Жарнама
Қоғам

Күш біріктірсе – алынбайтын қамал жоқ

Екі ауылдық округте әкім, аудан әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, сектор меңгерушісі болып қызмет атқардым.

Қызметте жүрген кезімде аграрлық саланың проблемаларын шешуге атсалысып, өз үлесімді қостым. Осы мақсатта көптеген өзекті мәселенің түйінін тарқатуға тырыстым. Кездескен кедергілер мен қиындықтарға да бетпе-бет келген сәттерім аз болған жоқ.

Ауыл шаруашылығына бейім аудан – облыс орталығынан шалғайда орналасқан өңір. Бұл жердің экономикасының басты бағыты – мал шаруашылығы. Алайда соңғы жылдары егін шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Мұнда малазықтық мақсаттағы екпелі шөп, көкөніс пен бақша дақылдары өсіріледі. Сонымен қатар мыңдаған гектарды алып жатқан шабындық және жайылымдық алқаптар да бар.

Айтпағым, бірнеше жыл қатарынан аудандағы негізгі табиғи су көзі болып саналатын Ойыл өзені тасымады. Өзеннің сағаларына су шықпай, аптап ыстықтан өңірді құрғақшылық пен қуаңшылық жайлады. Сол кезеңде Қызылқоға тұрғындарын қинай түскен мәселелердің бірі – дала өрттерінің көбейіп кетуі болды. Жалпы ұзындығы 200 шақырымға дейін созылған, мыңдаған гектар шабындық пен жайылым отқа оранып, атакәсіппен айналысқан ауыл тұрғындарына көп қиындық әкелді. Шаруашылықтар орасан зор зардап шекті.

Алапат өртті ауыздықтап, төтенше жағдайдың бетін қайтару оңай болған жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде малды өңірдің халқы бұл қиындықты да еңсере білді. Бұған арнайы құрылымдардан бөлек, ауыл тұрғындарының қатысуымен құрылған ерікті өрт сөндірушілер жасақтарының қосқан үлесі зор болды. Әрине, жергілікті әкімдік пен аудан басшылығының қолдауы мен көмегі де айтарлықтай әсер етті.

Ең маңыздысы – «анау жоқ, мынау жоқ» деп қол қусырып отырмай, бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істегеннің арқасында «тілсіз жауды» жеңіп шықтық.

Қазіргі таңда халықты алаңдатып отырған қамыс өртіне қарсы да осындай ұйымдасқан қарекет қажет деп есептеймін.

Қайырғали БАЗАРБАЕВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері,

Қызылқоға ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button