Жарнама
Қоғам

Мұхит ИЗБАНОВ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ

— Мемлекеттік қызмет саласындағы басты жетістігімізді немен байланыстырасыз?

— Әлемнің ең дамыған озық отыз елінің қатарынан көрінуге ұмтылып отырған Қазақ елі үшін білікті кадр саясатын табысты жүргізу маңызды. Өйткені, білікті кадр – еліміздің дамуы, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарынан орын алуының негізгі тетігі деген сөз. Осы орайда,  «А» және «Б» корпустарының өмірге келуі стратегиялық тұрғыда маңызды қадам болғанын атап өткім келеді.

Мұндай корпустардың салаға енуі – мемлекеттік қызметкерлердің іріктелуіне, былайша айтқанда, салаға өз ісінің кәсіби шеберлерінің ғана енуіне жол ашты. Көптеген елдердің мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе мен білім, ақпарат алмасып, ынтымақтасатын бірегей алаңы – мемлекеттік қызмет бойынша аймақтық хабтың Қазақстанда құрылғаны өз алдына үлкен жаңалық болды. Мұндай хаб – мемлекеттік қызметкерлердің қоғам алдында есеп беруіне, жариялы қоғамның қалыптасуына жол ашады.

— Мемлекеттік қызметкерлер үшін құрылған корпус туралы айтып отырсыз. Осы орайда, «А» корпусының алғашқы нәтижелеріне тоқталсаңыз.

— Бүгінде еліміз үшін жаңа бетбұрыс кезеңі басталды ғой. Біз Жаңа саяси бағытты, «Қазақстан – 2050» стратегиясын сеніммен қолға алдық. Бұл мемлекет пен қоғамның алдында жаңа міндеттердің тұрғанын көрсетеді. Енді оларды жаңаша, креативтік тұрғыдан ойластырып, табандылықпен шеше білу сіз бен біз әңгімелеп отырған корпустың кәсіби шеберлігіне байланысты.

Біз мынаны түсінуіміз керек. Реформаның іске қосылуы бар. Оның өмірге еніп, тәжірибеге ұласуы – өз алдына бөлек уақытты, мерзімді қажет ететін дүние. Сондықтан, кесіп-пішіп бірдеңе демес бұрын, бұл корпустың алдында азаматтардың проблемаларын біліп, оны шешумен күні-түні айналысу міндеті тұрғанын атап өткім келеді. Адамдарды сендіре білу, әділ, әрі ашық сұхбат жүргізу маңызды. «А» корпусындағылар осы талап үдесінен шығып жатса, әрине, бұл мақсаттың орындалғаны.

— Әлемнің ең дамыған озық отыздығы дегеннен шығады, Австрия бастап тұрған әлемнің алпауыт елдері негізінен «жергілікті өзін-өзі басқару саясатының» жоғары деңгейде дамуымен ерекшеленеді. Әр өңірдің қаржысын алдымен жергілікті жердің экономикасын көтеруге жұмсау, жаңа бастамаларды, реформаларды өздігінен қабылдау сынды дүниелер жаңалықтарға толы қоғамның қалыптасуына да ықпал етуде. Осындай деңгейден көрінуімізге бізге не жетіспей жатыр деп ойлайсыз? Жалпы, өзін-өзі басқару саясатын жүзеге асыруда қандай мемлекеттер бізге үлгі бола алады?

— Алға ұмтылу, ізденіс, сол арқылы жаңалықтарды дүниеге әкелу. Және оны қолданысқа енгізе отырып, ел игілігі үшін қызмет ету. «Жергілікті өзін-өзі басқару саясатының» негізгі идеясы, басты мақсаты да осы. Дұрыс жүзеге асырылған жағдайда мұндай саясат мемлекетті гүлденген экономикаға, өркениет көшіне, азаматтық қоғамға алып барады. Біздің елімізде бұл саясат толыққанды жүзеге асып жатыр деуге әлі ертерек. Дейтұрғанмен, алғышарттар қалыптасқанын атап өтуіміз керек. Соның бірі ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу еді.

Сіз айтып отырған өркениетті елдердің тәуелсіздік тарихы әріден басталады. 1948 жылы тәуелсіздік алған Израильдің өзі озық отыздықтың ішіндегі ең жас мемлекеттердің бірі саналады. Бұл нені көрсетеді? Бұл  «Жергілікті өзін-өзі басқару саясатының» ұзақ жылдық дайындықпен келетін, сонда ғана жемісін беретін саясат екендігін көрсетеді. Мұндай саясатты табысты жүзеге асыруда бізге АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Бельгия елдері үлгі бола алады. 

— Ұзақ жылдық тәжірибесі бар мемлекеттік қызметкер ретінде жауап беріңізші, шенеуніктер арасында жемқорлыққа байланысты қылмыстың көбеюі нені көрсетеді?

— Бұл әр адамның ар-ұжданына, санасына байланысты мәселе ғой. Әрине, шенеуніктер арасындағы жемқорлық фактілердің көбеюі мемлекеттік қызметтің беделіне белгілі бір дәрежеде салқынын тигізеді. Оны мойындаймыз. Екінші жағынан, олардың жауапкершілікке тартылып, тиісті деңгейде жазасын алуы – заң  алдында кім-кімнің де жауап беретінін қоғамға дәлелдеп отыр.

Мүмкін жемқорлықпен күресте бізге Грузия, Израиль, Австралия елдерінен үлгі алу қажет болар. Өз ісіне адал, қызметін жауапкершілікпен орындаған Дінмұхаммед Қонаев, Жұмабек Тәшенов, Оңайбай Көшеков сынды қоғам қайраткерлерін көбірек насихаттау арқылы, бүгінгінің мемлекеттік қызметкерлеріне оларды үлгі етіп отыру сияқты тетіктер іске қосылса, адами, рухани тұрғыда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізерімізге сенемін.

 — Мемлекеттік қызмет – елдің дамуымен тікелей байланысты сала.  Осы орайда, саланы жетілдіруде тағы нендей тетіктерді іске қосқан жөн деп ойлайсыз? Қандай елдерден үлгі алуымыз керек?

— Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елі жеке бастамаларды қолдайтын және тұрғындардың әлсіз жіктерін тиімді қорғауды қамтамасыз ететін институттар құра алды. Күні кешеге дейін шикізат көзі болып келген Қазақ елі біртіндеп, экономиканы әртараптандыру саясатына көшті. Енді бізге жаңа  технология бағытындағы зерттеу институттарын дамыта отырып, оларды іске қосу маңызды. Дәстүрлі экономиканы жетілдіре түсуді де ұмытуға болмайды. Ауыл шаруашылығы саласының өзі өнімділікті арттыра отырып, тереңінен дамытуды қажет  етеді.

Әлемде азық-түлік тапшылығымен бірге, энергия тапшылығы, жалпы табиғи ресурстар тапшылығы байқалуда. Осы орайда, балама қуат көздерін тауып, еліміздің энергетикалық, экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетінің тұрғанын атап өткім келеді. Мұның барлығына жоғары дамыған білім мен ғылым арқылы қол жеткізетініміз сөзсіз. Демек, біз адам капиталын дамыту саясатын табысты жүргізуге міндеттіміз.

Cұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button