МҰНАЙҒА ТӘУЕЛДІЛІК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗБЕЙДІ
«Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық қозғалысы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған бұл форумда сөз сөйлеген спикерлер өз кәсібіне қатысты тәжірибелерімен бөлісті.
Екі дөңгелекпен елді шарлаған «Wheels Brothers MC» Atyrau» мотоклубының президенті, «Светланд-Ойл» ЖШС-нің бас инженері Олег Шмаль саяхат барысында көзбен көріп, көңілге тоқыған еліміздің батыс өңірінің климаттық ерекшеліктері мен тарихи орындары туралы сыр шертті.
«Адами капитал – алтын қор» деген тақырыпта сөз сөйлеген Атырау мұнай және газ институтының ректоры Әли Әбішев: «Бірде шетелге ұшқан сапарымда менің жанымда бір жас жігіт отырды. Ол Жаңа зеландиядан екен. Еуропаға агроөнімдер сатумен айналысады. Ол жол бойы жұмыс жасаумен болды. Ұшақ жерге қонуға бет алған кезде ол маған жымиып: «Мен ұшақта отырып үш жүз мың доллар табыс түсірдім» деді. Міне, оқуға, жұмыс жасауға жерде де, аспанда да уақыт табуға болады. Мұнай бола ма, жоқ па, адам әркез байлыққа жетуге ұмтылуы қажет. Ал, байлықтың өзі сіздің өн бойыңызда тұнып тұр» деп әрі қарай талант, ақыл-ой, білім, қабілет-қарым тәрізді адами капитал арқылы қалай табысқа жетуге болатыны жөнінде әңгімеледі.
«Жайық-Каспий» Орхус орталығының директоры Шынар Ізтілеуова: «Адам үшін жұтар ауа, ішер су, аяқ басар жер қандай қажет болса, олардың қауіпсіз болуы да сондай маңызды. Айталық, ауасын өндіріс қалдықтары, кәуап дайындаушының түтіні ластаған, ауыз суының құрамы күмәнді, көгалдан қу тақырға айналып бара жатқан жерде қалай өмір сүреміз?! Менің денсаулығым, отбасымның және туысқандарымның жағдайы не болмақ? Осындай жағдайда жеке тұлға ретінде заңды құқығымызды пайдаланып, бұған қарсы қандай әрекет ете аламыз?!
Елбасымыздың «100 нақты қадамында» қадап айтылғандай, өмір сүру сапасын жақсартуға бәріміз бірігіп атсалысуымыз керек» деп мұнайлы астананың тұрғындарын облыс аумағындағы экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды
«Атырауда мұнайдан басқа саланы қалай дамытуға болады?» деген сұрақ та көптің көңілінде жүрген мәселенің бірі. Осы тақырыпта өз пікірін білдірген Жылыой ауданы кәсіпкерлер кеңесінің құрылтайшысы Асқар Секербаев өз кәсібін ешқандай несие алмастан ашып, қалай дамытқаны жөнінде баяндады. «Сарапшылар Қазақстанның мұнайын елу жылға жетеді деп болжам жасап отыр. Газымыз алпыс бес жылға жетеді екен. Әрине, жаңа технологияларды пайдаланса, мүмкін бұл мерзімді ұзартуға болар. Бірақ, түбінде бұл алтын қорларымыз түгесіледі. Сол үшін қазірден бастап баламалы энергия көздерін ашу керек. Оны желден, күннен, жердің ыстығынан аламыз. Өсімдіктен де биогаз алуға болады» — деген ол өзінің осындай жобаны іске асыруды қолға алғанын айтты.
«Глобус» ҮЕҰ төрайымы, эколог Галина Чернова Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция дайындау барысында туындаған мәселелер жөнінде баяндап, Қашаған, т.б. кен орындарында болған апаттардың біз үшін сабақ болуы тиіс екенін айтса, саясаттанушы Петр Своик әлемдік нарықтағы мұнай бағасының әр жылдардағы өсу және құлдырау тенденциясына талдау жасады. Сондай-ақ, Қазақстандағы мұнай саласындағы қызмет көрсететін компаниялар кеңесінің төрағасы Алмас Құдайберген және мұнай-газ бұрғылау саласының консультанты Мұрат Габдусалимов пен құқық қорғаушы, медиатор, «Азаматтық Құрылтай» қауымдастығының республикалық үйлестірушісі Әсел Нұрғазиева да форум көтерген тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.
«Спикер ретінде біз тек экономистер мен мұнайшыларды ғана емес, сонымен қатар, экологтар, ғалымдар, шағын және орта кәсіп иелерін де шақырдық. Олардың әрқайсысына мұнайлы өңірдегі өзінің жеке тәжірибесін қызықты форматта айтып беру міндеті жүктелді. Мәселен, бұл форум кәсіпкерлер үшін – мұнайлы экономикаға тәуелсіз жеке кәсібін дамыту, белсенді қала тұрғындары үшін – жергілікті туризмді дамыту, экологтар үшін – экологияның түйткілдерін төтесінен қою мінбері», — дейді «Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық қозғалысының кеңес төрағасы Данат ЖҰМИН.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.