Күш атасын танымас

   Атырауда тұңғыш рет «Инфинити Пауер» кубогы сарапқа салынды.  Ақтау, Орал, Атырау, ресейлік Астрахан және украиналық Львов қалаларынан келген 12 қатысушы арасында бес сайыс бойынша ең мықтысы анықталды.

   Соның ішінде күштілік пен ептілік бағаланатын ең тартысты өткен доданың бірі — 280 келіні құрайтын дөңгелекті айналдырып итеру болды. Бұл сайыста атыраулық Дмитрий Романюк дөңгелекті жеті рет айналдырса, Эдуард Қабдешев бір минут ішінде 14 рет айналдырып, ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал, келесі сайыста ақтаулық Андрей Пивоваров бір орында тұрып, 24 рет көлікті көтерсе, алаңға соңғы болып шыққан жерлесіміз Эдуард межені 25 рет бағындырып, жеңісті қолдан суырып алды. Осы жарыстар нәтижесінде Андрей мен Эдуардтың ұпай сандары  тең болды — 42. Сондықтан, соңғы тур  шешуші сайыс саналды. Мұнда турнирге қатысушыларға шамамен 5 тонна болатын ауыр жүк көлігін 30 метрге сүйреп, мәреге тезірек жету талабы қойылды. Бұл жолы да Эдуард өзіне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеп, ең жақсы нәтиже көрсетті. Бірінші болып он жеті секундта жеткен атыраулық спортшы турнир жеңімпазы атанды. Оралдық Николай Суитин күміс жүлдегер атанса, ақтаулық Андрей Пивоваров ІІІ орынды иеленді. – Мұндай ауқымды турнир Атырауда бірінші рет ұйымдастырылып тұр.  «Инфинити» клубы қаламызда биыл ақпан айында ашылып, жұмысқа кіріскен бойда ірі жарысты өткізу қолға алынды. Негізінен, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында клуб ашу ойы бізге өткен жылдың тамыз айында келген еді. Содан бері, сол ойды іске асыруға асықтық. Осы уақыт аралығында орталығымыз бірнеше федерациялармен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгерді. Аз уақытта 15-ке жуық шараны ұйымдастырды. Біздің ұранымыз – «Спорттың шексіз энергиясы».  Жарысқа қолдау көрсеткен облыстық әкімдік пен дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларына алғысымыз шексіз, – дейді турнирді ұйымдастырған «Инфинити» фитнес орталығының даму жөніндегі директоры Ғалия Шаймерденова.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз