Жарнама
Қоғам

ҰЛАҒАТ ҰЯСЫ

 

* * *

Асылы, «жақсы адамның мінез-құлқы әке қанымен, ана сүтімен беріледі» деген рас. Өмірге осындай ұл әкелген ата-ана туралы нақты деректер жоқ болса да, тұяғының қадам алысынан-ақ алдыңғы буынның пайым-парасатын бағамдаған қасиеті бар қазақпыз ғой. Сондықтан, Қашқын Түгелбайұлын өмірге әкелген жандар туралы да ел арасында жағымды пікір мен жарасымды сөздер сақталған.

1924 жылы Индер ауданының бұрынғы Есбол селосында дүниеге келген Қашқын Түгелбайұлы ата-анасын танып-білместен, тым ерте жетімдік шеңгеліне ілікті. Отызыншы жылдардағы ел ішін қынадай қырған ашаршылық бұл отбасына да зауалын тигізбей қоймады. Туған мекен, ата- қонысты артқа тастап, Ұлы көшпен үдере көшкен ізгі жандар ата-анасынан бірдей айырылып, барар жер, басар таусыз қалған үш бүлдіршін – Жамал, Қашқын, Ағиісті бірге ала кетті. Бір үзім нанды талғажау қылуды, тамақ жібітер бір ұрттам қара суға жетуді арман қылса да, шиеттей балалардың осынау қиын шағында кездескен жандардың жаны жайсаң, көңілі дарқан болды. Осынау  сұрапыл шақты еске алғанда Қашқын Түгелбайұлының өзі де: «Сол бір азапты да ауыр жылдар қазақтың басына ортақ түскен қасірет болды. Алдымен, ата-әже, жекжат-бауырлар аштықтың азап-қорлығын көрді. Қазақта «көмусіз қалғыр» деген ең ауыр сөзді мен сондай зұлматты көрген соң сезіне аламын. Мидай далада «алда бір ауылдың қарасы болуға тиіс» деп межелеп келе жатқандар аштықтан жол бойы сұлап-сұлап, құлап қала берді…» деп естеліктерінде жазып қалдырған.

Тағдырдың жазуымен талай шаңырақты паналап, бірнеше жанұямен бірге тұрған ағайынды Түгелбаевтар он екі жыл қатарынан өзге отбасыларды паналады. Заманның қиындығына қарамастан, адамшылықты ардақ тұтқан абзал азамат аяулы аналардан тәлім алды. Сөйтіп, 1936 жылы Қашқын Өрлік балалар үйіне, қарындасы Ағиіс Махамбеттегі балалар үйіне жергілікті кеңестің шешімімен аттандырылды. Ағасы Жамал болса, бұлардан бөлек үйлерде тәрбиеленген-ді. Осылайша, арман болған мектептегі оқуға қол жеткізіп, 1941 жылға дейін Қашқын Түгелбайұлы алтыншы сыныпты тәмамдайды. Ел шетіне жау тиіп, ел қорғауға аттанған азаматтардың орнын басу мақсатында жұмысқа тартылғандардың қатарында ол да Доссордағы фабрика-зауытының оқуына алынып, алты айлық курстан соң Құлсарыға мұнай операторы болып жұмысқа орналасты, жазға қарай май өлшеуші болып ауыстырылды.

* * *

Бірде күнделікті жұмыс күнінің бітуіне аз уақыт қалған сәтте Алматыда емделіп жатқан ағасы Жамалдың қасындағы жолдастары жазған хат қолына тиді. «Ағаңыз қайтыс болды. Біз жерледік. Киім-кешек, өзге де заттарын өзіңізге жібердік» деген тілдей қағаз Қашқын Түгелбаевты есеңгіретіп жіберді. Өмірдің бұралаңына төтеп беріп, ер мінезділікті бала күнінен бойына сіңірген ол сол сәтте-ақ шұғыл шешім қабылдап, әскери комиссариатқа тікелей тартты.

Майданға шақыртылған бір топ жаспен қатар, өз еркімен сұранғандардың ішінде Қ.Түгелбаев та бар еді. Гурьевтегі әскери училищенің екі жылдық бағдарламасын сегіз айда бітіріп, 1943 жылдың сәуір айында ұрыс даласына бет алды. Ростовтың арғы түбіндегі Оңтүстік майданның 44-ші армиясына тап болып, алғы шепте шайқасты. Тәртіпке сай, батальон бойынша үш күн қатарынан кезекшілікке тұруы тиіс еді. Бір жолы қатты нөсердің астында қалып, суық тигізіп алса керек, сол аяғы бастыртпай қалды. Даладағы дәрігерлер бөлімі емдей алмаған соң Ростовтағы әскери госпитальға ауыстырылды. Одан да нәтиже болмаған соң Баку қаласындағы госпитальда төрт ай жатты. Осы шақта артында қалған жалғыз қарындасы Ағиісті хат арқылы тауып алып, ІІ топ мүгедегі деген әскери-медициналық комиссияның қорытындысымен екі балдаққа сүйенген жас жауынгер елге оралды. Жасы он беске толған соң, еңбекке араластырылған қарындасы Балықшыдағы балық комбинатына жұмысқа алынып, Нәзипа деген апайдың қолында тұрады екен. Жаралы жауынгер осы үйге табан тіреді.

