МӘҢГІЛІК МАҚТАНЫШ

Аяқталғанына 70 жыл толып отырған Ұлы Отан соғысы кім-кімге де оңай тимеді. Әр шаңыраққа қайғы-қасірет әкелген қатыгез уақыт тарих парағында шығыны көп, қанқұйлы соғыс болып жазылып қалды. Сол жылдардың куәгері болған, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Төлеп Салықбаев соғыстың алғашқы сәтінен, Жеңіс күніне дейін майдан даласында болған, етігімен су кешкен ердің бірі еді.

Құрманғазы ауданы Зорматы ауылында 1917 жылдың 5-ші қаңтарында дүниеге келген ол соғыс жылдары Беларусь пен Украинаны, Латвия, Литва, Эстония жерлерін жаудан азат етуге қатысады.Орел-Белгород шайқасында 1943 жылдың 3-ші тамызында Орел жерін азат етіп, кейін бірінші Украина майданында Беларусь Республикасында Брест қаласын қорғауда ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жарақаты жазылған соң, өзі сұранып, майданға аттанады.

«1945 жылдың 16 қаңтарында Варшава қаласын, 18 қаңтарда Сохачев, Скерневице, Лович қалаларын, 29 қаңтарда Шенланке, Лукатц-Крейц, Вольденберг, Дризен қалаларын азат етіп, Рейхстаг түбінде соғысты аяқтап, жеңіске жеттік», – деп айтып отыратын әңгімесінде.

Соғыстағы ерліктері үшін бірнеше медальдармен марапатталған әкем бейбіт заманда ел экономикасын өркендетуге атсалысты. Әкеме жауапты жұмыстар жүктеледі. Қай жерде жұмыс ақсап жатса, аудан басшылары оны сол жерге жіберіп отырған.

Түрлі салада қызмет атқарған ол «Жасталап», «Жамбыл», «Панфилов» колхоздарында партия ұйымының хатшысы болды. «Нұржау», одан кейін «Байда» кеңесінің төрағасы бола жүріп дербес зейнеткерлікке шықты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ.

Бүгінде қадір-қасиетімен еліне қалтқысыз қызмет еткен Төлеп Салықбаев есімімен көше аталады. Бұл – жастарға үлкен сабақ, майдангердің өмірінен үлгі алып, оларды патриотизмге тәрбиелеуге өз септігін тигізеді деп санаймын. Әкеміздің майдан даласында да, кейінгі бейбіт өмірде де тындырған ісі біз үшін мәңгілікке мақтаныш болып қала бермек.

Алтын ТӨЛЕПҚЫЗЫ,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз