ҚҰРМАНҒАЗЫ – БІРІНШІ ОРЫНДА!

Мемлекеттік қызметкерлер арасында ұйымдастырылған биылғы облыстық спартакиада екі күнге созылды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар «Мұнайшы» стадионында өткен спартакиаданың жабылу салтанатында дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Ізбанов қатысып, жеңімпаз есімдерін жариялады. Айта кету керек, спорттың тоғыз түрінен, атап айтқанда, баскетбол, волейбол, жүзу, шағын футбол, үстел теннисі, жүгіру және шахмат ойындарынан жеті аудандық, Атырау қалалық және облыстық әкімдік командалары сынға түсті.

Дәстүрлі додада жалпыкомандалық есепте жеті жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқан Құрманғазы ауданы әкімдігі командасы бұл жолы да тұғырдан таймай, 140 ұпай жинап сегізінші мәрте жеңімпаз атанды. Махамбет ауданы әкімдігі командасы екінші орынға табан тіреді. Ал, 113 ұпаймен облыстық әкімдік командасы үшінші орынды қанағат етті.

Ойынға қазылық еткен бас төреші Бұхар Нұрсұлтановтан білгеніміздей, шағын футбол мен үстел теннисінен махамбеттік, шахматтан мақаттық, жүзуден облыстық, жеңіл атлетика бойынша махамбеттік әкімдік командалары алдарына жан салмады.

– Биылғы спартакиадада аудан командалары бұрынғыдан да жоғары ойын дәрежесін көрсетті. Төрт жыл бұрын өз өлкемізде өткен республикалық спартакиадада атыраулық команда алғашқы орынды иеленсе, биыл да барын салатын болады, – дейді Мұхит Кәрімұлы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз