозақтың отындай болғаны белгілі. Осы шайқаста батальонның алдыңғы шебіндегі ротаның командирі оққа ұшады. Сол сәтте Қалжан Мұхамбетов командирлік басшылықты өз қолына алып, жауынгерлерді немістердің күшті бекінісіне шабуылға бастап шығады. Олар осы ұрыста дұшпанның көптеген солдаттарын қару-жарағымен қолға түсіреді. Шайқас кезінде Қалжанның оң иығына дәл қадалған оқтан, артынша қасына келіп түскен снаряд жарықшағынан қабырғасынан ауыр жаралы болған ол госпитальға жеткізіледі. Осы жарақаттың зардабынан госпитальда ұзақ емделген оны қайтадан майдандық жорыққа қоспай жарамсыз деп, 1944 жылдың сәуірінде елге қайтарады. Келе салысымен «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін!» деген ұранмен қайнаған еңбекке белсене араласады. Батыс Қазақстан, Гурьев облыстарында, Гурьев қаласында ауыл шарушашылығы, мұнай саласында еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарына дейін Мақат ауданының Доссор кентінде мұнайшы мамандарын дайындайтын комбинатта қызмет атқарды. Яғни, майдангер аға соғыс салған ауыр жарақаттың зардабынан өткен ғасырдың алпысыншы жылдың бел ортасында 62 жасында дүниеден өтті. Майдангердің соғыста және бейбіт еңбек майданында еселі еңбегі «Даңқ» орденімен, «Айбынды ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін, «Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық еңбегі үшін» медальдармен, облыстық, аудандық Құрмет грамоталарымен аталып өтті.

Өмірі өнегеге толы Қалжан аға жеті бала тәрбелеп өсірді. Осы перзенттері әке құрған берекелі шаңырақтың шамын жағып, отын өшірмей, түтінін түтетіп отыр. Бүгінде олардан өрбіген немере, шөбере, жиендер бір рулы елге айналды. Ұрпақтары өмірдің әр саласында әкелері мен аталарының атына сай лайықты қызмет етіп жүр. Олар майдангер есімін әрдайым ардақтап жүреді. Мұндай ерді халықтың да ұмытпайтындығы анық.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button