БАҚ несімен баурады?..

«Қызығы мен қиындығы қатар өрілген төртінші билік сізді несімен қызықтырды?». Атаулы күн қарсаңында журналистика саласында қызмет атқарып жүрген кейінгі буын өкілдеріне осындай сауал тастаған болатынбыз.

araulumНазымгүл Қайсағалиева,

«Қазақстан-Атырау» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы:

- Ең бастысы, жаңалықтың ортасындасың. Бір күнің екінші күніңе мүлдем  ұқсамайды. Әрқашан ізденісте болуың қажет. Қызмет бабымен көптеген жерлерде болып, түрлі адамдармен тілдесуге тура келеді. Сол кезде өзіңді әр ортаға лайықты ұстай білуің керек. Журналист  тек бір ғана мамандық иесі емес. Кіммен кездессең, соны тереңірек білгің келіп тұрады.

 

 

 

Ал, тұтастай алғанда біздің жұмысымыз ұжымдық болып табылады. Себебі,  бір ғана газет тілшісінің не телеарна қызметкерінің арқасында  ақпарат жұртқа жетпейді. Ол жерде  оператор,  фототілші,  монтаждаушы, корректор, беттеуші сынды әріптестеріміздің де еңбегін атап өту керек.

bayanaБаян Сүйеуова,

«Жайық шұғыласы» газеті

бас редакторының орынбасары:

– Негізінен, журналист – шығармашылық тұлға. Осы ретте бала күнімдегі әдебиетке  әуес, шығармашылыққа  жақын  болғандығымның арқасында болса керек, осы мамандыққа деген қызығушылығым жоғары болды.

Ал, несімен қызықты деген сұраққа келсек, журналистің өмірі қызықсыз болады деген адамды тауып беріңізші. Бұқараның жоғын жоқтап, қалың оқырманның ойынан шығу үшін әр тақырыпқа қалам тербеуге тура келеді. Сол кезде әр адамға не әр мәселеге соның қыр-сырын  жетік  меңгерген жан  болып  бармасаң,  нәтижесінде  жазылған  дүниеңнің түкке тұрғысыз болып қалуы әбден мүмкін.

Қатардағы бір адамның бойындағы ерекше қасиетін терең талдап, айқара беттік мақала жазуға да, айтар ойды бір-ақ сөзбен жеткізіп, қысқа хабар дайындауға да болады. Міне, бұл – ой еркіндігі, шеберліктің белгісі. Сондықтан, өзімді осы саланың қызметкері болғанымды зор мақтан тұтамын.

ernarЕрнар Бекенов,

ақпараттық-танымдық «Киностан» сайтының авторы:

Менің бұл салаға келуіме мектептегі мұғалімдерімнің ықпалы зор  болды. Өзімнің де осы салаға деген қызығушылығым зор болатын. Осылайша, арманым ақиқатқа айналып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Осы саладағы қызметімді «Тандем» радиосында бастадым. Қазіргі таңда дәл бұл салада болмасам да, осы ортадамын. «Хабар» арнасында қызметтемін.

Болған жайтты бұқараға жеткіземін деп, оқиға ортасында жүретін журналистің жұмысы өте қызықты. Үнемі ізденісті талап етеді. Он жолдан тұратын қысқа хабар жарияланса да журналистің біраз жұмыс атқарып, талай мекемеге хабарласып, бірнеше  адамнан  жауап  алған жұмысы тасада тұрады. Яғни, ақпараттың шынайылығы  үшін әр журналист толықтай жауап береді, сонысымен де өз имиджін қалыптастырады. 

Жалпы, қазіргідей бұқаралық құралдардың беделі артып, ақпарат кеңістігі молайған шақта интернет-журналистиканы қалаймын. Әлемдік желіде таратылып отырған «Киностан» сайтының иесі болғандықтан, жазудан  ешқашан қол үзбеймін. Сонымен қатар, азаматтық журналистиканың бір саласы болып табылатын блогосфераның да бір өкілі екенімді айта кетейін.  

Арайлым Нұғыманова,

аймақтық «Мұнайлы Астана» газетінің тілшісі:

lauazaЖалпы, мектеп бітірер кезде, мен теледидар журналистерін, яғни,  жүргізушілердің қызметіне қызығып, осы мамандықты таңдаған едім. Кейін оқу орнын бітіріп, әртүрлі басылымдарда, радиода қызметтер жасап жүріп, журналистика саласының тұңғиығына түсіп кеттім десе де болады. Содан журналистика мені беймазалығымен қызықтыра түсті. Алайда, әр адам тілші бола алар, бірақ, білікті журналист болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған көп ізденіс керектігін мен жақсы түсінемін. Ұстазым Теңдік Жауырұлы дәріс кезінде әрдайым: «Журналистика – деген өте қиын мамандық. Сіздер қазір ол саланың асханасында ғана жүрсіңдер. Әлі талай сатылардан өтесіңдер» дейтін. Жөн-ақ. Бұл саланың өзге салалардан айырмашылығы еңбекті, ізденісті, оның ішінде шығармашылық ізденісті талап етеді. Осы жолда талай тер төгу керек. «Қызыға жаз, қыза жаз, қызықтыра жаз! Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз! Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз!» деп Ғабит Мүсірепов айтып кеткендей, әр журналист осы ұстаныммен қызмет етсе, оның жемісі де болатыны сөзсіз!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз