CАПАЛЫ ЖОЛ – ӨРКЕНИЕТ ӨЗЕГІ

Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» деп аталған үшінші тарауында жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға да айрықша маңыз бен басымдық берілген.

 

Сапалы жолдың қашан да сенімді, қозғалысқа әрі адам өміріне қауіпсіз екендігі сөзсіз. Осы орайда, жоғарыда аталған Ұлт жоспарынан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасының да осы саладағы жұмыстарға тың серпін мен жаңаша бағыт-бағдар бергені анық. Өркениеттің өзі өңірлерден, соның ішінде жолдарды жақсартудан басталатынын ескерсек, бұл бағытта облысымызда да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шаралардың атқарылып, жаңа жобалар қолға алынуда.

2015-2019 жылдар аралығын қамтитын аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ел көлемінде жалпы құны 2,4 трлн.теңгені құрайтын 11 инновациялық жобаны іске асыру межеленген. Нәтижесінде, тұтастай алғандағы ұзындығы жеті мың шақырымды құрайтын автокөлік жолы қайта жаңғыртылады. Жобалар бойынша жоспарланған жұмыстарды орындауға 200 мыңдай адам тартылады. Қазіргі уақытта «Орталық-Батыс» жобасына енген магистральды жолдың «Ақтөбе-Атырау» және «Атырау-Астрахан» учаскелерін күрделі жөндеуден өткізуге халықаралық қаржы институттарынан қарыз алудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2016 жылы басталып, 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. Автомобиль жолдарын жаңғырту барысында жол бойында қауіпсіздіктің қатаң сақталуына айрықша назар аударылады. Соған қарамастан, автотрассаларда бақытсыздық оқиғалары мен келеңсіз жайлардың жиі орын алып жататындығын да жасыра алмаймыз. Сол жағы ескеріліп, соңғы кездері автожолдарды жобалауға қатысты қолданыстағы құрылыстық нормалар мен ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

ҚР Президентінің «Нұрлы жол–болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында:-«Жол, шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар тас жолмен, темір жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Ол облыстардың бір-бірімен сауда-саттық, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен нарықтық қатынастардың, өркендеп өрлеудің жаңа арналарын ашуға мол мүмкіндік туғызады», – делінген жолдар бар. Осының өзі-ақ жолдардың қай мемлекет үшін болмасын, қаншалықты стратегиялық маңызға ие нысан болып табылатынын аңғартады.

Кейінгі мезгілде қолданыстағы жолдарды күтіп ұстап, ағымдағы жөндеумен қатар күрделі жөндеу шараларын жүргізуге, қайта жаңғыртудан өткізуге де көбірек көңіл бөліне бастады. Осылайша, тек соңғы үш жылда облыста жалпы ұзындығы 500 шақырым жол жөнделген. Биылғы жыл аяғына дейін тағы да 120 шақырымдай жол жөндеумен қамтылмақ. Кешенді түрде жүргізілген шаралардың нәтижесінде жергілікті маңыздылықтағы автокөлік жолдарының пайдалануға жарамдылық деңгейін қазіргі 42-ден 47 пайызға көтеру көзделген. Жоғарыда айтылғандай, бүгіндері республикалық маңызы бар магистральдармен қатар қала мен село, аудан мен ауыл арасын, одан қалды елді мекендерге кірме және селоішілік көше жолдары да жөнге келтіріліп, тротуарлар төселе бастады.

Сайып келгенде, мұның бәрі де Елбасының, қала берді аймақ басшылығының өңірлердің инфрақұрылымын, әсіресе, экономиканың күретамыры, шаһар мен ауылдарды байланыстырушы буын, берік тін саналатын жолдарды жақсартуға баса көңіл бөлуінің арқасы деп есептеймін.

Сейтжан МОЛДАШЕВ,

«Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалының директоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз