atr.kz/18 қыркүйек, 2020 жыл. Ақын Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты өлеңдер жинағы жақында ғана баспадан шыққан екен.
Ыстық-суығы басылмаған жыр кітабын басымызды көтермей оқып шыққан едік. Алғашқы беттерінен-ақ ақынның қаламшәріп киесі қонған, қазақ ауыз әдебиетінің тұма бастауынан сусындаған қаламгер екені көрініп-ақ тұр. Жақсы жырды сағынып қалған басымыз құныға оқып, түйсіне сезінгеніміз де рас.
Жыршысы мен өлеңшісі көп қазақта көкбөрі рухты Серік Ақсұңқарұлындай ақындар саусақпен санап аларлықтай. Ақынның шабыты тасынған шақтарда тау суындай тасқындап құйылған поэзия бірде аптап ыстығымен өртесе, бірде көктемнің самал желіндей желпиді, енді бірде сары жапырақ жауынының астында маужыр күзді тамашалап жүргендей сезімге бөленсек, тағы бірде бораны мен үскірігі бет қаратпайтын қаңтардың аязы қарып түскендей болғаны ақиқат.
Шындығында «ақын – Алланың елшісі» деген сөздің расына осы бір жыр жинағын оқып отырып, көзіміз одан әрі жеткен іспетті. Ақынмен бірге қуанып, балалық шақтың тәтті елестерін таңдайда тамсап, желкенін жел керген жастық шақтың жағадан алыстап бара жатқанына мұңая қарасақ, өткенге деген сағыныштың да жүрекке салмақ түсіргенін қайтерсіз?! Өзінің «Мұнай заманы» деген өлеңінде ақын қалталылар билеген заманның ащы шындығын, сұрқай бейнесін тіке айтады. Ақыны ешкім болмай, дәулеттісі ақынға мысқылмен қараған зар замандағы ақын қасіретін, ақын жүрегінің шындығын жайып салады оқырманға. Лирикалық кейіпкердің өзегі өртеніп, өлеңге мұңын шағады:
«Күнім түсіп қайдағы бір жаманға, Өзек жалғар талшығымды табам ба? Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен, Мұнай деген құдай болған заманда» деп күрсінеді. Өзінен өресі төмендерге күні түсіп, өлеңін пенделікке байлап беруден асқан қасірет бар ма ақын үшін?! Замананың дертінен жаны сыздаған оның жандауысын ешкім естімейтін керең қоғамда өмір сүрген қандай қорқынышты?
«Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін, Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім. Иномаркалардың моторларында, Бензин болып жанып кетті өлеңім…» Иә, Көк Түріктің өр рухына суарылған ағинақтай өткір өлеңді оқи отырып, лирикалық кейіпкердің айтқанына еріксіз сенесің, онымен бірге таскерең қоғамның құлағын жарып, айғай салғың-ақ келеді. Амал не? Иномаркалардың моторында жанып кеткен өлеңнің шырқыраған дауысы құлақты тұндырғандай… Ақын сөзді ойнатады, сөздің қадірін біледі, құнын түсінеді. Арзан өлең жазбайды. Не жазса да импровизациямен, құйыла түскен жыр жолдары шебер кестешінің қолынан шыққан өрнектей таңқалдырады, сүйсінтеді, өкінтеді, жылатады.
«Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап, Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап; Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым), — Лаулап! Заулап! Өршіп өрде Лапылдап!!!» дейді ақын өзінің қалталылар қожа болған заманда өмір сүруге еш бейімделе алмағанын өлең жолдарында өріп. Өз өртіне өзі жанған ақын бар мұңын киелі қаламға айтады, өлеңіне өкінішін өзектестіреді. Ақынның «Көк бөрі» өлеңінде сонау ғасырлар парағының астында қалған Көк Түріктің заманына ойша ораламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген даналықты ту етіп ұстаған ата-бабалардың шежіресін санасына түйіп, жүрегінде түнеткен ақын:
«Немене жыбырлап тұр тамағымда, Қорқыттың қобызының шанағында? Болғанмен басым – мұнда, Көңілім – анау – Көк Тәңірі, Көк Түркінің заманында», оқып отырғанымыздай, ақын көк түркінің жалаулы найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған, жауын бағындырған, дұшпанын табындырған шағын аңсайды. Дүние дүние болғалы, жұмыр жер өз бесігінде тербетілгелі бері сан миллиондаған жылдар өтті. Осы уақытта бақ құсы бірде басына қонып, бірде ұшып кетіп отырған көк түркілердің басынан кешпеген қасіреті жоқ. Замана запыранын жұтып, мәртебелі уақыттың тізесі батқанын елең қылмай, келешек көшіне ұмтылған көк бөрінің ұрпағы – Сарыжазықтан Үрімге дейінгі аралықты судай сапырып, асты-үстіне төңкеріп, дауылдай борап, құйындай ұйтқыған дәуірлердің бетінде өз мөрінқолтаңбасын айқарып тұрып қалдырған
жұрт. Ақын өз өлеңінде осыны меңзейді. «Жаһанды жанарыммен жасқап өстім, Жайлауды тастап, неге тасқа көштім? Дүниеде жоқ-ты бізден басқа – Ешкім, Біздерден бекзат, текті, асқақ – Ешкім! Дүние неге бөлек ойға қалды, Ол онда көк ғасырын тойлаған-ды. Ғаламзат – Көк Тәңірі, Көк Түркі бар, Көк Бөрі ғана бар деп ойлаған-ды…» деген жолдар арқылы өзінің өмірлік ұстанымын, ақындық позициясын айқын танытады. Жалаулы найзаны қолға ұстап, жалаңдаған жауға жалаңаш шапқан батыр бабаларымыздың өрлігі мен ерлігі ақын жырларынан атойлап тұрғаны даусыз.
