ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – ӘЛЕУЕТТІ САЛА

Қазанның соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Жан жылуы мен бойдағы жігерлерін қамқорлықты қажет ететін қариялар, мүгедектер  мен аз қамтамасыз етілген, жалғызбасты, көп балалы жандармен, бөлісіп жүрген осы сала мамандарын кәсіби мерекелері қарсаңында Атырау қаласы  әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова арнайы құттықтады.

 

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік кеште ол өңірдің әлеуметтік қорғау саласы ұжымына жүктелген міндеттердің күрделілігіне қарамастан, кәсібиліктері, жетістіктері, алға қойылған межені мүлтіксіз орындап отырғандарына ризалығын білдіріп, шаһар басшысы Серік Айдарбековтің атынан адал қызметтері үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірнеше қызметкерлерін марапаттады.

Әлеуметке қорған бола білген мамандарды аталмыш сала ардагері Сүйеу Сүлейменов те құттықтап, сол бір жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, еңбектеріне табыс тіледі.

Салтанатты жиында  облыстық жұмыспен қамтуды  үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  басшысының орынбасары Бағытжан Мұханбетов ұзақ жыл абыройлы  қызмет атқарған әлеуметтік сала қызметкерлерін Алғыс хатпен ұлығылады.

Өңірімізде әлеуметтің әлжуаз тобына ұзақ жылдар бойы үздік қызмет жасап келетін әлеуетті сала мамандарын мемлекеттік ұйымдар, банк және қоғамдық қызмет көрсету мекемелері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Шахмұрат Қанбетов  те  құттықтап,  сала  ардагерлеріне сый-сияпаттар ұсынып, құрмет көрсетті. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұжымына Алғыс хат табыстады.

Мерекелік шара аясында республикалық «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» байқауының жеңімпазы Ақерке Боранова түрік биін билеп, жұртшылықтың көзайымына айналса, республикалық «Жұлдызай» фестивалінің  жүлдегері  Нұржан  Бағытов сурд әдіспен орындап, жүректерде жылы әсер қалдырды. Сондай-ақ, Әсет Әлиев, Медет Қабдоловтар «Анашым», халық әні «Қыздар-ай» әндерін әуелетсе, «Камелия» халық биі ансамблі үнді биін тарту етті. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенттері күмбірлеткен күй тартысы да көрермен қошеметіне  ие  болды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз