Жарнама
МәдениетҚоғам

Ұлттық дамуымызға зор қолдау

 IMG_1032

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ежелден ат құлағында ойнаған халқымыздың өмірі төрт түліктің бірі жылқы малымен етене, тығыз байланысты екенін айта  келіп, атқа міну мәдениеті  мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне тарауы осы біздің Ұлы даладан бастау алғандығын тілге тиек етті. Еліміздегі тарихшыларымыздың жүргізген зерттеулері осынау қасиетті малдың адам қолына үйретілуі қазақтың сайын даласында алғаш болып қолға алынғандығын дәлелдеді. Асау тұлпарды бағындырған бабаларымыз бойына түрлі қару асынып өзінің елін, жерін сыртқы жаулардан қорғады. Жылқының қолға үйретілуі арқылы уақыт өте келе халқымыздың бойында атқа міну мәдениеті қалыптасты.

Осы Атырау өңірінің өзінде ат спортының дамуына Елбасымыздың жүргізген сарабдал саясатының арқасында  көп көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары, өңірімізде тұрақты түрде ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өткізілуде. Оның ішіне көкпар, бәйге, теңге алу, аударыспақ, жамбы ату сынды жылқы малына қатысты қазақы ұлттық ойындарымыз кіреді. Осы спорт түрлерінің қай-қайсында да атқа міну мәдениеті орын алады. Жастарымыз жастайынан жылқы жалына жармасып, ер үстінде қасқая отырып, еңсесі биік күйде еркін шауып үйреніп жүргені бәріміз үшін бір ғанибет емес пе.

Бес қаруын асынған бабаларымыздың ізімен ат үстінде отырып елін қорғаған батырға қажетті садақ, қылыш, ыңғайлы киім-кешек жайының аталмыш мақалада сөз болуы да елдегі саясаттың алдағы ұстанымында ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуі алдыңғы орында боларын меңзейді. Бұл жақсы бастама, рухани дамуымызға зор қолдау.

 

Өнербек ЖАНБАЛА,  

«Атырау облысы «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының президенті. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button