Жарнама
МәдениетҚоғам

Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығында

Әлемдік ғылымда «Ұлт тарихы», «Мемлекет тарихы», «Отан тарихы» деген ұғымдар бар. Ұлыбритания, Ресей елдері Отан тарихын басымдыққа қойса, Америка Құрама Штаттары секілді бертінде пайда болған елдер мемлекет тарихына ғана жүгінуге мәжбүр. Себебі, ол елдің мемлекет болып біріккеннен бергі ғана естелігі бар.

құн

«Біздің тарих ­– ол да бір қалың тарих…»

Тамыры тым тереңдегі, Ұлы далада ат ойнатып, асқан үлкен аумақты біріктірген, ол аумағын бірде кеңітіп, бірде тағдыр талқысымен азайтуға мәжбүр болған, ақырында өз халқына жетерлік жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған біздің еліміз Ұлт тарихына ден қояды. Олай болуының бірнеше дәлелі бар. Алдымен, біз – ерте дүниедегі сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, орта ғасырдағы түркі, оғыз, қыпшақтардың жалғасы және тікелей ұрпағымыз. Екіншіден, Қазақстан орналасып отырған Алтай мен Атыраудың арасы – әлемнің әр түкпіріне тарап, өз алдына мемлекет құрған түркі тектес елдердің негізгі қонысы болған. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» деген соңғы мақаласында осы өңірдің түркі әлемінің бесігі екеніне назар аударды. Демек, біз түркі жұртының ордасында, атакүлдігінде отырмыз.

Кеңестік кезеңде қазақтар өткені бұлыңғыр, көргені далада мал бағу, тұрақты орын-мекені болмаған, жартылай жабайы халық ретінде суреттеліп, бірнеше ұрпағымыз соған сендірілген-ді. Сөйтіп, рухымыз сөніп, намысымыз тапталған. Бізге  өткеніне менсінбей қарайтын, өзіне өзі аяушылық танытатындай халге жеткізген, сондықтан, қазақ болып туғанына намыстанардай орта жасақталған еді. Бодан елдің тарихын, бодандаушы елдің өкілі жазатыны түсінікті ғой. «Біздің тарих – ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп халық жазушысы, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің торығатыны, қынжыла жырлайтыны сондықтан болатын.

Еліміздің өткен тағдырына Елбасымыз бұрын да талай тоқталған. «Ұлттық идеяның формуласы ұлттық тарихта жатыр» дей отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған баяндамасында, қазақ халқының өз тарихынан ұялатындай нәрсе жоқтығын, өйткені, ол елдіктің, ерліктің тарихы екенін айтқан болатын. Енді, міне, бұл мәселеге тағы да оралып, ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңінен тым әріде, тым тереңде және жетістіктер мен оқиғаларға толы екеніне тоқталды.

Жеті ­– киелі сан

Қазақта жеті саны киелі саналады. Тілімізде «жеті қат көк», «жігітке жеті өнер де аз» деген тіркестер көп. Қазақта «Жеті жарғы» заңның өлшемі болса, «Жеті қазына» – байлықтың мөлшері. «Жеті жасқа келгенде нық басарсың аяқты» деп баланы жеті жасында оқуға беріп, атқа мінгізіп, алғаш рет қатарға отырғызатын болған. Жеті атасын білмегенді жетесізге санап, жеті жұрттың тілін білгенді даналық деп есептеген. Денсаулығы жақсы адамды жеті мүшесі сау деп сипаттап, ауырса, жеті түрлі тамыр дәрі беріп, жеті жағалы киім жауып емдеген. Президент айтып отырған Ұлы даланың жеті қыры болуы кім-кімді де мақтанышқа бөлейді. Әрине, ол тек айтыла қалған сөз немесе жай ғана хабарлама емес. «Ұлы даланың жеті қыры» – біздің жеті қырлы тағдырымыз. Өткен кезеңнің өзінде өркениет тізгінін ұстап, оны көпке үлгі қылған ел болсақ, бүгінде біздің тарих Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, бір мақсатқа жұмылуға, қоғамның тұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз етуге сеп болып отыр.

Елбасы мақаласы өзі айтқандай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы, өткенге қарап, болашағына көз жүгіртуге мүмкіндік жасаған, өткен дәуірде орасан табысқа, осыншалық өркениетке ие болған ел екенімізді дәлелдеп отыр. Олай болса, «Ғылым мен техника дамыған, компьютер мен цифрландыру өмірге енген бүгінгі заманда ол жетістіктерді неге жақсы форматта, жедел түрде, кісі қызығарлық әдемі күйде жалғастырмасқа, неге дамытпасқа? Неге ол жұмысқа білек сыбанып кіріспеске?» деген жаңа бір екпін, ерекше ой-рух, қуатты намыс билейді.

«Күй керуен»

Президент нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, «жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау қажеттігіне тоқтала келіп, негізгі мақсат – тарихи сананы жаңғырту екеніне баса назар аударады және осы бағытта бірнеше ірі-ірі жобаларды ұсынған. Олардың бәрі де біздің қоғамдық санамызды, рухани ой-өрісімізді кеңейтіп, ұлттық болмысымызды жаңартуға, әсіресе, мәдениет пен өнерді дамытуға арналған ұлт руханиятының өрісін кеңейтуге қызмет етері сөзсіз.

Қазақстанның мәдениет қайраткері және мәдениет пен өнер саласының қызметкері ретінде бәрі де жақын, бәрі де қымбат. Әсіресе, «Дала фольклорының антологиясын» жасау және «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару жобалары ұлттық өнерімізді, соның ішінде оның дәстүрлі салаларын жаңа белеске көтерудің тиімді жолы болмақ.

Бұл бағытта өзім қызмет ететін облыстық халық шығармашылығы орталығының едәуір тәжірибесі барын айтқым келеді. Осыдан үш жыл бұрын облысымыздың белгілі қаламгері Өтепберген Әлімгереевтің авторлығымен «Күй керуен» деген жинақ  шығарған болатынбыз. Онда біздің аумақта өмір сүрген және қазір бар 150 өнерпаздың өмірі мен шығармашылығы туралы деректер келтірілген. Бірақ, ол соңғы екі-үш ғасырдың аумағын қамтыған еді.

Ал, мыңжылдықтағы ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін және музыкалық туындылар топтамасын жинақтау үшін сауатты, тәжірибелі зерттеу экспедициясын ұйымдастыру – табылған іс-шара. Сөйтіп, домбыра мен қобыз үнін, Димашымыздың кешегі Англиядағы концертіндей, дүниежүзі ұйып тыңдайтын дәрежеге жеткізе алсақ, өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білетін және ертеңіне оң көзқарас таныта алатын өркениетті, ең дамыған 30 елден де еңсесі биік табысқа жетеріміз ақиқат.

Абат КЕНЖЕҒАЛИ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button