ҚЫРДАҒЫ МАЛШЫНЫҢ ҚАРБАЛАС СӘТІ
-Біздің қыстақ жақта қар орталыққа қарағанда көбірек сияқты. Содан да малдың астын уақытында тазалап, бір кезек сыртқа жайып аламыз. Қарлатамыз. Қыс қатты дегенмен, қарасуықтан жақсы ғой, әйтеуір. Өз шаруашылығымызда інім Марат және келінім Гүлбанумен бірігіп бағып жатқан малымыздан шығын бермеуге күш салудамыз. Малға керекті пішенді өзімізде техника болмаған соң жаз күндерінде жеткілікті етіп сатып алдық. Жемді де орталықтан алып тұрамыз. Арзан-қымбат деп те шіренуге болмайды. Өзіңнің малың болған соң қажетіңе қарай қимылдайсың ғой. Шүкір, бүгінде шаруаның жайы әне бір қорқатындай емес,-дейді малшы ауылдағы қам-қарекетінен хабардар қылған Жолғали.
Олардың маңындағы көрші қыстақтарды жайлап отырған «Митадағы» Қылышбай Қарабалин мен «Жамансайдағы» Әділхан Орынғалиұлының, «Алтықұлаштағы» Серікқали Өтепқалиев пен Естай Қуаныштың да шаруаларының бір күйше жүріп жатқандығын да сөз ете кетті ол. Әрине, малшы ауылдағылардың қора-қопсыны уақтылы тазалап, арық-тұрақтарын бөлектеп жемдеп, ас-суын беру жұмыстарының ұдайы үзілмей жалғасып жататыны белгілі.
-Қыстың күндері малшы ауылдағыларға жиі қатынасып тұрмаса болмайды. Сондықтан да, жақында аудан әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаев бастаған топпен бірге қыстақтарды аралап, субсидия мен несиелендіру жайы, жемшөп, жерді пайдалануға, тағы да басқа жұмыстарға байланысты түсініктер беріп оралған едік. Одан соң да түрлі шаруалармен қыстақтарға жолымыздың түскені бар. Сондағы білгеніміз, «Жарсуат» өндірістік кооперативіне қарасты «Қуат», «Мықтыбай», «Орлыой», «Жаманқұдық» қыстақтарына жоғары кернеулі электр желісі келіп тұр. Телефон желісі де жұмыс істейді. Округте уақ малдарды бірдейлендіруге байланысты көптеген жұмыстар атқарылды. Жалпы мал қыстағы соңғы күндері болмаса,оған дейін жайлы болып келді. Даланың малы ауылдағылар секілді шөпке тұра қойған жоқ,-деді бізге округтегі веттехник Жанат Азанов.
Орайы келгенде округ көлеміндегі «Асыл Агро» шаруа қожалығы ұжымының өз шаруаларын дөңгелентіп қана қоймай, атакәсіпті енді ғана қолға алған әріптестеріне де тигізіп отырған ықпалы мен көмегінің аз еместігін айта кеткеніміз артық емес. Бұл қожалықтың «Тасқұдықтағы» малына қажетті суды 24 тонналық көлікпен жеткізіп беріп тұруының өзін көпшілік үлкен қызығушылықпен сөз етеді. Мал басын асылдандырумен қатар, бордақылау бекеті жұмыс жасауда, малшылар үшін тұрғын үйлер де салынған. Және бір білгеніміз – биылғы жылдан бастап мұндағылар егін шаруашылығымен де шұғылдануға бет бұрған. Өз кезегінде мұның өзі санаулы болса да, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сөйтіп жұмыссыз жүрген ауылдастарының кәсіпті болуына жол ашары сөзсіз.
-Жоспарланған ветеринарлық алдын алу, мал індетіне қарсы күресу шаралары түгелдей орындалып отыр. Қолында арнайы рұқсат қағазы бар бір бас маман-ветинспектор мен үш жеке кәсіпкер осы жұмыспен шұғылданады. Мал егу, қан алу, т.б. жұмыстарды бірігіп жүргізіп мезгілінде техника, адам күшімен көмектесудеміз және аудан әкімінің қолдауымен жаңа қызметтік «Нива» жеңіл автокөлігі алынып берілді. Осы салаға бірден-бір жауапты әріп-тесіміз Наурызғали Қуанышевтың өткен жылдың қорытындысымен ауданның «Үздік мал дәрігері» атағын еншілеуі бәріміздің жұмысымызға берілген әділ баға, қарапайым еңбек адамына көрсетілген лайықты құрмет деп түсінеміз.
— «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Дос-2013» несие серіктестігі арқылы 8 тұрғын 22 000 000 теңге көлемінде қарыз алып, оған «КамАЗ», су таситын арнаулы автокөлік, маусымдық жұмыстарды атқаруға ыңғайлы ауыл шаруашылығы техникаларын, 300 бас қой сатып алды. Мал азығын дайындау, түлікті бағып-күту жұмыстарын да өз күштерімен атқаруға дағдыланған. Сол сияқты «Индер мақсат» несие серіктестігі арқылы екі тұрғын 6 млн. теңге сомасында қаражат алып, малды бордақылауға ден қойған. Мұның сыртында, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесі арқылы 9 тұрғын 20 150 000 теңгенің несиесін алып, атакәсіппен айналысуда. Осы тұста ауданда аталған қаржыландыру құрылымымен арадағы байланыс жақсы жолға қойылған деуге негіз бар. Осылайша, жергілікті шаруагерлердің оралдық кәсіпкермен өзара келісімге келіп, ынтымақты іс қылуының арқасында малға қажетті құрама жем, картоп, т.с.с. ауыл шаруашылығы тауарлары дер мезгілінде жеткізіліп тұрады, әрі бағасы да біраз төмен. Сөзіміздің дәлеліндей, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда, бір ауылдың өзінде ғана мүйізді ірі қара – 80, қой-ешкі – 2191 және жылқы 118 басқа көбейді,-дейді округ әкімі аппаратының бас маманы Т.Тасқарин.