Жарнама
Қоғам

МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

 

Бүгіндері сексеннің сеңгіріне көтеріліп, ауылдың қазыналы қарттарының, қадірменді ақсақалдарының қатарына кіріп отырған, осынау ғұмырының саналы бөлшегін атакәсіп-мал шаруашылығына арнап келе жатқан оның өткен өмір жолына үңілсек төмендегіше өрілер еді.
1933 жылдың жайдары жазында, мамыражай маусым айында бұрынғы Гурьев облысы Новобогат ауданы Амангелді ауылының Көкарна елді мекенінде, Елеуов Құсайын есімді азаматтың отбасында дүниеге келген ағамыз Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы ауылдағы В.Куйбышев атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Сол бір кезеңдерде елде қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен еңбекке араласты. 13 жасында «Родина» колхозының сиыр фермасында сиыр бақташысы болып жасайтын анасы Қазизаның жанында жүріп көмекшілік міндетін атқарды.
Арада үш-төрт жыл өткесін облыс орталығындағы ФЗУ-да (қазіргіше айтқанда кәсіптік-техникалық мектеп) алты айлық курста оқып, тас қалаушы мамандығын меңгереді. Сөйтіп, қаладағы №1 құрылыс басқармасында мамандығы бойынша еңбек етеді. Кейіннен төрт жылдай Кеңес армиясы қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. 1957 жылы еңбек жолы басталған «Родина» колхозының №7 фермасында жылқышы, екі жылдан соң «Забурын» кеңшарының №6 фермасында сиыр бақташысы болып еңбек жолын жалғастырды. Ал, 1969 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін табан аудармастан «Забурын» кеңшарының бірінші және үшінші фермаларында еңбек етті. Осында ширек ғасырдай аға шопан болды. Сөйтіп, мал шаруашылығын, соның ішінде қой шаруашылығын өркендетіп, түлікті өз төлі есебінен өсіріп, өнімін молайтуға өзіндік үлесін қосты. Жылдар бойына жинақталған тәжірибесін, бойындағы күш-қайраты мен ерік-жігерін осы саланы табысты да тиімді дамытуға жұмсады.
Тынымсыз еңбек пен маңдай тердің өтеуі қайтып, лайықты бағасын алды. Осылайша, 1984 жылы одақтық деңгейдегі екінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін кеудесіне тақса, 1986 жылы қой шаруашылығын өркендетудегі толайым табыстары үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын медалімен» марапатталып, сыйлық ретінде «Москвич» жеңіл автокөлігін иеленді. Және бір тілге тиек етеріміз, бірнеше бесжылдық бойына өз саласы бойынша озаттар сапынан көрініп, үздік танылған саңлақ малбегі, тәжірибесі толысты, өнегесі келісті Жұмекеңнің еңбек жылнамасындағы жұлдызды сәттердің бірі де бірегейі оның 1988 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануы еді.
1992 жылы зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққан Жұма Құсайынұлы бұдан кейін де қол қусырып қарап қалмады. Уақыт пен нарықтық экономика талабына бейімделіп, жекешелендіру кезеңінде кеңестік шаруашылықтан өзіне тиесілі үлесін еншілеп, 1996 жылы «Жұма» атты шаруа қожалығын құрды. Мұнда да жұмысты өзі ұйымдастырып, балаларына басшылық жасады. Қаржылық тұрғыдан кездескен кейбір қиындықтар мен кедергілерге қарамастан бұнда да қолға алған ісі ілгері басып, жылдан-жылға табысы көбейіп, тасы өрге домалады. Ең бастысы, жекешелендіру желегімен шашырап кеткен шаруашылық қайтадан өзінің арнасына түсіп, атакәсіп қайта түледі. Құлазып, иесіз қалған жайлаудың сәні кіріп, өріс малға толды.
Қайтпас қайрат, мұқалмас жігер, қажырлы да табанды еңбектің арқасында шопанның құтты таяғын қолынан тастамай, ұрпақтарына аманат қылып, атадан қалған кәсіпті лайықты жалғастырып келе жатқан Жұма ағамыздың басқаруындағы қожалық бүгіндері тек Исатай ауданындағы ғана емес, облыстағы, қала берді еліміздегі үлгілі шаруашылық құрылымдарының бірі болып отырғандығы да шындық. Өңір тұрғындарын сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге сүбелі үлестерін қосып отырған қожалықтың бүгінгі бағындырған биігінен гөрі алдағы уақытта алар асуларының аз болмайтындығына сенім мол.
Жұма Құсайынұлы осыдан елу бес жыл бұрын Бақыт Жұмақұлқызымен отау құрып, шаңырақ көтерді. Құдай қосқан қосағымен екеуі дүниеге он перзент әкелді. Ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп, ұрпақтарына білім мен тәлім беріп, ел қатарына қосты. Бүгіндері олардың бәрі де ортаның азаматтары атанған. Жастары егде тартып, қартайған әке мен анаға сүйеу болса, олардан өрбіген немере-жиен, шөберелері ардақты аталары мен әзиз әжелерінің алданышы, көз қуанышы.
Әңгімеміздің кейіпкері болып отырған ағамыздың өзі бүгінде 80-нің сеңгіріне көтерілсе, отанасы Бақыт апамыз да биыл жетпіс бестің жотасына шығып, отасқандарына, яғни жарасымды жұбайлық ғұмыр кешіп, қоғамның іргетасы саналатын өнегелі отбасын құрғандарына да жарты ғасырдан асып, тура 55 жыл толыпты. Осындай мерейлі тойлармен өрнектелген биылғы белестің еншісіндегі айтулы оқиғаның бірі Жұма Құсайынұлына «Исатай ауданының құрметті азаматы» атағының берілуі болатын.
Қашанда қарапайым қалпы мен ұстамдылығынан, айналасындағы адамдарға, елге болсын деген ізгі ниетінен танбаған, адалдығы мен адамдығынан айнымаған Жұмекеңдей азаматтың әлі де ұзақ та мағыналы ғұмыр кешіп, тұғырынан таймауын тіледік.

Дәулетқали АРУЕВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button