Жарнама
Қоғам

Мәңгілік елдің мұраты

1. Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігімізді немен байланыстырасыз?

2. Тәуелсіздік туын тұғырлы етуде қандай дүниеге баса назар аударғанымыз жөн?

Амангелді  АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері, философия  ғылымдарының  докторы, профессор:

????????????????????????????????????

Ұлт саясатының тағылымы көп

−    Өркениеттік тектері әралуан, діні, мәдениеті, тілі, тұрмыс деңгейі әртүрлі ортада келісім табу −   өнер және қиын өнер десек,  ұлт саясатын бірізді, сабақтастықпен ұстанып отырған бірден-бір Президент бар, ол −   Нұрсұлтан Назарбаев. Ол жүргізген ұлт саясатының тағылымдары да көп.

Ең алдымен, байсалдылық. Марк Твен: «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел – саяси лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек» деген екен. Жазушы тәуелсіздіктің жүгі мен жауапкершілігін, алға ұстаған нысанаға жету жолының қауіп-қатерге, күмән мен күдікке толы екендігін меңзеп отырса керек.

Қазақстан жүргізіп отырған ұлт саясатының тағы бір тағылымы – мәдени плюрализм. Яғни, әрбір этностық топтарға өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтауға жағдай туғызу. Қазақтар тәуелсіздікпен бірге жауапкершілік те алды.

– Бұқар жыраудың:

«Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе таусылмас

Көл суалмас демеңіз.

Құландар ойнар қу тақыр

Қурай бітпес демеңіз» — деген сөзі бар.

Рас, адам өмірден озады, қоғам өзгерістерге ұшырайды, ал ұлттың ұлы арман-мұраты мәңгілік қала береді. Тәуелсіздік, бірлік – көне түркінің де мәңгілік мұраты, Мәңгілік ел идеясына айналған мұрат. Сол арман жолында ішкі бірлігімізді сақтау, қасақана, арандатушылық әрекеттерге ілеспеу, ылаң салушылардың жетегінде кетпеу – біз үшін басты парыз. Ал, іштен ыдырап, жікке бөлінсе, сырттан дем берушілердің күш алатыны белгілі.

Демек, күн сөнгенше сөнбейтін Мәңгілік ел болу жолында әр уақытта қолға жеңіс тие бермес, күте білу, төзімділік таныту – біздің тағдырымыз. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, «ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюризмге жол беруге болмайды». Бірден олжаға, молшылыққа жете алмағанмен, жылдан-жылға ақырын басып, алға ұмтылсақ, әрбір игілікті іс, ол да – ілгері қадам, ол да – жеңіс.

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері:

Басты қуатымыз – тұтастығымызда

−  Тәуелсіздік елең-алаңында еліміздің саяси, экономикалық мүмкіндігі қиын жағдайда болды. Осындай сындарлы кезеңде Тәуелсіздікті нығайтуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбек сіңіргенін айтуымыз керек. Еліміздің берекесін еселеуде қазақ халқының ерекше үлес қосқаны да шындық.

Талай уақытты артқа тастаған 1991-1993 жылдары колхоз-совхоздар тарап, ауыл халқы тентіреп кетті. Ауылда мал қалған жоқ. Халық жаппай қалаға жөңкілді. Міне, осындай қиындықтарға шыдас бермеген кейбіреулер ереуілдеп жатқан кезде халқымыз керемет төзімділік  танытты.

Экономикалық құлдырау кезеңінде ел билігі аттан түспеді. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикаға сырттан инвестиция тартуда көп еңбек сіңірді. Соның нәтижесінде елімізде шағын өнеркәсіптер пайда болды, шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Шаруашылыққа алғаш рет 400 АҚШ доллары көлемінде шағын несие бере бастадық. Бастысы, біз тұтастығымызды сақтап қала алдық.

Астананы орталыққа көшіру идеясын кезінде Алаш ордасының да көтергені белгілі. Елорданы Алматыдан Ақмола облысына көшіру арқылы Президент жер, территориялық  айқындылық, автономия құру туралы кержақ пікірлерге толықтай нүкте қойды.

−   Қазақтың тілін ортақ игілікке  айналдыратын уақыт жетті. Еліміздегі барлық этностар қазақ ұлтымен бірге, қазақ тілінің маңайына топтаса түскен кезде біздің бірлігіміз бекем бола бермек. Қазақ халқының символикалық бейнесін айқындайтын ескерткіш тұрғызсақ та артық етпейді.

Тақырыпқа тұздық

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Саяси һәм моральдық құқығымыз бар

Қазақстан ядролық қарудан тәуелсіздік елең-алаңында-ақ бас тартып өте бір стратегиялық маңызды шешім қабылдады. Және осы қадам арқылы еліміз үлкен бонусқа ие болды.

Мұнай, газ тақырыбын былай қойғанда, бүгінде еліміз уран сататын мемлекетке айналды. Ал, уран сатуға әлемде санаулы мемлекеттерге ғана рұқсат етілген. Осы жағынан келгенде, Қазақстанның бұл тізімде тұруының өзі талассыз жетістік. Яғни, әлемдік саясаттағы Қазақстанның бейнесі қауіпсіз, тәртіпке бағынатын деген сынды негізгі параметрлерден тұрады. Қазақстан бірнеше жыл қатарынан дүние жүзінде уран сатудан бірінші орында келеді. Осындай нақты тәжірибелері, үлгілері бар еліміздің бейбітшілік идеясын насихаттауына саяси ғана емес, моральдық тұрғыда да құқығы бар.

 

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button