БАСТЫ МҰРАТЫМЫЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы – еліміздің Тәуелсіздік жолында мәңгілік ел болуға бағытталған басты бағдары. Елбасы бұл орайда Қазақстан халқына зор міндеттер жүктейді. Оны әр азамат мұқият орындай отырып, мәні мен маңызын өскелең ұрпаққа терең түсіндіруі қашан да керек. Осы орайда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек БЕКЕЖАНМЕН сұхбаттасқан едік.

– Өмірбек Қадырханұлы, осыдан жиырма екі жыл бұрын мәңгілік ел болуға қадам жасадық. Ең алдымен, осы ұғымның пәлсапалық-саяси түп негізі туралы айтып өтсеңіз?..

– Елімізде соңғы кезде саяси, мәдени лексиконға еніп, ғалымдар мен саясаттанушылардың пікірталасын тудырып жүрген терминнің бірі осы – «Мәңгілік ел» сөзі. Осындай атпен Астанада үлкен символикалық арка жасалды, журнал шығуда, зерттеулер жасалуда. Бұл сөздің айналысқа енуі, жоғарыда айтылған іс-шаралар тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі қауымында мәдени, әдеби зерттеулерге ұласа бастады. Зерттеулер көрсеткендей, аталған ұғым бүкіл түркі халқының ортақ түсінігі болып шықты. Сөйтіп, біз сонау түркілердің асыл арманын ұранға айналдырып отырған елге айналдық. Себебі, біздің Еуразия кеңістігіндегі географиялық және тарихи орнымыз жағынан да осы идеяны ұсынуға  тарихи-мәдени құқығымыз бар деуге болады.

Қазір еліміздегі және туыстас түркі елдеріндегі зерттеулерге сүйенсек, «Мәңгі ел» идеясы кезінде түркі мемлекетінің идеологиясы болған. Атақты ғалым Л.Н. Гумилев «Каспий айналасындағы мың жыл» кітабында түркілер өздерінің ұлы мемлекетін «Вечный эль» деп атағанын жазады. Орхон жазуындағы «беңгу ел» сөзін қазақ ғалымдары М.Жолдасбеков, А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлы «Мәңгі ел» деп аударып келген. Соңғы кезде «моңғол» сөзі де ұлттың атауы емес, «мәңгілік елді білдіретін идеологема» деген пікір айтылып жүргені белгілі. Осы ұғымның аясында Алаш ардагерлері армандаған ұлттық мақсат пен мүдде іске асып және алдағы тарихи уақыттағы ұлттық ұстанымдарымыз айқындалған дей аламыз. Осының бәрін қорыта қарайтын болсақ, Қазақстан тек қазақ халқы ғана емес, жалпы түркі өркениеті мен түркілердің ортақ идеясының квинтэссенциясын жүзеге асыратын елге айналып отыр деуге болады. Негізгі мақсат –  Еуразия төсіндегі қазақ мемлекетінің әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте өзіндік орны мен маңызы бар тәуелсіз елдігін өркендету. 

 – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік жағдайымыз қиын болғанымен,  кейін ел халқының тұрмыс деңгейі артты. Осы орайда мәңгілік ел болудағы басты жоспарымыз бүгінгі күні қаншалықты орындалуда?

– Әрине, «Мәңгілік ел» идеясы іске асуы үшін құқықтық, саяси-әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа алғышарттар іске асуы қажет. Осы орайда Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан «Мәңгілік ел болу жоспарының алғышарттары қандай және болашақта қай бағытта жүру керек?» деген сұрақтарға жауап табуға болады. Бірақ, осы құжатта көрсетілгендей, тарихи уақыт жеделдеу үстінде, әлемде тұрақсыздық пен дағдарыс қаупінің әлі де бары байқалады. Сондықтан, қол жеткен жетістік өз алдына, қазіргі уақытта алдағы алатын асулар мәселесі, осы жетістіктерді сақтау және ұлғайтуға қатысты сұрақтар маңыздырақ. Менің ойымша, бұл бір күннің немесе әлдебір тарихи кезеңнің шаруасы емес.

Стратегия – ұлттық идея, ол біздің қозғаушы күшіміз болуы керек, бірақ, ол бір жылда емес, барлық кезеңде ел азаматтарын өркениетке ұмтылуға бағыттайтын құрал болып қалуы тиіс. Мысалы, Лев Гумилев өзінің пассионарлық концепциясы негізінде түрік этносы инерциялық фазасында «осы идеяны ұстанды» дей отырып, бұл кезеңде ол «құр армандамайды, ойлап-пішілген жоспарларын іске асырады» деген уәж айтады. Демек, біз үшін де ең бастысы, қазіргі  прагматикалық заманның талаптарына сай нақты және шынайы жоспарларды жүзеге асыру басты мақсатымыз болып қала береді.

 – Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің жетінші қазынасы деп санаған Қазақ елінің жаһандық жауапкершілігі туралы пікіріңіз қандай?

 – Шамасы, әлемдік қауымдастық пен жеке адам  алдында жауапкершілік жүгін арқалай білген ел ғана даму жолында жетістіктерге жетері сөзсіз. Мәңгілік ел болудың басты бір шарты–өзіңнің қуатыңды, әлеуетіңді арттыра отырып, басқа елдермен тығыз қарым-қатынаста болу. Өркениеттік өресі биік ел ғана өзін тарих толқынында сақтай алады. Мемлекет басшысы мұны басты құндылығымыздың бірі санап, жаһандық деңгейде жүзеге асып жатқан бастамаларды жалғай беру керектігін баса айтып келеді. Осы орайда біз «G-global»  жаһандық экономикалық бағдарламасын көтергенімізді айта кету керек. Сондай-ақ, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңеске де бастама жасадық. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне бастау болып, оны тұрақты түрде өткізіп келеді. Астана «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесін өткізуге дайындық жүруде. Мұның бәрі Мемлекет басшысы айтқандай, өркениеттер қақтығысына емес, оның өзара түсіністігіне өз үлесімізді қосып жатқанымыздың дәлелі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

 – Өзіңіз айтқандай, мәңгілік ел болу үшін шынайы жоспарларды жүзеге асыру – міндет. Осы тұста заманауи технологияларды терең игерген мамандарды даярлау қажеттілігі туындайды. Бұл ретте жастарға қаншалықты көңіл бөлінуде? Елдігімізді, ұлтымызды, дінімізді сақтау жолында жас ұрпақ қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Мәңгілік ел болудың маңызды шартының бірі, әрине, сол елге болашақта ие болатын, оның мәңгілігін қамтамасыз ететін жастарды тәрбиелеу. Жаһандану үрдістері, ақпараттық-технологиялық өркениет қазіргі жастардың бойында ұлттық, болмаса мемлекеттік құндылықтарға деген бейтарап көзқарасты тудырып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді жастардың  бойында сақтай отырып, заманауи білім мен технологияны игерту арқылы еліміздің ертеңінің беріктігін, биік рухын мирас қыла аламыз. Осы тұста ғылым мен экономиканың қатар дамуы керектігін баса айтқан жөн. Президенттің пайымдауына сүйенсек, расымен де жақын дәуірдегі миллиардтаған адамның тамақтануы турасында шетелдіктердің ауыл шаруашылығын қалай өркендетіп жатқанына назар аудару керек. Ол үшін Мемлекет басшысы болашақ ұрпақтың түбегейлі ғылыммен айналысуы керектігін міндеттеген болатын.

«Бүгінгі жас бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, өз ісінің хас шебері ретінде қалыптасқан маман болуы керек. Біздің мамандарымыз ғаламдық интеграциядан шет қалмауы тиіс. Жаңалықтардан ғана тұратын ғылым мен заманауи технологияға негізделген экономиканы қалыптастыра алған жағдайда ғана біз өз межемізді бағындыра аламыз» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Мұндай межеге ұмтылу оқу орындарындағы, қала берді, балабақшадағы тәрбиеден бастау алатыны сөзсіз. Сондықтан, мәңгілік мемлекет құруда ең бастысы, тәрбие ісі мамандарының рөлі зор болмақ. Бүгінгі аға, орта буын өкілдері жоғарыда айтқандай, келешек жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды дамыта отырып, заманауи ғылымға бет бұруға бағыттаулары қажет.

 – Сұхбатыңызға рахмет!   

Сұхбатты жүргізген  Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз