ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛЫП ЖҮР?

Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен прокуратура, сот, ішкі істер органдары өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға төрағалық еткен облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысы Өмірзақ Зинуллин, сондай-ақ, аталмыш мәселеде хабарлама жасаған департамент басшысының орынбасары Ерболат Уайысовтың айтқанындай, Қазақстанда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Тұтынушылардың негізгі құқықтары мен сатушының міндеттері осы заңда көрсетілген.

Департамент және оның жергілікті басқармаларының «қауырт желі телефондарына» тұтынушылардан түскен қоңыраулар мен жазбаша жүгінулерді талдағанда, тұтынушылардың 50 пайызы бөлшек сауда саласында, соның ішінде ұялы телефондарды және т.б. байланыс құралдарының сатылымына, тұтынушылардың 30 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында өз құқықтарының бұзылатындығына шағымданады.

Ал, бөлшек сауда саласында тұтынушылардың 84,6 пайызы сапасыз тауарға және тауарды ауыстыру немесе қайтарудан бас тартуына реніш білдіреді.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7, 14 және 30 баптарына сәйкес, сатып алушы сатып алғаннан кейінгі 14 күнтізбелік күн ішінде сапасы төмен тағамдық емес тауарды ауыстыруға немесе кері қайтаруға құқы бар. Тек қана дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы заттар, шұлық бұйымдары, өсімдіктер мен жануарлар ауыстыруға жатпайды. Алайда, «тауарды ауыстыру немесе қайтару кезінде сатып алушы тауарды онда болған барлық сынамалары мен зат белгілерімен қоса, тауарды сатып алғандығын растайтын құжаттарды қоса беруге тиісті» деп  көрсетілген заңда. Солай бола тұрса да, сауда орындары мен басқа да тауар беруші орындар тауарды ауыстырудан, немесе қайтарудан заңсыз бас тартып жатады. Тұтынушылардың мұндай жағдайдан шығудың бір жолы – заңдылық және әділеттік орнату үшін сотқа талап арыз жазу.

Алайда, көптеген тұтынушылар талап ету үшін қандай құжаттарға жүгіну қажеттігін білмей жатады. Ал, көп адамдар тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің бар екендігін де білмейді.

Жиында аталмыш мәселеде облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саласындағы заңдылықтарды қадағалау басқармасының прокуроры Сабырбек Нұрышев көптеген тұтынушылардың шағыммен келетіндіктерін, оларға өз тараптарынан заңдылық жолмен көмек көрсетілетінін айтты. Ал, облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова, «Тұтынушылар Ұлттық Лигасы» РҚБ Атырау облысы бойынша өкілдігінің директоры Марина Мұқтарова әлі де болса кейбір тұтынушылар заң жолымен өз құқықтарын қорғауды білмейтіндігіне тоқталды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айнұр Аққалиева кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасында проблемалы мәселелер көбіне оң шешіле бермейтінін  тілге тиек етті.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев та тұтынушылардан арыз-шағымдар мен өтініштердің көптеп түсетіндігін, сондықтан,  олардың құқықтарын қорғауда прокуратура, сот, адвокаттар және ішкі істер органдары тарапынан атқарылар жұмыстардың ауқымды екендігіне назар аударды.

Ғайнолла Зинуллин.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз