ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ – «ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ»
Осылайша, өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған Әслима апай жарты ғасырға жуық мұғалімдік қызметінің басым бөлігін Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде өткізді. Осында оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. Шәкірттерін ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің інжу-маржаны мен кәусарына қандырып, санасына сіңіріп, әрдайым шығармашылық ізденіспен жұмыс жасап, тәлімді тәрбиесін де бере білген ұстаздың еңбегі жанып, шынайы бағаланды. Жоғары санатты мұғалім мектептегі пән бірлестігінің жетекшісі, педагогикалық кеңестің мүшесі ретінде бай тәжірибесін, мол білімі мен білігін жас әріптестеріне үйретіп, үлкендік ақыл-кеңесін беруден де жалықпады. Оларға үнемі бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға жөн сілтеп отырды. Ұжымның, қала берді, ауыл мен ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып, атсалысып отырды. Осы ортадан зейнет демалысына шығып, ардагер ұстаздардың қатарына қосылды. Сонда да қоғамдық жұмыстардан қалмай, әріптестері мен ауылдастарына рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп отырды.
Енді, міне, жасы сексенді орталаған шағында қайтадан еңсесін тіктегендей күй кешті. Оған елге сіңірген еңбегінің елеусіз қалмай ескеріліп, ауданның Құрметті азаматы атануы себепші болды. «Мұны бір менің ғана емес, барша ұстаздар қауымының еңбегіне берілген әділ баға, лайықты марапат деп есептеймін. Сол үшін де өзімді қолдап, қолпаштаған жандардың бәріне де шын жүректен аналық алғысым мен шексіз ризашылығымды білдіремін», — дейді ол.
Дәулетқали АРУЕВ.