Мақат ауданында күрделі жөндеуден өткен «Жеңіс» саябағы пайдалануға берілді
Саябақтың ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, аудан әкімі Жұмабай Қарағаев және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар және жөндеуге демеушілік көрсеткен «КТК-К» АҚ өкілдері қатысты.
Саябақ қақпасы алдында сап түзеген олар дәстүрлі лентаны қиып, боздақтарға арналған мемориалды тақта алдына жиналды.
Елі үшін кеудесін оққа тосқан ерлер есімі ешқашан ұрпақ жадынан өшпек емес. Ел басына күн туғанда ауданнан соғысқа 2475 азамат аттанып, 443 жауынгер аман-есен елге оралған екен. Алайда, хабарсыз кеткендер туралы деректер нақтыланбауы себепті, бұрын саябақта 320 боздақтың ғана есімі жазылған тақта болатын. Енді жаңа тақтаға зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықталған 1625 боздақтың есімі ілінді. Саябақтың ашылуына жиналғандар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына бір минут үнсіздікпен тағзым жасады.
Саябақты жаңғырту мақсатында құны 53,8 млн. теңгені құрайтын жоба бойынша мердігер мекеме «Нұрнияз Атырау» ЖШС жұмысты жауапкершілікпен атқарған. Жалпы ауданы 3435,4 шаршы метр жаяу жүргінші жолдарына тастар төселіп, орындықтар, жарық шамдар орнатылды, жазғы сахна салынды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар есімі мәрмәр тастан орнатылған тақтаға қашалып жазылған. Соғыстан оралмаған ата-бабаларының есімдеріне көз жүгірткен ұрпақтары рухтанып, олардың ерліктері ел жадында мәңгі сақталатынына тәубе десті.
Л.НҰРБАЕВА,
Мақат ауданы.