МҰНАЙ ШЕЖІРЕСІН ҚАЙТА ЗЕРДЕЛЕСЕК…

Қазақ мұнайының тарихы Ембіден басталған. Яғни, 1899 жылы алғаш мұнай өндіру жұмысы қазіргі Жылыой ауданының Қарашүңгіл кенішінде басталғаны белгілі. Бұл тарихи дерек,  әрине, дұрыс. Алайда, Қарашүңгілде кен орны ашылғаннан кейін мұнай көп шыққан жоқ, оның басында мұнайшылар топталып жұмыс жасай алмады, сол себепті кен орны кең көлемде игерілмеді. Мұнай бұрқ етіп шықты деген атағы болмаса, көпке созылмай кеніш жабылып қалды. Әйтсе де, мұнай алғаш шыққан жер ретінде атағы тарихта қалды.

Бірақ, әуел баста қазақ мұнайының тарихы Доссордан басталады деген пікір айтылып жүрді. Мұнай бастауы Қарашүңгіл екенін негізге алған Марабаев Нәсіпқали деген атақты мұнайшы еді. Ол тарихи деректерді қарап, «тарихты неге ілгері жылжытамыз, бұрмалаймыз, шындығында оның тарихы үлкен өндіріс басталған 1911 жыл емес, 1899 жылы Қарашүңгілден бастау алады» деп тұжырымдап, тарихи нақты деректі 1899 жылға аударған еді. Онысы дұрыс. Тарихты ұрпақ дұрыс білуі керек. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, Қарашүңгілде мұнай өндіру ісі ұзаққа барған жоқ.

1911 жылы Доссорда мұнай көзі табылды. Бірінші атқан № 3-ші скважина тәулігіне орташа есеппен 192 тонна мұнай берді, 32 сағатта 256 тонна, яғни 16 мың пұт алынды. Сосын мұнай атқылау тоқтап қалған. Оны тарихшылар дұрыс есептемей, 16 мың тонна берді деп жазады, бұл дұрыс емес. Ондай мұнай берген кеніш Доссорда ол кезде болған жоқ. Өзі тереңдігі кішкентай, қысымы азғантай кеніштен ондай мұнай атқылауы мүмкін емес. 16 мың тонна деген қате дерек, қате пікір. Дұрысы – 16 пұт. Осыны 16 мың деп шатастырып айтылған. Мұнай көзі көрінгесін ағылшындар орыс көпестерімен бірлесіп Доссорда ірі өндіріс ошағын құрды. Ағылшындардың зерттеу жұмыстары орыстардан басымырақ болғаны да рас. Мұнайды тапқасын түрлі фирма құрылған. Сөйтіп, Доссордың атағы №3-ші скважинадан атқылаған мұнаймен бүкіл дүние жүзіне жайылып, «ойбой, көп мұнай алынды» деген лақап тараған. Бірақ, ол Татардың не Грозныйдың мұнайы емес тонналап шығатын, 32 сағат атқылағанда артынан құм шығады, сөйтіп, тартылып қалған. Дегенмен, Доссор мұнайынан үлкен үміт күтілді. Бастапқы мезгілде бізде бастаған ағылшындар, орыстар, еврейлер, латыштар, т.б. болды. Ағылшындар приказщиктерін жіберіп, орыстармен бірлесе жұмыс жасалды. Шетелдіктер мен орыстардың алпауыттары мұнайды пайдаланды. Әуелі Қарашүңгілде алаңды сатып алып, жерді игеруді бастады, одан Доссорға көшті. Бұл патшалы Россия кезіндегі жағдай. Мұнай өндіру ісін кейін Совет өкіметі қолға алды. Ұлы Октябрь революциясы кезінде де жұмыс тоқтаған жоқ.

Осы Доссор мұнайының атын қайта шығару керек. Доссордың атағы басылып қалды, оның бер жағында 100 жылдан аса уақыт жұмыс жасады. Доссор-Мақат аумағында әлі мұнай өндіріліп жатыр. Ілкіде Доссорда 25-30 жыл мұнай игергенде барлығы сарқылады деп есептелді. Рас, кішкентай кеніштер 25-50 жыл мұнай берді. Доссор Ембідегі атақты кәрі кен орны болып есептеледі. Белгілі, атақ-дәрежелі мұнайшылардың бәрі осы Доссордан өніп, өсіп шықты. Басқа да көптеген мұнайшылардың қалыптасу, өсу жолдары осында өрбіді. Бүгінде олардың көбісінің есімі аталмай қалуда.  Шындығында, мұнай тарихы Ембіден басталған ғой. Соны өз дәрежесінде көрсете алмай жүргенімізге жүрегім ауырады.

Менің айтпағым – Доссор тарихы мол тарих, бірақ, ол үзіліп қалды. Соны жаңғырту керек. Доссор тарихын жалғастырған абзал деп білемін. «Эмбанефть» бірлестігі 1924 жылы Мәскеудің қаулысымен ашылды. Оны бірінші басқарған сырттан келгені, өз ішіміздегісі бар кілең орыстар, өзге де ұлттар болды. Олар кімдер еді? Мәселен, бірлестіктің бірінші бастығы болған Фридбург деген кім? Сол мұнай өндірісінің қайнар бастауында болған сол кездегі орыстарды, басқа ұлттарды жазу керек. Қазақ мұнайының дамуына үлес қосқан солар. Бірақ, онда қамтылмай қалған жандар бар. Ол кезде мұнайшылар қазақтар болған жоқ. Біздің әке-аталарымыз сол кезде тәшкемен мұнай тасыған, оқиғаны көзбен көрген жандар еді. Кейін ғана мұнайшы кәсіпшілігіне маманданып, білім алып, қызметтер атқара бастағаны. Енді мұнай тарихын қайтадан жазу, жалғастыру керек. Жазылған кітаптар баршылық, бірақ, олар мұнай тарихын, оның өсу-өркендеу жолдарын, еңбек еткен адамдардың басым бөлігін қамти алмаған.

Қазақ мұнайының тарихын Қарашүңгілден бастап жазылу керек. Содан кейін Доссор мұнай кәсіпшілігіне көшсе, онда қандай өндірістік және әлеуметтік нысандар ашылды, олардың халыққа қызмет етудегі маңызы қалай болды, бәрін толық қамтып жазған абзал. Доссор өндіріс ошағы ретінде мықты дамыды, дүние жүзіне белгілі болды. Сондықтан, «Доссор, Мақат, Байшонас, Ескене, Қосшағыл…» деп хронологиялық тәртіппен жазылса… Әрине, энциклопедия да бар. Бірақ, онда да сол уақытта жұмыс жасаған адамдардың аты-жөндері көбі айтылмаған, сондай-ақ, бүгінде жұмыс жасап, мұнайшы династиясын жалғастырушылардың ата-әжелерінің аты аталмай қалуда.

Доссорда мұнай өнеркәсібі арқасында темір жол, балабақша, мектеп, т.б. нысандар салынды. Қалыптасу жолы үлкен мерзімге ұласты. Онда атақты адамдар еңбек етті, мысалы: КСРО депутаты Сабырғали Зорбаев, Сегізалиева Жібек, Доспаева Балғаным, Набира Шагирова, Нариман Есқараев, т.б. Ембі мұнайын игеруге атсалысқан қарапайым жұмысшылар қаншама еді, қазір ұмытылып барады. Солардың бәрін қамтып қайта жазса, дұрыс болады. Доссор мұнай өндірісінің тарихы туралы білетіндер болса, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап тұрса да жақсы болар еді. Кейінгі ұрпақ тарихты білуі тиіс қой.

Серго ДҮТБАЕВ,

ардагер-мұнайшы,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз