ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰМЫТЫЛМАСА ЕКЕН…
Мәселен, «асық ойынының» маңызы орасан. Бұл бұрын балалардың ең қызықты хоббиі болса, бүгінгі күні төрт қабырғаға қамалып, компьютердің «құлағында ойнайтын» жас жеткіншектерді «асық ойна» деп орнынан тұрғызудың өзі қиын. Бағалай білмесек те, бұл ойын баланың жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына, ой-өрісінің кеңеюіне айтарлықтай ықпал етеді.
Асықты айтпағанда, бұрын ата-бабаларымыз қойдың құмалағынан да ойынның сан түрін ойлап тапқан. «Тоғызқұмалақ» ойыны осыдан қалса керек. Археолог-ғалымдардың пайымдауынша, оның пайда болу мерзімі төрт мың жыл шамасын қамтиды екен. Жас ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да ерекше мән берген бабаларымыз тоғызқұмалақты ойлап тауып, оны зияткерлікті дамыту құралы ретінде қолданған.
Бүгінгі күні ұлттық ойынның бұл түрі де жанданып келеді. Деректерге сүйенсек, республика бойынша бұл ойынмен шұғылданушылардың саны жүз мыңға жақындайды екен. Оған халықаралық деңгейде де қызығушылық артып келеді. Мәселен, бұл ойынға шет елдегі қазақтар ғана емес, Англия, Германия, Испания, Ресей, АҚШ сияқты мемлекеттер халқы да қызығушылық танытуда. Біздіңше, бұл ұлттық ойынымыздың маңыздылығын көрсетеді. Осы тұста айта кетерлігі, тоғызқұмалақ ойыны Лондон және Чехия елдерінде өткен зияткерлік олимпиаданың бағдарламасына еніп те үлгеріпті.
Дейтұрғанмен, жігіттердің ат үстінде ойнайтын «теңге алу», «аударыспақ», «қыз қуу», «ине жасырмақ», «алтыбақан» сияқты ойындары бүгінде ұмыт қалып барады. Бір кездері ұлттық арнада «Алтыбақан» атты бағдарлама да болған еді. Онда дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлеп күй төгіліп, ұлттық ойын түрі әдемі көрсетілетін. Көрерменнің көзайымына айналған бұл бағдарлама да бүгінгі күні жоғалып кетті. Тағы бір айта кетерлігі, байырғы заманнан келе жатқан «көкпар» ойыны біздің батыс аймақта мүлдем дамымаған күйі қалып келеді.
Әр ойынның адам денсаулығы үшін маңызы зор. Ендігі уақытта ұмытылып бара жатқан осы құндылықтарымызды ұрпақ бойына қайтсек сіңіреміз? «Ұлттық ойындар жөнінде насихат жұмыстары артпаса, ұрпақ жаңарған сайын бұл құндылықтарымыз жоғала береді», — дейді бұл орайда біз тілдескен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет.
— Бала кезімізде «он екі таяқ», «шілдік» сияқты ойын түрлерін ойнап өстік. Бүгінгі күні қала баласын ауызға алмағанда, қырдағы балалардың өзі мұндай ойынның бар екендігінен де бейхабар. Ұлттық ойын түрлері жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Мәселен, балабақша бүлдіршіндері «қуырмаш», «сақина салу», «ұшты-ұшты» және «қуаласпақ» ойындарын ойнаса, бастауыш сынып оқушыларына «соқыртеке», «тығылмақ», «мерген мен үйрек», «ақсерек», «көксерек» ойындары арналған. Ал, жоғары сынып оқушыларына «арқан тартыс», «қазақ күресі», «қол тіресі» сынды спорттық жарыстарға қатысуға болады» деген ол «ұлттық ойындарды жаңғырту балабақшадан бастау алып, қала берді мектеп бағдарламасына да арнайы пән ретінде енгізілсе» дейді.
Расымен де, ұлттық ойындарды біз Наурыз мерекесі қарсаңында ғана еске түсіреміз де, кейін ол келесі жылға дейін ұмыт қалады. Бұл дұрыс емес. Осы жерде «Спорт және денешынықтыру істері агенттігі мен жергілікті жердегі спорт басқармасы ұлттық ойындарымызды түрлі чемпионаттарға, облыстық, қалалық сайыстарға енгізе отырып, насихаттауды қолға алса артық етпес еді-ау» деген ой келеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА