МҰЗ АЙДЫНЫНДАҒЫ ТАРТЫС
Естеріңізге сала кетсек, жергілікті «Бейбарыс» хоккей командасы 2009 жылы құрылып, содан бері ел чемпионатында өнер көрсетіп келеді. Жанкүйерлерді шексіз қуанышқа бөлеген тамаша жеңістер мен «әттеген-ай» дегізген жеңілістер де болды. Осы уақыт аралығында жергілікті команда екі рет чемпиондық тұғырдан көрінсе, екі рет күміс медаль еншілеп үлгерді. Ал, өткен Ел чемпионаты маусымының турнирлік кестесінде жергілікті команда төртінші орынға тұрақтаған болатын.
Осы жолы жаңа маусымды ашу атыраулық «Бейбарыс» пен қарағандылық «Бүркіт» командалары еншісіне бұйырды. Бұл кездесуде «бейбарыстықтар» басым түссе, кейін алматылықтармен ойынның алғашқы күнінде қарсыласқа жол беріп, екінші күні буллит сериясында кеткен есені қайтардық.
Айта кетсек, қазір команданың құрамында үлкен өзгерістер орын алуда. Өткен маусымда аймақ командасы сапында болған қақпашы Олжас Қожанбек, қорғаушылар Георгий Дульнев пен Илья Гуляков, шабуылшылар Қайыржан Әлмұратов, Михаил Качулин, Евгений Дерябин, Денис Козыревтен басқа құрамды тағы 23 жаңа ойыншы толықтырды. Команда жаңадан жасақталды десе де артық айтқандық емес. Бес жыл бойы атыраулық жанкүйерлердің жүрегінен жол тауып үлгерген «Бейбарыс» хоккей командасының бас бапкері Александр Истоминнің айтуынша, жаңа маусымда команда құрамы 85 пайызға өзгеріп отыр. Олардың қатарында, қазақстандық ойыншылармен қатар, Словакия, Финляндия, Украина, Ресей, Латвия, Беларусь, Франция, Англия, Словения елдерінен келген хоккейшілер бар. Осыған орай, жуырда мұз айдынында жаңа команданың таныстырылымы өтті.
Шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов пен «Бейбарыс» хоккей клубының директоры Болат Мұхамбетқалиев жанкүйерлерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, хоккейшілерге жеңістің биік тұғырына көтерілу үшін сәттілік тіледі.
— Маусымның алғашқы кездесулері атыраулық ойыншылар үшін сырт айдында басталды. Алғашқы төрт ойын команда үшін оңайға соққан жоқ. Өйткені, бір-біріне үйрену, техникасын түсіну үшін ойыншыларға уақыт қажет. Дегенмен, олар жарады. Өз-өздерінің сапалы деңгейлерін көрсете білді. Бір өкініштісі, Атыраудың намысын бірнеше жылдардан бері қорғап келген Евгений Дерябин алғашқы матчтардың бірінде ауыр жарақат алып, маусым соңына дейін мұзға шыға алмайды. Осыған орай команданың капитаны жауапкершілігі Александр Победоносцевқа жүктеліп отыр. Енді «үйдегі» ойындар сериясы басталмақ. Үш-төрт айға созылған жазғы үзіліс жанкүйерлерімізді хоккейге «шөлдетіп» тастағанын біз де жақсы түсінеміз.
Негізінен, команда жаңа маусымға дайын. Алайда, бұл спорт екендігін ерекше атап өткім келеді. Ел чемпионы атағына таласатын командалар да аз емес. Бәрінің мақсаты – жоғары шептен көрініп, тек жеңіске жету. Ал, маусым болса, ұзақ уақытқа созылады. Ең бастысы, шыдамдылық, мықтылық және қайрат-жігер қажет. Сондықтан, ел додасында биыл да облыстың намысын сәтті қорғап, көшбасшылар қатарынан көріну, жанкүйерлерге хоккей мерекесін сыйлау үшін бар күш-жігерді жұмсауға дайынбыз, — дейді команданың бас бапкері Александр Истомин бізбен әңгімесінде.
«Атырау» газеті «Бейбарыс» хоккей командасының жаңа маусымдағы Қазақстан Чемпионатының алғашқы кезеңіндегі ойындар кестесі мен команданың ойыншылары, бапкерлер құрамын назарларыңызға ұсынады. Ойындарды қалт жіберіп алмай, сүйікті командамызға жанкүйерлік етуге шақырамыз.
БІРІНШІ КЕЗЕҢ
19 қыркүйек, жұма
«Бейбарыс» — «Торпедо»
20 қыркүйек, сенбі
«Бейбарыс» — «Торпедо»
23 қыркүйек, сейсенбі
«Бейбарыс» — «Ертiс»
24 қыркүйек, сәрсенбі
«Бейбарыс» — «Ертiс»
1 қазан, сәрсенбі
«Бейбарыс» — «Арлан»
2 қазан, бейсенбі
«Бейбарыс» — «Арлан»
8 қазан, сәрсенбі
«Номад» — «Бейбарыс»
9 қазан, бейсенбі
«Номад» — «Бейбарыс»
12 қазан, жексенбі
«Астана» — «Бейбарыс»
13 қазан, дүйсенбі
«Астана» — «Бейбарыс»
16 қазан, бейсенбі
«Арыстан» — «Бейбарыс»
17 қазан, жұма
«Арыстан» — «Бейбарыс»
23 қазан, бейсенбі
«Бейбарыс» — «Астана»
24 қазан, жұма
«Бейбарыс» — «Астана»
28 қазан, сейсенбі
«Бейбарыс» — «Горняк»
29 қазан, сәрсенбі
«Бейбарыс» — «Горняк»
3 қараша, дүйсенбі
«Ертiс» — «Бейбарыс»
4 қараша, сейсенбі
«Ертiс» — «Бейбарыс»
7 қараша, жұма
«Торпедо» — «Бейбарыс»
8 қараша, сенбі
«Торпедо» — «Бейбарыс»
14 қараша, жұма
«Бейбарыс» — «Бүркіт»
15 қараша, сенбі
«Бейбарыс» — «Бүркіт»
19 қараша, сәрсенбі
«Горняк» — «Бейбарыс»
20 қараша, бейсенбі
«Горняк» — «Бейбарыс»
23 қараша, жексенбі
«Арлан» — «Бейбарыс»
24 қараша, дүйсенбі
«Арлан» — «Бейбарыс»
2 желтоқсан, сейсенбі
«Бейбарыс» — «Арыстан»
3 желтоқсан, сәрсенбі
«Бейбарыс» — «Арыстан»
22 желтоқсан,
дүйсенбі
«Бейбарыс» — «Алматы»
23 желтоқсан,
сейсенбі
«Бейбарыс» — «Алматы»
26 желтоқсан, жұма
«Бейбарыс» — «Номад»
27 желтоқсан, сенбі
«Бейбарыс» — «Номад»
«Бейбарысты» алда маңызды ойындар күтіп тұр. Ендеше, сәттілік, «Бейбарыс»! Жеңісті күндер көп болсын демекпіз!
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Ольга КОРОТКОВА,
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.