Жұмысқа тұруды ойластыра бастағанда, бұрынғы орнына қайта баруға денсаулығы жарамсыз екенін сезген соң, Балықшы поселкесіндегі милиция бөлімшесіне жұмыс сұрай барғанында, бағына орай бос орын болып, қызметке тұрды.

* * *

Жақсы адамның нұрын тасытып, шаңырағының шаттығын арттыратын асыл жанмен шаңырақ көтеруінің өзі – үлкен бақыт. Қашқын Түгелбайұлының да өмірлік серігі Оқу Тоқбайқызы ана деген ардақты атқа әбден лайық, жаны жайсаң жан болып жолығысты. «Кім-кім де әйел затына әуелі ана деп қарайды. Ал, қазақ ұғымында анаға ешқашан тұрпайы ұғым, теріс түсініктер айтылмаған. Әке-шешеден тым жас қалған менің осы ұғымға деген көзқарасым аса бөлек. Өмірлік жарым Оқу Тоқбайқызына деген ілтипатым ерекше» деп жазған-ды Қашқын аға өз естеліктерінде. 1945 жылы отау құрған олар Нәзипа ананың шаңырағында күн кешті.

Соғыс біткен соң оқуға барып, білімін көтеруді мақсат тұтқан ол кіші лейтенант әскери атағы болған соң Омбыдағы республика аралық милиция мектебіне қабылданды. Оқу орнын тәмамдаған тұста облыстық ішкі істер басқармасына тергеушілікке орналасты. Темірдей тәртіп пен турашылдықты ту еткен Қ.Түгелбаев бұл қызметінде де жақсы қырынан танылып, ұдайы Құрмет тақтасынан көрініп жүргенімен, денсаулығына байланысты милициядағы жұмыстан кетті.

Қалалық партия комитетіне келіп, жағдайын баяндаған соң облыстық жергілікті өнеркәсіп мекемесіне қарасты қалалық өнеркәсіп комбинаты директорының орынбасары болды. Жарты жылдан соң 23 жасқа енді толған шағында осы құрылымның басшылығына тағайындалды. Кейін 1950-54 жылдары партия құрылымдарында жауапты қызметте болса, 1954-57 жылдары Гурьев мұнай техникумының күндізгі бөлімінде оқып, техник-электрик мамандығын алады. Бұдан кейін «Маңғыстауснабнефтегазразведка» кеңсесін басқарушы, «Казтехснабнефть» кеңсесі басқарушысының орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етті.

«Промстройматериал», «Гурьевнефтехимстрой» трестері басқарушысының орынбасары бола жүріп, 1960-67 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтын сырттай оқып бітіреді. Осыдан соң «Гурьевтеххимстрой» тресінің үй құрылыс комбинатының бастығы, облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы, «Гурьевсельстрой» тресінің басқарушысы, 1985-87 жылдары облыстық аңшылар қоғамының бастығы болды.

* * *

Қашқын Түгелбайұлы қай салада мекеме  басқарса да қарапайым қалпынан еш тайған емес. Кейінгі ұрпағының айтуы бойынша, сол шақта көліктің қат, жолдың жөндеусіз екендігіне қарамастан, шалғайдағы ауыл тұрғындары қонаққа шақырса да қалмайтын көрінеді. Балалары «жол алыс қой, бармай-ақ қойсаңыздар қайтеді» десе, «олар бізді сыйлағандықтан шақырып отыр, қорыққандықтан емес. Сондықтан, қалмағанымыз жөн» дейтін көрінеді. Ұрпағы демекші, бұл күнде Түгелбаевтар әулетінің тамыры тереңге жайылған. Үш ұл, екі қыздан өрбіген 9 немере, 15 шөберенің ортасында Оқу Тоқбайқызы «Ақ мама» атанып, Алланың берген ризығын көруде.

Ата-ана үшін баланың қай-қайсысы да ыстық болса керек. Алайда, Атырау аймағы үшін Сағат Қашқынұлы Түгелбаевтың есімі ерекше. Өңірімізге ғана емес, күллі республика көлеміне еңбеккерлігімен танылған ол тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Парламентінің депутаты, Атырау облысының әкімі болып қызмет атқарды. Қазақстанда тұңғыш жекеменшік «Анако» мұнай компаниясын, «Zaman» тобына енетін көп салалы бірнеше фирмалар ашуы – тыңнан түрен салумен тең. Осы ретте Сағат Қашқынұлы жеткен жетістіктің бір үлесі әке тәлімі мен тәрбиесінде жатқаны сөзсіз…

Гүлжан  ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button