Жер–Ананы неге сыйламаймыз?

19356 Қоғам

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтетін жиналысқа асығып келемін. Аялдамасынан түсіп, жүргіншілер көпірінен өту үшін баспалдақтармен асыға көтерілдім. Бір кезде қақ алдыма бір нәрсенің жалп ете түспесі бар ма? Қақырық! Дәл алдымнан шыққан екі жап-жас жігіттің бірі екен. Үстіме түкіріп қоймағанына тәубе деп жиынға асықтым.

Gulzada Nietkalieva

Осы бір оқиға үлкен ой салды. Шындығында, үнемі жаяу жүргесін шығар, көретініміз  – асфальт бетіндегі қақырық-түкіріктер.  Бұл көріністің аса жиіркенішті екені баршаға жасырын емес. Көшеде екі адам өтсе, соның біреуі міндетті түрде қақырынып-түкірініп бара жатады. Неге бұлай? Мәдениетіміз төмен бе? Жас балалар да үлкендерден көргенін жасамай ма? Жақсы іске баулудың орнына мәдениетсіздікке, қасиетсіздікке баулитынымыз қалай? Қазақ атамыз Жер-Анаға тағзым етуді ғана өсиет ететін еді ғой. Ал, оның бетіне түкіруді қашаннан бері «игеріп» алғанбыз?

Университет  маңындағы  Атырау қалалық  №1 емхананың жанында такси тұрағы орналасқан. Таксист бауырларымыз жиналып, шылым шегіп, қақырып-түкіріп тұратыны сондай, әлгі жерді аяқпен басқыңыз келмейтіні шындық. Жерге қарай алмайсыз, айнала толған түкірік… Ондай жерлер қалада көп-ақ.

Үйде әр ата-ана  үнемі «Жер-Ананың бетіне түкіріп-қақырма! Ол – біздің анамыз. Қай бала анасының бетіне түкіреді? Әрі-беріден соң оның өзі – мәдениетсіздік, көргенсіздік. Сонымен бірге, әр адамның аузында қанша миллион бактерия, микроб бар. Ауаны ластайды» деп отырса, осындай қылық болар ма еді?

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз