МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ТӨРТІНШІ СПАРТАКИАДАСЫ
Бірден айта кетсек, спорттың 10-нан астам түрінен өткізілген жарыстарға 160-қа тарта спортшы қатысып, бақтарын сынады. Спартакиаданың шымылдығы оған қатысушы командалардың шеруімен ашылды. Алаңда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру», «Өзен-мұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Ембімұнайгаз» АҚ-дарының, «ҚазГерМұнай» БК, жаңаөзендік «Еншілес және тәуелді ұйым», «Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету» ЖШС-нің құрамалары бірінен соң бірі сап түзеді. Үміттерін үкілеп келген мұнайшы-спортшылардың арасында бұған дейін талай байрақты бәсекелерде топ жарып, өз командаларының намысын қорғап жүрген саңлақтар, мамандығының майталмандары танылған ұжым мақтаныштары да болды.
Қаламыздағы «Мұнайшы» спорт кешенінде өткен спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде спорт мерекесіне қатысушыларды Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтады.
— Спорт – бейбітшілік алауы, спорт – достық жалауы, спорт – жасампаздық жаршысы. Бүгіндері міне, «ҚазМұнайГаз» Барлау өндіру» АҚ компаниясы мұнайшылардың дәстүрлі спартакиадасын Қазақ хандығының 550 жылдық тойымен орайластырып, елдік шараға ұйытқы болуда,-деді Шыңғыс Жұмабекұлы. — Осынысымен-ақ, мұнайшылар қауымы бұрынғы өткен ата-бабаларымыз аңсаған, ел бас-қарған хандарымыз бен қол бастаған баһадүр батырларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, қызғыштай қорыған даңғайыр даламыздың баға жетпес қазынасы, жерасты байлығы саналған кендерін игеріп, елдің игілігіне жаратып келе жатқан ағалар дәстүріне адалдығы мен серттеріне беріктігін паш еткендей. Осылайша, еңбек пен спортты егіз ұғым деп түсінетінін нақты істерімен әйгілеп, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын тағы бір мәрте дәлелдегендей. Осыған ұйытқы болған «ҚазМұнайГаз» Барлау өнді-ру» АҚ-ның басшылығына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан зор ризашылығымды білдіремін. Спартакиадаға қатысушы құрамалар мен жекелеген ойыншыларға жоғары нәтиже, сәттілік пен жеңіс тілеймін,-деді ол.
Келесі кезекте мінберге көтерілген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қайырбек Елеусінов те спартакиадашыларға жылы лебізін жолдады:
— Өздеріңізге мәлім, ғасырдан астам ғұмыры бар Қазақ мұнайының тарихы осы өлкеден басталған. Он тоғызыншы ғасырдың соңында, дәлірек айтқанда қазіргі Жылыой ауданының аумағындағы Қарашүңгіл деген жерден алғаш мұнай бұрқағы атқылаған. Ал, 1911 жылы, арада он жылдан астам уақыт өткенде Доссор кенішінен бірінші рет «қара алтын» өндірілсе, төрт жылдан кейін бұл үрдіс Мақат кен алаңында жалғасқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнайдың стратегиялық маңыздылығы артып, одан дайындалған өнімдер майданға жөнелтіліп, халқымыздың Жеңіске жетуіне септесті. Осынау жылдар бойына қалыптасқан еңбек дәстүрін кешегі аға буын өкілдерінің жолын жалғаған ізбасарлары, кейінгі буын ұрпақ өкілдері де абыроймен лайықты жалғастыруда. Міне солар бүгінде бір кездері Асан Ата аманат еткен «Жерұйықты» тауып, елдің игілігіне айналдыруға атсалысып, сүбелі үлестерін қосуда. Қай салада болмасын, соның ішінде спортта да біздің мұнайшыларымыз бәйгенің алдын бермей, көш бастап келе жатқандығы да шындық. Олай болса, биылғы ерекшелеу жағдайда, Қазақ хандығының 550 жылдық тойымен тұспа-тұс өткізіліп отырған спартакиада баршаңызға сәттілік пен табыс әкелсін. Еліміз егемендігін еншілеп, мемлекеттік тәуелсіздігін алып, сан ғасырлар бойғы асыл армандары орындалған аталарымыз бен бабаларымыздың аруағы қолдап, рухы жебесін!
Құттықтаушылар легін жалғаған «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Айболат Габдуллин де жүрекжарды тілегімен бөлісіп, жылы сөзін арнады:
— Бабаларымыз бен даналарымыз мекен етіп, ұрпағына мирасқа қалдырған Ұлы Даламызда Хандықтың жалауын көтеріп, мемлекеттіліктің туын тіккен, Қазақ деген қайсар халықтың басын біріктірген тарихи сәтті ұлықтаған оқиғамен орайласа, қазыналы Атырау жерінде өткізіліп отырған айтулы спорт мерекесіне бәріңіз де қош келдіңіздер. Намысты қолдан бермей, спартакиада бағдарламасындағы спорттың қай түрінен де алдан көрініп, жеңіп шығуларыңызға тілектеспін. Осында баршамыздың басымызды қосып, ауызбірлігіміз бен тату тірлігімізді тағы бір мәрте паш етуге мүмкіндік туғызған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшылығы мен облыс әкімдігіне, біздің бастамамызды қостаған ел ағалары мен азаматтарына ембілік мұнайшылардың атынан алғысымды айтамын!
Бұдан соң орталық стадионға жиналғандардың назарына мерейтой құрметіне арнайы дайындалған «Қазақ хандығы – Тәуелсіз Қазақстан!» театрландырылған көрінісі ұсынылды. Оны тамашалаған көпшілік өткен тарихымыз бен бүгінгі Тәуелсіздігіміздің өзара сабақтастығы мен тығыз байланысын сахна тілінде сөйлеткен тағылымды да тартымды қойылымның куәсі болды. Оның үстіне, Қазақ хандығының құрылғанына бес ғасыр жарым толғанын бейнелейтін, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Барлау өндіру» АҚ-ның еншілес, тәуелді және бірлесе бақылайтын ұйымдары еңбек ұжымдарының арасындағы төртінші спартакиада» деп жазылған панно да айналасы атшаптырым алаңның төрінен орын алып, шараның шырайын кіргізді.
Сәлден кейін жанкүйерлер тағатсыздана күткен спорттық сайыстар да басталды. Бірінші кезекте жарыс алаңына жеңілатлетикалық эстафетаға (400 метрлік қашықтыққа жүгіру) қатысатын спортшылар шықты. Пәрмен берілген сәттен-ақ, желмен жарысқан жүйріктер бірінен бірі озып кетуге тырысты. Желаяқтар жарысты аяқтасымен арқан тартысушылар да алаңнан табылды. Күш пен ептілікті таразылайтын бұл ойында да жігіттер бірінен бірі жеңілмеуге бел байлады.
Алғашқы күннің өзінде арқаны қыздырып, делебені қоздыр-ған жарыстар сәрсенбінің сәтінде, ерлер мен әйелдер құрамалары арасында жекелей (денешынықтыру-сауықтыру кешенінде) өткізілген үстел теннисінен жалғасты. Сол күні Вокзал маңы мөлтекауданындағы №1 қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресіне кезек берілді.70-85 келі салмақ дәрежелерінде сынға түскен сайыскерлердің ішінен білекті де жүректілері дараланып, ең жоғары салмақтағы түйе палуандар да шықты.
Бұдан бөлек, мұнайшы-спортшылар бекітілген кестеге сәйкес үш күн бойына волейбол, баскетбол, мини-футбол, шахмат, үлкен теннис, суда жүзу, тоғызқұмалақ (қазақтың ұлттық ойыны) тәрізді спорт түрлерінен шеберліктерін сынға салды. Алдын ала белгіленгеніндей, бұл ойындар «Мұнайшыдан» өзге «Атырау», «Балықшы» және «Авангард» денешынықтыру-сауықтыру кешендерінде өткізілді.
Бағдарламаға сәйкес, бас-аяғы төрт күнге созылған тартысты сайыстар жұма күні кешкісін мәресіне жетіп жеңімпаздар анықталды. Жарыста жеңіп шыққан командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылардың есімдері аталды. Соңы оларды ұлықтап, марапаттау рәсіміне ұласты.
Айтпақшы, спартакиада басталар алдында қатысушы командалардың өкілдері Атырау қаласындағы Сабыр Қазыбаев атындағы №1 облыстық мектеп-интернат үйінде қайырымдылық шарасын өткізді. Сонымен бірге, Махамбет ауданындағы «Сарайшық» тарихи-мемориалдық кешенінде болды.
Спартакиаданың өту барысы және қорытындылары туралы толығырақ газетіміздің алдағы сандарында жарияланады.
Дәулетқали АРУЕВ.