ЕҢБЕК ТӘРТІБІНЕ ЕНЖАР ҚАРАЛМАСА

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда, ағымдағы жылдың өткен сегіз айында облыста 251 ұйым мен жеке кәсіпкерлік нысанында ҚР Еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы жайына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 728 заң бұзушылық дерегі анықталған. Бұлардың біріншісінде жалақыны төлемеу мен мерзімінен кешіктіру; жұмыс берушінің кінәсінен жұмыстың тұрып қалған уақытына тиесілі өтемақы төлемеу; еңбек шартының тоқтатылуына байланысты қызметкерлермен есеп айырысуды жүргізбеу, еңбек шартын жасақтамау немесе оны заңсыз бұзу фактілері кездескен. Екіншісінде, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесімен айналысатын жауапты маманның білім деңгейінің тексерілмеуі немесе біліктілік талаптарына сай келе бермеуі; қызметтік нұсқаулықтармен, басқа да қажетті құжаттармен қамтамасыз етілмеуі сияқты кемшіліктерге жол берілген. Үшіншісінде, кейбір кәсіпорындарда жұмыс берушілер жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға бос жұмыс орны туралы хабарламаны көрсетілген мерзімінде түсірмеген, оған қоса жұмыс беруші мекемедегі қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына байланысты алдағы уақытта олардың жұмыстан босатылатындығы жайлы жазбаша хабарламаны (кемінде екі ай бұрын жолдануға тиісті) бермеген.
Осы және өзге де заң бұзушылықтар мен өрескел кемшіліктерге жол берген жауапты ұйымдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларға 234 нұсқама беріліп, әкімшілік жазалау шарасы ретінде ақшалай сомасы 14,6 млн.теңгені құрайтын жалпы саны 268 айыппұл салынған. Жыл басынан бері инспекцияға азаматтардан 90-ға тарта арыз-шағым түсіп, қаралған.

Тағы да ресми мәліметтерге сүйенсек, есепті мерзімде өндірістегі бақытсыздық оқиғаларының, аз болмағандығын аңғарамыз. Осылайша, өткен сегіз айда 14 оқыс оқиға орын алып, 20 қызметкер жарақаттанған, үш адам қайтыс болған.
Және бір білгеніміз, қолданыстағы заңдылықтарда жұмыс беруші жаңадан қызметке қабылданатын адамның өз қаражаты есебінен алдағы уақытта атқаратын жұмысы мен меңгеретін мамандық-кәсібінің түріне қарай қауіпсіздік ережелерімен толықтай танысып, біліктілік сынағынан өтуін қадағалауға және соны талап етуге міндетті делінген. Алайда, бұл талаптың да орындалуына қарау жағдайларының да аз кездеспейтіндігіне көзіміз жетті. Осыған орай облыстық Мемлекетттік еңбек инспекциясы басқармасы жауапты басшы-мамандармен 20-ның үстінде оқу курстарын өткізіп, 1000-ға тарта дәріс берген. Бұл шараға өндірістік кәсіпорындардың ғана емес, ауыл шаруашылығының мамандары (арасында шаруа қожалықтарының жетекшілері де бар) қатыстырылған.
Десек те, мұнымен қордаланған проблеманың түйіні түпкілікті шешілмейтіні де белгілі. Ең бастысы, еңбекке қатысты мәселеде енжарлық пен салғырттықтан, жауапсыздықтан арылуымыз шарт.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз