ЖАНЫМНЫҢ САЯ БАҒЫ ЕДІ…

«Бақыт қонған басыңа – басқалармен тең өсер» деп Ақтамберді жырау айтқандай, тәуелсіздік халқымызға бақ болып қонды, еліміз әлем елдерімен иықтасып, өркениет көшінде даму теңдігінде өркендеп келе жатқаны - мақтаныш. Өскелең ұрпақтың отансүйгіштік берік рухын нығайта түсуде кешегі сұрапыл соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлерінің есімдерін еске алып, тағзым етіп отырсақ, бүгінімізді бағалауға, ертеңімізге сеніммен қарауға рухани тірек табамыз. Мына біздер, өткен өмір өкілдері - қарттар, қазіргі жарқын өмірге қызыға қарап, өзіміз кешіп өткен жолдарға көз салмай тұра алмаймыз. Халық та, тарих та ештеңені ұмытпайды.

«Көзден кетсе де, көңілден ұмыт болмайды» деп халқы үшін еңбек еткен азаматтарды еске алып, ризашылығымызды айту парызы бізге тиесілі. Мен өткен өмірімізден Сәкең туралы өз ойымды жұбайы ретінде еске алғым келеді. Саламат Мұқашев – Кеңес кезінде өмір сүрген, жұртшылық қалаулысының бірі болған, қарапайым ғұмыр кешкен қазақ зиялыларының бірі еді.

«Кімнің қанша жасағанын емес, қалай өмір сүргенін айт» демекші, Сәкең көпке үлгі боларлық ғибратты ғұмыр кешті. Ол елім деп еңбек еткен азаматтардың бірі еді ғой. Іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті көптің көңілінен шыға білді. Өзінің естелік кітабында: «Соғыс кезінде ерте есейіп, Атыраудың шетіндегі Зарослый деген Жайықтың жағасында мектепке бардым, ФЗУ-ға (кәсіптік училище) мектептен алынып, жұмыс күші керек болып, өндіріске алындым» деп жазады. Жастайынан жұмысшылар арасында болуы, халықтың өмірі, оның мұң-мұқтажын терең ұғынып, арман мүддесін жете сезінуге септігін тигізгені даусыз. Саналы ғұмырын Атырау өңірінде өткізген екен. Жұмысшы болып бастап, басшы болып, Атырау, Маңғыстау облыстарында партияның бірінші хатшысы лауазымында еңбек етті. Бұл жылдар аталмыш облыстардың Одақта рөлі артып, экономикасы дамып, мұнай өнеркәсібінің өркендеген кезі еді. Сәкең бұл абыройға өз еңбекқорлығымен жетіп, мұнайшылар қауымын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді және оның жемісі нақты көрінді де.

Елмен, халықпен қоян-қолтық араласып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына көңіл бөлетін. Ол жауапты кезеңде өмір сүрді, партияның қатаң ережелеріне сай, адал да таза жанымен 60 жылдай Отанына еңбек етіп, азаматтық тұлғасын көрсете білді. Өмірге, еңбекке деген Сәкеңнің құштарлығы өте зор еді, халықтың арасында жұмыс жасаған кезде өзін қарапайым ұстап, адамдардың өтініш-тілектеріне үлкен сабырлылықпен қарап, зерделі ақыл-кеңесін бере алатын. Жұмыста кез-келген мәселелерді үлкен-кішілігіне қарамай, терең зерттеп, оны байсалдылықпен анықтап алмай, кесімді пікір айтуды сүймейтін. Тағы бір қасиеті – тұлғаны танып-білудегі адам психологиясының қыр-сырына жетіктігі еді. Ол үлкен сезімталдықпен талай азаматтардың қабілеттеріне сай дәрежелерінің өсуіне азаматтық қамқорлық жасай білді.

Атырау қаласының көркеюіне қосқан үлесі, сол кездері салынған құрылыс ныcандарын әлі күнге халық игілікпен пайдаланып келеді. Облыс орталығында драма театр, әуежай, вокзал, көпір тәрізді ірі құрылыстар, Гурьев-Астрахан темір жолы, қалада мөлтекаудандар құрылысы басталды. Тұрғын үй салу комбинаты, жатақханалар, мектеп, денсаулық сақтау нысандары, сондай-ақ, аудандарға жол салу, канал қазу, мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыту қолға алынды. Облыстың селолары мен ауылдарына электр желісі тартылды. Батыс Қазақстан аймағында Атырау, Маңғыстау мұнай-газ көздерін барлау, жаңа кен орындарын игеру қарқынды жүргізілді.

Шалғайдағы өңірді, жерінің астына мұнай толған Маңғыстау аймағын Гурьев арқылы басқару қиындығы жөнінде мәселе көтеріп, Маңғыстаудың болашағын нақты жағдаймен, геологиялық барлау дәлелдемелерімен сипаттай отырып, өз алдына дербес облыс құруды Орталық Комитетке ұсынып, оң шешім табуын табанды түрде талап еткені де – үлкен еңбектің жемісі. Бұл – тарихтағы ақиқат. Кейін «Теңіз» деп аталатын көлемді газ құрылымында терең бұрғылау жұмысы басталған-ды.

1971 жылы мамыр айында одақ көлеміндегі белгілі мұнайшы-геологтар басын қосқан Атырау қаласында ғылыми-техникалық мәжіліс өткізілді. Осы жиында Саламат Мұқашев обкомның бірінші хатшысы ретінде «Мол мұнай тұздың астында жатыр, ал оны іздеуді тұз қабатының ең жұқа тұсы Жылыой ауданынан бастаған дұрыс» деген болжамға тоқтап, Геология министрлігінің алдына нақтылы ұсыныстарын жолдауды талап етті.

«Болашақ мұнайдың мол қорын ашуда баға жетпес батылдық еткен «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры марқұм Бөлекбай Сағынғалиев еді» деп өзінің естеліктеріне де жазып қойған. Облыс басшысы ретінде көшбасшы болып, мұнайшыларға, геолог-барлаушыларға қолдан келген көмегін аяған жоқ.

Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде ашылған «Прорва» мұнай кенішін болашақ «Теңіздің» табалдырығы деп атап кеткен. Атырау облысынан 1977 жылы Сәкең Республикалық кәсіподақтар кеңесінің төрағалығына ұсынылып, Алматыға көштік.

Жаңа жұмысқа белсене кірісіп, республиканың барлық облыстарына, көптеген аудандарына, еңбек ұжымдарына жиі баратын, жұмысшылармен цехтың ішінде, егіс даласында, қырман басында кездесуді ұнататын. Сол жылдары Кәсіподақтар үйі, оқу орталығының үйі салынды, еңбекшілер демалатын үйлер, пионер лагерьлері, емделетін санаториялар тұрғызуға елеулі еңбек етті. Кәсіподақ саласында көп мәселенің оң шешімін табуға мол үлес қосып, іскерлікпен жүзеге асырғаны белгілі.

Кеңес кезінде партияның жұмсауымен Саламат Мұқашев 1980 жылы Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, Ақтауға көштік. Сонау жетпісінші жылдары Маңғыстау түбегі Атырау облысының құрамында болғандығы өзіне таныс мұнайлы өлкені игеруге кірісті. Сол 1980 жылы екінші қарашада Бозащыда миллионыншы тонна мұнай алынды, осыған байланысты «Қаламқас» вахталық поселкесінде мерекелік митинг өткізілді. Жаңадан ашылған «Қаламқас» кенішіне жол, су және мұнай құбырлары, электр және байланыс жүйелері жүргізілді.

Ақтау қаласында әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет өнеркәсіптік ауқымда теңіз суын тұшыту проблемасы шешімін тапты. Кеніштен парафинді мұнайды еліміздің орталықтарына ысытылған құбырмен жеткізілетін әдіс болды, жолдар салынып, электр желілері тартылды. Өлкенің осындай ерекше қарқынмен дамуына Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың орасан зор көмегі жасалды. Облыс Саламат Мұқашев басшылық еткен жылдары 1981 жылы 10 тамызда Маңғыстау мұнайшылары мұнай кен орындарын игеруден бергі кезеңде 200 миллион тонна мұнай игеруге қол жеткізді.

Тау-кен жұмыстары бұрғыланып, төрт мыңдай ұңғының құрылысы аяқталып, жаңа мұнай және газ кен орындары игеруге қосылды. Осы аталған жұмыстарды іске асыру ұйымдастырушылықтың, кадларды дұрыс пайдаланудың нәтижесі еді. Сәкең елдің, жердің тарихын білетін. Сол жерде туып-өскен жергілікті кадрларға сенім артып, оларды жауапты жұмыстарға жіберуге, мұнай саласын жетік білетін инженер-геолог кадрларын басшылыққа тағайындау жалғаса түскен еді. Ел туралы, оның болашағы туралы айтып отыратын. «Еліме, жерлестеріме, оларды сүйсіндіретін қасиеттеріне ризамын. Маңғыстаудың халқы жақсылықты да, жамандықты да көріп, талай тауқыметті соқпақтардан өтіп, әбден шыңдалған ғой. Мысал ретінде айтайын, 1982-1983 жылдары қыста қар түспей, жазда жаңбыр жаумай қуаңшылық болды, оған қоса шегіртке қаптап кетті. Табиғаттың сол зауалына қарамастан, қоғам малын түгел қыстаққа жеткізген шопандардың еңбегіне куә болғанмын. Жер астын бұрғылап тереңнен шығарылған шілде айында да қатып қалатын қою мұнайды құбырмен 1500 шақырым қашықтықтағы зауытқа жеткізген мұнайшылардың қажыр-қайратына бас иемін. Мақтанышым – Маңғыстаудан кетерде облыс, қалалар мен аудандарды, өндіріс салаларын басқара алатын іскер де парасатты кадрлардың қалғаны» деген-ді.

Сәкең көп оқитын, қазақтың ауыз әдебиетінен ақыл-нақыл сөздерін, даналық ойларын күнделік дәптеріне жазып қоятын еді. Зейнеткерлікке шыққан соң, кітап жазумен шұғылданды, қимас-жолдастарының еңбек жолдарынан естеліктер жазып, біраз басылымдарын мұра етіп қалдырды.

Ол үлкен әулеттің басшысы бола жүріп, ағайын-туысқа демеуші еді, балаларға мейірімді де қамқоршы әке болды. Ұл-қыздарын жоғары оқу орындарына оқытып, үйлендіріп, тойын тойлап, алыс-жақынмен танысып, туыстасып, құда-жекжат болып, ұрпақ қызығын көрді ғой. Қазір де балаларымыз әке аманатына сай, әр салада еңбек етіп жүр.

Жұмыс бабымен көшіп-қонып, қатар еңбек ете жүріп, Сәкең екеуміз отыз тоғыз жыл бірге өмір сүріппіз. Отағасының арқасында бірталай ел-жерді көріп, ортада болдық. Мен тағдырыма разымын. Қай жерде жүрсек те жақсы жолдастар таптық, әлі күнге сол жандармен, інілерімен кездескенде жақсының ұлағатты істері жөнінде үнемі еске аламыз.

«Әйел – ер тұсында» деген ғой, нәзік жандының әр сәті азаматымен ерекшеленеді екен, отағасынан айырылу маған ауыр соққы болды. Осы күні оның мерейлі сөзі мен өнегелі өсиетін аңсаймын. Қимас жаннан көз жазу қиын екен, әлі күнге дейін сағынамыз, келіп қалардай елеңдейміз. Атырау мен Маңғыстау өңірлерінде саналы ғұмырын өткізген Саламат Мұқашевтың бақилық болғанына 10 жыл толса да абзал азаматтың биік тұлғасы асқақтай береді екен. Ел алдындағы парызын өтеуге парасаттылығымен, қарым-қабілетімен, күш-қуатын аянбай еңбек еткен азаматты еске алып жүрсек, тұлға алдындағы парызымыз өтелді деп сезінер едік…

Мәрия ЖАҚАШЕВА, зайыбы,
Алматы қаласы.
Суретте солдан оңға қарай: Ислам Әбенов, Беркін Ізтілеуов, Жетпісбай Есенжанов, Қадыр Байкенов, Саламат Мұқашев, Құмар және Изилә Балжановтар, Закаш Камалиденов.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз