img2

Тазалық сақтамайтындар тәртіпке шақырылады

Қоғам
49 / 100

Атырау қаласының кейбір жерлерінде қоқыс заттарын бос, далалық жерлерге төгу деректері жиі орын алып жатады. Бұған облыс орталығынан 50 шақырым радуиста анықталған заңсыз қоқыс үйінділері дәлел.
Еркінқала ауылынан 1 шақырымдай жерде бей-берекет қоқыс үйінділері анықталған болатын. Мамандар мұның себебін жергілікті тұрғындардың ескертулерге құлақ аспайтындығымен түсіндіреді. Облыстық экология департаменті мен қалалық әкімдік өкілдері бірлесіп Еркінқала ауылдық округі маңындағы геопортал бойынша анықталған рұқсатсыз қоқыс орындарын тазарту жұмыстарына қатысқан еді. Осы топтың құрамында «Atyray» газетінің тілшісі де болды.

Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтың айтуынша, аймақта 130 қоқыс үйіндісі
анықталған. Оның 128-і қала бойынша, 2-еуі Махамбет ауданында. Сондай-ақ осындай проблемаларды шешу мақсатында қазіргі уақытта заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндіктері жүзеге асырылып жатыр екен.

– Космостық түсірілім нәтижесінде қоқыс үйінділері және олардың координаттық нүктелері анықталады.
Қоқыс үйінділерінің жатқан орындарын көрсету үшін арнайы электронды «Геопортал» ақпараттық жүйесі құрылған. Бұл ақпараттық жүйені жергілікті экология департаментінің мамандары ұялы телефондарына енгізіп, қалдықтардың орындарын көріп отырады. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде, облыс бойынша экология департаментіне бей-берекет жатқан қалдық орындарының координаттық нүктелері жолданып отырады. Өз кезегінде, біздің мамандар осы орындарды қоқыстан тазалау үшін жергілікті әкімдіктерге ұсынып, аталған
жұмыстардың жүзеге асуын қадағалайды. Қалалық әкімдікпен бірлесіп, заңсыз орналасқан қоқыстарды тазалау жөнінде жоспар бекітілді. Қоқыстар арнайы полигонға төгілетін болады. Қазіргі таңда әкімдік өз күштерімен қоқыстарды шығарып жатыр. Бұл қоқыстарды тастайтын тұрғындар табиғаттың тазалығына мән берсе екен, – деді департамент басшысы.

Тастаған қоқыстарды жинауға «Арнаулыавтобаза» ЖШС-нің 8 қызметкері, 4 «Камаз» көлігі, 1 трактор
көлігі жұмылдырылған. Тұрғындар түнде келіп қоқыстарын төгіп кетеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай,
олар қаланың шетіне ғана емес, ішіне де «Газель», «Камаз» көліктерімен қоқыс төгуді әдетке айналдырған. Жақында тәртіп бұзған тұрғындар анықталды. Қаланың ішіндегі контейнерлерге ірі қоқыстарды төгіп кетеді. Заң бұзып жатқандарды кезіктірсек суретке түсіріп, полицияға жібереміз. Еркінқала-2 шағынауданы тұрғындарының көбі жаңадан көшіп келгендер. Тәртіпке бағынғысы келмейтіндеріде кездеседі, – дейді «Арнаулыавтобаза»
мекемесінің учаске бастығы Әлібек Брекешов.

Мекеме өкілінің айтуынша, күніне екі «Камазбен» төрт рейс қоқыс таситын көрінеді. Бұл шамамен 13 тоннадай қоқыс шығады деген сөз. Қосымша қоқыс таситын көліктері де бар, дегенмен қоқыстың көптігінен үлгере алмай
жататындарын да жасырмады. Тұрғындар тазалық тәртібін бұзса, 29 750 теңге көлемінде айыппұл төлейді
екен. Былтыр қала бойынша 645 қоқыс үйіндісі анықталса, қоқыстарды жою үшін қала әкімдігі 108,8 млн. теңге қаражат бөлген. Осылайша 23 мың шаршы метр қоқыс шығарылып, 759 га жер тазартылды. Бұл бағытта экология департаментімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.

Бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді. Қоқыстарды тазалау жұмыстарына конкурс жарияланып, мердігер компанияға
тапсырылатын болады. Оған қарамастан қала әкімдігі өз күшімен 21 заңсыз қоқыс үйіндісін шығарып, тазалап жатыр. Мердігер анықталғаннан кейін қалған орындар келісілген мерзімге сай тазартылатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Ерболат Омаров.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған