Жарнама
Қоғам

ҰЛАҒАТТЫ ТҰЛҒАНЫҢ ІЗГІЛІКТІ ІЗІ

Оңайбай Көшекұлы өз кітабында «Өмірдің күнгейін де, көлеңкесін де көрдік, ащысын да, тұщысын да таттық. Бір түйіп айтарым – туған еліме барынша қызмет еттім, атажұрт аманатына адал болдым. Бастан кешкендерімді боямай, қаз-қалпында жаздым» деген еді. Бұл сөздің айна-қатесіз ақиқат екендігіне кітапты оқыған адам айқын көз жеткізе алады.

Дұрысында, Оңайбай Көшекұлы ие болған мәртебе, атақ, дәреже ілуде біреудің қолына әрең жетеді. Тіпті, біздің Атырау өңірінде жергілікті адамдар ішінен сол тұста облысты Оңайбай Көшекұлындай ең ұзақ және абыройлы басқарған бірінші басшы жоқ десек, артық болмас еді. Бірақ Оңаға болдым-толдым деп асып-тасқан емес. Сол баяғы парасатты, салмақты, еліне елеулі, халқына қалаулы қалпында ортамызда жүрді.

Оңайбай Көшекұлының «Ер қадірі – еңбекте» деген ғұмырнамалық жазбалар кітабы атынан көрініп тұрғандай, еңбек жолын облыс тыныс-тіршілігімен тығыз қабыстыра өрнектеуге құрылған. Бұлар «Есесі қайтпас еңбек жоқ», «Маңғыстау түбегінде», «Үміт пен сенім жауапкершілігі» деген тарауларға топтастырылған. Оңағаның өзі кітаптың кіріспе бөлігінде «Мақсатым – өткен өмірімді ой елегінен өткізіп бір шолып шығу. Онда да өзімді өзгелерден оқшау әкетіп, ерекше көрсету емес, өзім өскен ортамен өріп пайымдау» деп атап көрсеткеніндей, кітапта ірі қоғам және мемлекет қайраткері болған ардагер өз өмірін Атырау тынысымен сабақтастыра әсем жаза білген.

1963 жылдың қазан айында шаруашылығы тұралап, артта қалған «Бақсай» қаракөл қой кеңшарына директор болып өз өтінішімен сұранып баруы Оңағаның іскерлігін, қабілеттілігін, ұйымдастырғыштығын танытқан тұс еді. Соны кітапта мақтанбай, салмақты кейіпте байыпты жазып көрсеткен. Қаншама олқылықтар түзетілген, қаншама проблемалар шешілген. Елдің тұрмыс дәрежесін, көңіл-күйін көтеру жолында қаншама ойланып, толғануға, ұйқысыз күндерді өткізуге тура келген. Кітапта осының бәрі бар. Үскірік борандағы айқасты да, төл алудың қым-қуыт тірлігі де, ауыз су мәселесін шешу де, адамдардың аттары да, қол жеткен нәтижелер де бар.

Оңағаның кең ауқымдағы ұйымдастыру шеберлігі жоғары жақтың, көптің назарын аударған кез – Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген уақыт. Оны да сыпайы ғана үлкен-кішіге тәрбиелік мәні бар деңгейде «Маңғыстау түбегінде» деген тарауда баян еткен.

Кітаптың бүкіл салмағы жатқан тарау «Үміт пен сенім жауапкершілігі» деп аталады. Баршаға белгілі, Оңайбай Көшекұлы облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып он алты жылдай облысты басқарған. Шын мәнінде, бұл – Оңайбай Көшекұлының жоғары деңгейдегі басшы ретінде қолынан үлкен іс келетін, адамдармен шынайы тіл табыса білетін, шеңбері аумақты қайраткер екенін әйгілеген шақ. Кітапта осылар орны-орнымен жақсы баяндалған. Ақиқатында «Ер қадірі – еңбекте» атты кітап бір кезеңнің тарихын түзген облыстың шежіресі іспеттес. Облыстың он алты жыл ішіндегі мұнай, мал, балық шаруашылықтарының өркендеуі жан-жақты сараланған. Осының бәрі кітапта айшықталып, келер ұрпаққа табысталып отыр.

Ғұмырнамалық жазбаларда облыстағы болған кейбір төтенше оқиғалар, ауыр белестер кеңірек баяндалған. Мәселен, 1975 жылғы желтоқсандағы теңіз тасқыны өте әсерлі жазылған және осы оқиғаға түйін де пайымды жасалған.

«Егер осы қыс ішінде, — делінген кітапта, — көп аумақта тосын болған үлкен апаттан ойсыраған зиян шекпей құтылуымыздың негізгі себебі неде?» деген сұраққа былай деп жауап берер едім:

Біріншіден, Кеңес адамдарының жастайынан бойына сіңген қоғамдық іске деген таза адалдығы мен берілгендігі, әрине, (қазір бұл сөздер өрескел көрінуі мүмкін) небір қиындықтарды басынан өткізіп келе жатқан ауыл адамдарының күш-жігері. Екіншіден, халықтың берік бірлігі, достығы, бір-біріне деген жанашырлығы мен ұйымшылдығы және тәртіптілігі. Барлық апаттан құтқару жұмыстары толықтай, сәтті аяқталғанша, облыс, аудан, совхоз басшылары, мамандар, механизаторлар, әскери адамдар менікі, сенікі деп бөліспей, уақытпен санаспай, бір кісідей қиындықты жеңіп, су апатының зардаптарын жоюы  үлкен қажырлы еңбек етуінің арқасы дер едім. Үшіншіден, Үкімет басшылары тарапынан осындай қиын жағдайларда облыста қажетті күш мүмкіндігінің жоқтығын ескеріп, дер кезінде үлкен көмек көрсетілді».

Міне, кітап авторы осындай қорытынды жасайды. Бәрімізге, басшыға да, қосшыға да ой тастайды. Осы арада әйгілі Ерғалиев Хамит ақынның «Көгілдір дәптер поэмасындағы» «Жойқынға жорық» тарауы орынды қиюластырылған. Беделді кітаптың абыройын одан әрі аспандатып түр.

«Мен кабинадамын:

Отырмын түсіп азапқа.

Қарсы алдымдағы

Қараймын қара қазаққа.

Оңайбай Көшек –

Бастығы осы тараптың.

Біздің дәуірде

Осындай қазақ аз-ақ па?…

Аз ба деп қалдым:

Меніңше, төзім – сабыр-жіп.

Бұндайда сол жіп

Үзілмек адам абыржып.            

Ал мынау Көшек

Өзінің өзі ішінде,

Батпайтындай-ақ

Лауазым артқан ауыр жүк.

Бадана көздер топография картасын,

Ойлана оқып

Түбектің төбе, жартасын.

Қызыл бояулы

Қаламы ғана түртеді,

Қасында бір сен

Тыпыршып азап тартасың» деген бір үзігінің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады.

Кітаптың бұл тарауында да қол жеткендермен  қатар адамдар жоғары  қойыла  баяндалады. Өзімен бірге еңбек еткен Есен Тасқынбаев, Мусабай Сағынбаев, Әбілқайыр Кенжебаев, Равиль Шырдабаев және басқалар ерекше аталып көрсетіледі. Зейнолла Қабдолов сынды  елден шыққан зиялыларға кітапта кеңінен орын берілуі, академик-жазушының Атырауға деген ықыласын әдейі атап көрсетуі тамаша-ақ.

Сонымен бірге тәрбиелік мәні зор штрихтар да келтіреді. Мысалы, Оңаға  кеңшар директоры болып тұрған кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдиннің шаруашылықты аралап жүріп шопан үйіне барғандағысын былай суреттейді:

«Үйге кіргесін Нұрекең отырғысы келмей, реніш білдірді. Аяқ киімін шешпей, кілем үстінде әрлі-берлі жүріп, отырмады. Аяғымен кілемді нұқып, «мынау микроп қой, отырғыш қайда?»  деген сұрақ қойды. Хатшының бұл қылығын мен де ерсі көріп, өзім отырдым да,  бірге келгендерге қарап: «Жылқы емессіңдер ғой, отырсаңдаршы»  деп қалдым. С.Құбашев менің ренжігенімді сезіп, әрі қарай кермар сөзге бармасын деген болуы керек, «Нұреке, біздер шопандардың мәдениетті тұруларына әлі жағдай жасай алмай жатырмыз. Жататын да, ас ішетін де, қонақ қабылдайтын да – осы бір бөлме, кінәлі біздер» деп, бар кінәні өзіне алды. Одан кейін Нұрекең әуелі үйдегі ойыншық аттың үстіне отырып, ол жайсыз тигесін, көрпе үстіне көпшік жастанып, үнсіз отырып тамақ ішіп, қона жатып, ертеңгісін көңілсіз аттанды. Біздер де ықылассыз шығарып салдық».

Енді Оңағаң кейін осыған қарама-қарсы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың шопан Имаш Сүндетовтің үйінде малдас құрып отырып, асықпай шай ішіп, бағылан етін жегенін, Индерге барғанда күтіп тұрандарды көріп, аттап кетпей жаяу жүріп, амандасып, хал-жай сұрасқанын жазады. Демек, осы көріністер арқылы «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы алға тартып, тәрбиелік өрісі зор ой тастайды.

Оңайбай Көшекұлы – қарапайым малшыдан мемлекет қайраткеріне көтерілген, Кеңес Одағының, Қазақ Республикасының Парламенттеріне бірнеше дүркін депутат, съезд  делегаттары болып сайланған, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және басқа да орден, медальдармен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің төрт алтын, бір күміс медалімен марапатталған, өзінің мерейтойларында лайықты сый-құрметке ие болған ардақты тұлға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңағаның 70 жасқа толуына орай жолдаған құттықтау хатында «Сіздің өмір жолыңыз туған еліңізге, Қазақстан игілігіне қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды» деуінің өзі мерейді өсіретін баға емес пе?!

Оңайбай Көшекұлы – зайыбы Айсұлу апамыз екеуі төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, жиырмадан астам немере сүйген асыл әке. Осының бәрі кітапта өз ұтырын оңтайлы тапқан.

Кітап – өлкеміздің, өрендеріміздің өнегесін, өткенін бүгінгі және кейінгі ұрпаққа табыс ететін құнды еңбек, толымды шежіре. Оны оқып біткенде осындай тоқтам жасап, ой-толғаныс жалынан ұстағандай әсерде болдым.

Төлеген  ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстан  Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button