ҚЫР ТӨСІНДЕ ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА(Эссе)
Осы кезде совхоз директо-ры Төкең «әрқайсысы жас жарым шамасындағы бес мың бас тұсақты Үштаған, Айбас, Мыңтөбе, Сарытөбе, Қызылүй арқылы аяқтай айдап, Атырауға апару керек» деп шешті. Директордың шешіміне бас мамандар, ферма меңгерушілері іштей қарсылық білдіріп, «мына ыстықта мал айдау дұрыс болар ма екен, нақақ шөлден қырып аламыз ғой» — деген қауіптерін де білдірді. Бірақ, директор өз шешімін өзгерткен жоқ. Енді осы іске басшы болатын адамдарға келгенде, бас зоотехник іссапарға кететін болды, ферма меңгерушісі ауырып қалды. Сонан Төкең мені шақырып алып сөйлесті. «Сен ферма зоотехнигісің, малдың басына сенің баруың керек», деп өз шешімін айтты, мен қарсылық білдірмедім. Тұсақтарды жоғарыдағы көрсетілген маршрутпен аяқтай айдап, тамыз айының ішінде 35-40 градус ыстықта, қызыл құмның ортасымен, 25 күнде тамыз айының аяғында облыс орталығы – Атырауға жеткізіп, облыстық асыл тұқымды мал бірлестігіне бірде-бір шығын берместен, түгелдей тапсырдым.
Төкеңнің өз ісіне жан-тәнімен берілген, кәсіби деңгейі жоғары білікті маман, шебер ұйымдастырушы, талапшыл басшы ретіндегі қызмет баспалдақтары, есею, өсу, өрлеу жолдары да осы тұстан бастау алады. Әуелден де малдың жайын бір кісідей білетін жас маман бірден «Зауральный» кеңшарына (сол кезде Махамбет ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын) бас зоотехник болып жұмысқа орналасады.
Көп ұзамай Махамбет, Индер, Балықшы, Новобогат аудандарының шаруашылықтары қарайтын аудандық территориялық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Осында (Махамбетте) екі жылдай қызмет атқарып, жұмысына төселіп қалған іскер жігіттің батылдығын байқаған облыс, қала берді, салалық басқарма басшылығы үлкен сенім артып, сол кезеңнің өзінде-ақ аты аймақ асып, елге әйгіленген Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы «Сүйіндік» асыл тұқымды қой өсіру кеңшарына басшылық қызметке жібереді.
Ол басшылық еткен жылдары кеңшарда жыл сайын 4-5 мың басқа дейін асыл тұқымды еділбай қойы сатылып, аналығының тірілей салмағы 75-80, ал аталық түліктікі 100-120 келіден айналды. Қоғамдық малға қажетті қыстық азық қорының берік қоры жасақталды. Бұл мақсатта шаруашылықта қарабидай, көпжылдық беде, судан шөптері өсіріліп, егістік алқаптың аумағы 15-16 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Ақырында, «Сүйіндікте» өсірілген қазақтың еділбай қойы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қойылып, өңір, облыстың ғана емес, еліміздің атағын аспандатып, абыройын асқақтатты.
1988 жылы Новобогат ауданы таратылып, оның шаруашылықтары Махамбет ауданына қосылған кезде сол уақыттағы облыс басшыларының ұсынысымен Гурьев қаласындағы «Плодовощ» сауда бірлестігіне басшылық қызметке келіп, қала мен тұтастай облыс халқын жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету міндетін де мойнына жүктеді. 1991 жылы облыс көлемінде алғашқы құрылған 30 шақты шаруа қожалығының негізінде сол шағын шаруашылық басшыларының, арендаторлар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің «Агро» облыстық қауымдастығы құрылып, оның алғашқы жетекшісі, яғни президенті болып Төкең сайланады. Бұл жұмысын Төкең 2002 жылға дейін атқарып, қолынан келген жақсылығын ел азаматтарына аямай жасап, құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткерлердің қатарына қосылады.
Елге сіңірген ерен еңбек еш кетпеді, лайықты бағаланды. Соның куәсіндей, Төкең де кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін, «Ерен еңбегі үшін», «Тыңға-50 жыл» медальдарын тақты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарымен, төсбелгілерімен марапатталды.
Төре Дәулетиярұлы отбасы өнегесімен де өзгелерге үлгі танылған-ды. Құдай қосқан қосағы Аятханмен екеуі төрт перзентті дүниеге әкелді. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Өкініштісі сол, үш ұлдың ортасындағы бір түйір гүлі, қызы Нұрсұлу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ағылшын тілінің аға оқытушысы қызметін атқарып жүріп, 2009 жылы өмірден ерте өтті. Шүкір, ұлдарының үлкені Әліпқали қазірде облыстық басқармалардың бірінде басшылық қызметте жүрсе, кенже ұлы Орынғали шетелдік компанияда жұмыс жасайды.
Елмен етене араласып, туыс-бауырдай болып кеткендігі сонша, өз кезеңінде ауыл тұрғындарының, осы аумақтағы ел-жұрттың жадында жасаған жақсылығымен «ол бір Төкең еді ғой» деген сыйластықта сақталып қалған ардақты азамат Төре Дәулетияровтың есімін қалайша ұлығылап, қандай құрмет көрсетілсе де, артық болмаc еді.
Елемес Абдошев,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.