«АБАЙ – ДАРА ҚАЗАҚТА»

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 170 жыл. Ұлы ақынның шығармашылығына арналған шаралар еліміздің әр түкпірінде өткізілуде. Атырауда да атаулы күнге орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған Абай оқулары ұйымдастырылды. Бұл жолғы байқау техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткізілді. Облыстық білім беру басқармасының қолдауымен Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі  ұйымдастырған байқауда он екі үміткер бақ сынады. 

Бас жүлдеге Мерей Әбуғалиев ие болды. Ол – Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті  мамандығының 4-ші курс студенті. Аудандық, облыстық Махамбет оқуларының жүлдегері. Шығармашылықпен айналысады. Өлеңдері аудандық газеттерде жарық көрген.

«Бұған дейін де көркемсөз байқауларында бақ сынап жүрмін. Осылардың ішінде жаныма жақыны – Абай оқулары. Ақын өлеңдерінің образына еніп, оның өміршеңдігін дәлелдегім келеді. Байқауда, ең бастысы, өлеңнің мағынасын көпшілікке ұқтырдым деп ойлаймын», – дейді байқаудың бас жүлдесін иеленген Мерей Әбуғалиев.

Жүлделі бірінші орыннан Бекарыс Закария көрінді. Ол – Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің «электрмен қамсыздандыру» мамандығының 2-ші курс студенті.  Екінші орынға Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығының студенті Фариза Әбішева лайық деп танылды.Үшінші орынды С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің студенті Жайнагүл Нұрымова бағындырды. Айта кетейік, Жайнагүл қатысушылардың арасында Абайдың 140 өлеңін жатқа білетіндігімен ерекшеленді.  

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз