Латын әліпбиіне көшу – заман талабы
Бастапқы кезде ресми жұмыс тобы арқылы ұсынылған қазақ тілі үшін латын әліпбиінің 25 таңбасы көкейге қонған сияқты еді. Бірақ, неге 26 таңба емес деген ой да мазалаған. Сонымен қатар, ң, ғ, ч, ж, ә, ө, ү әріптерін (фонемаларын) hg, gh, ch, zh, ae, oe, ue диграфтар арқылы беру ұтымды тәрізді көрінген. «Егер осы жеті таңбаны үстіне ноқат тәрізді белгі қою арқылы диакритикалық әдіспен беретін болсақ үлкен қиындыққа душар боламыз» дескенбіз.
Ертеде кириллицаға көшкеннен кейінгі кезеңде қазіргі қолданылып жүрген ұ әрпінің белдеудегі сызығы бұрын у таңбасының үстінде дәйекше түрінде тұратын болды. Орталықтағы беделді бір газеттің тақырыптағы Ұлы Сталин деген сөзіндегі У-дың төбесіндегі сызықшасы баспаханада басу кезінде ұшып кетіп, Улы Сталин болып халыққа тарап кетіп, арты газет редакциясы «көсемді қаралады, оған тіл тигізді» деген үлкен дүрбелеңге ұласып, басылым басшысы, кезекші журналистер қатаң жазаға тартылған. Өз басымда латын әліпбиіне көшкенде аталған жеті әріпті диакритикалық әдіспен таңбаласақ сондай кемшілікке тағы да ұрынбаймыз ба деген қауіп қылаң бергені рас. Сондықтан да диграфты қолдану жөніндегі ұсынысқа қосылғаным бар. Оған бара-бара бәріміздің де көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып кететін болар деп ойлағанмын. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, алқалы жиындарда көпшіліктің, зиялы қауымның, ғалымдар мен тіл мамандарының қатысуларымен бүкілхалықтық талқылау барысында диграфтарды қолданудың қиыншылықтары жан-жақты көз жеткізе айтылды. Салиқалы пікірлер ортаға салынды.
Сонымен қатар, а, г, н, о, ұ сияқты әріптердің сыңарлары ә, ғ, ң, ө, ұ әріптерін белгілеуде дәйекшені (апострофты) олардың оң жағына қою да нәтиже бермеді. Себебі, сөздер орынсыз созбаланып жазылатын еді, әрі тасымал кезінде қолайсыз. Мәселен, жеті әріптен тұратын сөз екі-үш дәйекше қосылып жазылатын болса, оншақты әріптің орнын алып, сөйлемдердің сиқын да бұзатын еді. Бұл әсіресе, қалың жұртшылық үшін оңай болмайтыны белгілі болды.
Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген санаға үлкен ой салатын нақыл сөз бар. Жан-жақты кеңесіп, ойласудың нәтижесінде, халықтың ой-пікірлерімен санасқан Президент Жарлығына қосымша енгізді. Онда енді дәйекшелер (апострофтар) әріптің оң жақ жанына емес, үстіне қойылатын болып нақтыланды. Сөйтіп, сөздерді дәйекшелер арқылы орынсыз созбалап жазуға нүкте қойылды. Сондай-ақ, Жарлыққа енгізілген қосымшада ш, ч әріптері sh, ch диграфтарымен белгіленді. Меніңше, бұл диграфтармен беру әліде ойластыра түсуді қажет ететін жайт тәрізді. Себебі, біз ойласа келе сол диграфтардан ірге үзген жоқ па едік? Әрі ағылшын графикасында жиі қолданылып, аяқ бассаң алдыңнан шығатын с әрпі өз орнын тауып тұрмаған секілді.
ЦентрКредит деген сөз латынша банк маңдайшаларында CenterCredit деп күні бүгінге дейін айқара жазулы тұр. Сонда біз оны қазіргі бекітілген латын қарпіне аударсақ кириллицаша ц-ның орнына латынша с әрпін салып CenterKredit деп жазуымыз керек емес пе? Жалпы с, ш, щ, ч, ц әріптерін латын әліпбиіне ауыстыруда шатқаяқтау барлығы байқалады. Сонымен қатар, кириллицадағы і, и, й әріптерін алмастырған Ii,II әріптерінің бас әріптері бірдей. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ, ұқсас. Бұл жазуда да, оқуда да қиындық туғызады. Көпе-көрнеу шатастырады. Әрі қазіргі қолданыстағы пернетақтада екінші I-нің кіші әрпі де жоқ. Алға қарай көпшіліктің талап-тілектеріне орай қазақ тіліне негізделген латын әріптеріне өзгерістер енгізілетін күн болса мұны бір ізге салу шарасын да ойластыру қажет сияқты.
Халықтың бұл әліпбиге де тез жаттығып, мойынсұнып кететіне күмәніміз жоқ. Оған сан түрлі алғышарттар жасалынып жатыр. Газет-журналдардың, телеарналардың, телехабарлардың атаулары, басылымдардың шығатын күндері, қай мезгілден бері жарық көріп келе жатқандықтары, басқа да таныстырылымдары, айдарлары, арнаулы беттерінің аттары тұрақты түрде латын қаріптерімен беріліп, баршаның көздерін үйретуге, ой, түйсіктеріне қозғау салуға берік қадамдар жасалыну үстінде. Ана тіліміздің үлкен жанашыры республикалық Ұлт газеті «Ана тілі» өз беттерінде латын қарпіне көшуге қатысты материалдарды көптеп берумен бірге Абайдың қара сөздерін латын қарпімен нөмір сайын беріп тұруды дәстүрге енгізуі өте ұтымды болды. Сондай-ақ, әр санынан Елбасы Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жазылуы мен дыбысталуын қоса берген кестені, оның жанынан кириллица және латын нұсқалары қатар ұсынылған бір мақаланы оқып отыру – оқырманның танымын арттыруға, жаңа әліпбиді үйренуге зор септігін тигізетін тиімді әдіс. Қалалар мен ауылдық жерлерде де кәсіпкерлік орындар мен дүкендердің де маңдайша жазуларына, қасбеттеріне, жарнамаларға латын қаріптерін қолдану үрдістері басталды. Демек мұның бәрі – қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшірудің бүкілхалықтық қолдауға ие болғандығының айқын көрінісі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басқы жағында жоғары оқу орнындағы студенттік шағымда ауыл мектебінен шетел тілін көрмей, оқымай келген мен ағылшын тілі пәнін оқуыма тура келді. Сонда оның сөйлемдерінің бірқатарының жазылуы бір басқа да, оқылуы бір басқа екенінің себебін сұрағанымызда пән оқытушысы:
– Ағылшын тілі сөздерінің өздерің байқағандай жазылуы мен оқылуы әр басқа болатын тұстары жетерлік. Оны жүре-бара түсіндіреміз, өздеріңіз де түсінесіздер, — деген еді. Сол айтқанындай, латын әліпбиін де келе-келе қамшы салдырмай тез түсініп кететініміз кәміл.
Мектептің жоғары сыныбында оқып жүріп, жазғы үш ай демалыста жайлаудағы малды ауылдан оқитын кітап таппай дағдарғаным бар. Сонда қолыма латын әліпбиіндегі кітап түсіп, өрісте қой бағып жүріп, оны өз бетіммен зерделеп, оқуға көштім. Ұзақты күн бойы ежіктеуімнің арқасында өзіме бейтаныс әріптерді шамалап шығарып, үйреніп, бара-бара оқуға төселіп кеттім. Демек, ынта болса алынбайтын қамал жоқ. Көз қорқақ, қол батыр деген осы. Күні ертең-ақ латын әліпбиін де жазып, оқудың шыңына шығамыз.
Қазіргі қолға алғанымыз бастапқы шаралар ғана. Алда қатпар-қатпар жұмыстар күтіп тұр. Солардың ең бастысы халықты латын қарпін жазуға жаттықтыру болып табылады. Сондықтан, қазақ тіліне негізделген латын қарпін барша қауымға үйретуді осы бастан қолға алған жөн. Ол үшін балалармен қатар ересектерге арналған үйірмелер ашу, мектептердің жанынан орындар жасақтап, оқыту жолдарын қарастырған абзал. Бұл бүкілхалықтық шарадан шалғай елді мекендердегі тұрғындар да шет қалмағандары орынды болады. Кириллицаға әбден еті үйреніп кеткен ересектердің ықылас-ниеттерін, көңіл ауандарын латын әрпіне аударуда біршама қиындықтар туатыны ақиқат. Әйтсе де шындап қолға алынса, үгіт-насихат жұмыстарын ықпалды жүр-гізуге ден қойылса бәрі әлі-ақ жөнге түседі.
Бүгінгі әлеумет өздерінің рухани әлемдеріне серік болған сүйікті ақын-жазушыларының шығармаларынан қол үзіп қаламыз ба деген алаңдаушылықтары да жоқ емес. Ол кітаптарды қайткенде оқуға мүмкіндік алатындықтарын саналарына жеткізе ұғындыру парызымыз. Қазірде әлеуметтік желілерден қажетті кітаптарды тауып алып оқуға болады деген ұғым қалыптасты. Жұрттың бәрінде бірдей, әсіресе, жайлау төрлерінде, егін алқаптарында, мұнай өндіру алаңдарында еңбек ететіндердің үйлерінде, жұмыс орындарында ондай құралдар бола бермейді емес пе? Әрі байырғы кітаптардың бәрі бірдей әлеуметтік желіге еніп болған жоқ.
Қалай десек те, қазақ тіліне негізделген латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Оған баршамыз бірдей, әсіресе, зиялы қауым өкілдері белсене атсалысса алынбайтын қамал жоқ.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.