МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ
Ағалықтан даналыққа қадам басқан Қадекеңнің өмір жолына үңілсек, ол былайынша өріледі. 1944 жылдың қараша айында құм Нарынның бір пұшпағы саналатын Бегайдар елді мекенінде кіндік қаны тамған ұл осында ес біліп, етек жияды. Сол кездері кеңшар орталығы болған Новобогат селосындағы (қазірде Исатай ауданына қарасты Х.Ерғалиев ауылы) Амангелді (кейіннен Ғ.Мәсәлімовтің есімі берілді) атындағы орта мектепте оқып, онжылдық білім алады. Бірден жоғары оқу орнына түсіп, оқуын әрі қарай жалғастырудың сәті түспеген бозбала ешқайда алаңдамастан еңбекке араласады. Бала кезінен-ақ бойынан темір-терсекке үйірсектігі, техникаға машықтығы байқалған балаң жігіт еңбек жолын ауылдағы шағын машина жөндеу зауытында жөндеуші- слесарлықтан бастайды. Көп кешікпей осындағы тракторшылар дайындайтын кешкі курсты бітіріп, аудандық әскери комиссариат жанынан ұйымдастырылған оқу тобында автокөлік жүргізушіcі мамандығын меңгереді.
Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ересектермен бірге еңбектің дәмін татып, бірнеше кәсіптің қыры мен сырына қанығады. Бірер жылдан соң Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының табалдырығын аттайды. Осында бес жыл бойы дәріс алып, орман шаруашылығының инженері дипломын алып шығады.
Қадіржанның меңгергені ол кездері елде қат, некен-саяқ кездесетін мамандықтардың бірі-тін. Сол себепті де былайғы жұрт оған қызыға да, қызғана да қарайтын. Бір өкініштісі, осы институт қабырғасында өткерген жылдары оның өміріндегі ең бір қиын кезең болғаны да шындық. Бірінші курсты бітірер-бітірмесінде, елу жасқа енді ғана толған шағында анасы Мәдина көз жұмса, арада жыл өтпестен жасы 28-ге қараған үлкен ағасы Сағын жол апатынан қаза тапты. Оның үстіне, өзіне тете Манап ағасы да сол уақытта әскер қатарында азаматтық борышын атқарып жүрген-ді. Ауылда қалған әкесі мен соңынан ерген үш қарындасының қамын күйттеп оқуымды қойып, елге қайтсам ба екен деп те ойлаған-ды сонда. Әйтсе де, ұлының болашағына алаңдап, қандай қиындыққа да мойымай, шүкір етіп, белді бекем буып, алғы күнге сеніммен қарауға жігерлендірген әкесінің сөзі есті ұлдың алған бетінен қайтып, ілгері ұмтылуына себепші болғаны анық. Амал нешік, көп ұзамай сол бір аяулы да ардақты әке де 58-інде дүниеден озды. Кейіннен, үлгі-өнегесімен, ғибратты ғұмырымен елінің есінде қалған Сәулеш Әдияұлының елі үшін еткен еңбегі ескеріліп, есімі ауылдағы көшелердің біріне берілді.
Жастайынан тағдырдың қатал сындарынан шыңдалып жетілген Қадіржан да өмірде өзінің тегіне тартып туған ұл екендігін көрсетті. Оны нақты ісімен дәлелдеді. Тапсырылған қандай жұмысты да, жүктелген міндетті де тиянақты атқарып, әр кез сенім үдесінен көріне білді. Қандай істі де жатсынбайтындығы, ыждағаттылығы, жоғары жауапкершілігі оны абырой асқарына шығарып, бедел биігіне көтерді.
Жоғары білімді жас маман әуелі облыстық орман шаруашылығы және орман қорғау басқармасына аға инженер болып қызметке орналасады. Мамандығы бойынша жұмыс жасап, азды-көпті тәжірибе де жинақтап үлгерген еңбекқор да елгезек, қай жұмысты да орындаудан бас тартпайтын жігіттің талпынысын тұлпардайын шабысынан таныған алдындағы ағалары оған үлкен үміт артып, сеніммен қарайды.
Осылайша, екі-үш жылды артта қалдырған Қадекең ел басқару ісіне де араласа бастайды. Балықшы аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы. Форт-Шевченко қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, осында қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. Гурьев облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы. Осындай баспалдақтардан өтіп, партиялық қызметте шыңдалған Қадіржан Әдиұлы бұдан соң өзінің осы саладағы қызмет сатыларының бастауына айналған Балықшы ауданында халықтық бақылау комитетіне басшылық жасайды.
1985-1999 жылдар аралығында жастайынан жүрек қалауымен таңдаған мамандығымен қауышып, тағы да он бес жылын осы салада өткізеді. Тарқатып айтсақ, облыстық орман шаруашылығы және орман қорғау басқармасының бастығы, табиғат қорғау комитетінің бөлім басшысы, орман шаруашылығы өндірістік мекемесінің бас директоры, бас инженері, бас орманшысы сияқты жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Төрт жылдай «Ембімұнайгеофизика» акционерлік қоғамында инженер болып та істеді. Кейінгі және бір төрт жылын облыстық ауыл шаруашылығы, табиғат қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану департаменттерінде орман шаруашылығы жөніндегі бас маман қызметіне арнады. 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткер атанған соң да ағамыз облыстық әуесқой аңшылар мен балықшылар қоғамын басқарды.
Тізбелеп айта салуға оңай көрінетін, қысқаша қайыра да салуға болатын еңбек, өмір жолында Қадекеңнің кездескен, бетпе-бет келген қиындықтары аз ұшыраспағаны ақиқат. Солардың бәрін де ол қайыспас қара нардай боп көтерді. Сағы сынбады, тағдырдың сыны азаматты қайрады, шыңдады. Алғаш отасқан жары Рысты апамыз 42 жасында бақилыққа аттанса, одан кейін қосылған Ұлболсыны да 45-ке қараған шағында автокөлік апатынан опат болды. Сөйтіп жүргенінде, қазіргі күні шайқалған шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп, балаларына туған аналарындай қамқорлық танытып, өзіне өмірлік серік болуға жараған Күләшін жолықтырды.
«Ер – туған жеріне» демекші, қатарда жүріп, қызмет қылғанында да, зейнеткерлікке қалғанында да Қадекеңді туған жердің түлегі ретінде ойландырғаны оның табиғаты мен соны саялаған адамдары-тұғын. Әсіресе, аймақтың орман шаруашылығына басшылық жасаған жылдарында ол жоспарлы жұмыстардың орындалысына ғана көңіл бөліп қоймай, қордаланған өзекті мәселелердің де шешімін табуына атсалысты. Облыстың барлық аудандарында, соның ішінде құм өңірінде орналасқан жерлерде оның көшкінін тоқтатып, елді мекендерді топырақ басып қалу қаупінен қорғауда бұта тұқымдас сексеуіл ағашын отырғызу, одан өзге табиғи орманды алқаптарды сол қалпында сақтап қалу бағытында жүйелі жүмыстардың жүзеге асуына себепкер болғанын айтқанымыз ләзім.
Елдің игілігіне сіңірілген еңбектің елеусіз қалмасы да кәміл. Мұндай мақтау, марапаттан ағамыздың да кенде қалмағандығы анық. Мезгілінде, Балықшы аудандық, Форт-Шевченко қалалық кеңестерінің депутаттығына, партия комитеттерінің мүшелігіне сайланған. ҚР Орман шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демей ме дана халқымыз. Бұл күндері Қадіржан Сәулешұлы да өзінен өрбіген перзенттерінің өскенін көріп, қызығына кенелген қарттардың қатарынан орын алған. Алла тағала алдағы ғұмырыңызды ұзақ та мағыналы, бейнетсіз қылғай. Деніңіз сау да қуатты, ертеңгі күндеріңіз шуақты болғай, жаны жайсаң жақсы аға, дейміз біз де оған.
Дәулетқали АРУЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.