Заманында дұшпанын қаһарымен қалтыратып, табанының астында таптаған көк түркіден кие қашты бүгінде. Еуропаға атой салып, Рим қақпасын қақырата ашқан Еділ – Аттилалардың ұрпағы деп бізді кім айтар? Сол бір көк түркілердің жұлдызы жарқыраған шақтары бүгінде аңыз бен әфсанадан орын алды. Көк бөрінің ұрпағы неліктен санасыз тобырға, қалтасын қампитуды ғана көздейтін ашкөзге, қанағатты білмейтін, жеке басының мүддесін ел мүддесінен биік қоятын өзімшілге айналды? Ақын өлеңдерінен о сындай ой түйеді оқырман.
«Түркіге түбі тексіз жүйе қас-ты, Бетіме қай сұм келіп күйе басты?! Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден Көз жазып, Көк Бөріден кие қашты?! Құлайтын күн болғанда Құдайға анық, Атымның бауырына құлай барып, Күн Ие, жалт қарасам Саған, Сонда – Дүние бара жатты шыр айналып… Ұлып кеп, көкжиегін түріп көктің, Көз жасын құз қияда жүріп Төктім. Оғыздың қабіріне құлап түсіп, Қобыздың шанағына кіріп кеттім…»
ақын бұл өлеңі арқылы тұтас бір халықтың көкейкесті мәселесін өлеңмен өрнектеп отыр. Ағинағы жарқылдап, азуын айға білеген, Алтайдан Дунайға дейінгі аралық табанының астында тулаған көк түркілердің жаулары да аз емес еді. Әлі күнге дейін де көне жылнаманы көзге ілмей, тарих доңғалағын кері айналдырғысы келетіндер бар екені де сөзсіз. Бұл жерде көк бөрі – тотем, яғни, халық санасында киелі саналған жануардың өлеңде кейіпкер болып алынуы.
«Мәңгілік ел» идеясын түпқазық етіп қағып, болашақтың үлесіне нысана қылған Күлтегін мен Тоныкөк жазбалары – халқымыздың дамуында бағыт-бағдар беретін темірқазық. Серік Ақсұңқарұлының идеясы да осыны көздейді. Ақынның «Ұзан» деген өлеңінде Тәңірі сөзін халыққа жеткізетін, Жасаған иемен ортадағы байланысты орнататын алтын көпір – жыр екенін түйсінуге болады. Күлтегін, Бумын қаған рухын ту еткен Серік Ақсұңқарұлы жыр жанартауын атқылатып, түркі халқының тағдырындағы сол бір жұлдыздай аққан сәулелі сәттерді аңсайды. Ел өміріндегі ең маңызды сәттер ақынның жырында, жыраудың термесінде, шежірешінің жылнамасында қалатыны анық. Ақын жырларындағы еркіндік пен азаттыққа іңкәрлік сарыны көшпенді ғұмыр кешкен жұрт екенімізді тағы бір еске түсіреді.
Жасыл жайлауда, жұлдызды аспанмен сырласып, іргеден аққан бұлақ сылдырына елтіген қазақ баласы үшін ақын жырлары еркіндіктің елшісіндей, азаттықтың бойтұмарындай сезіледі. «Мен – Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған, Лебіме жан шыдамас жақындаған. Болғанда өзім – жерде, Тәңірім – Көкте, Шерімді соған айтып, лақылдағам…» деген ақынның Абай, Мағжан бастаған ұлы көштің жалғастырушысы екенін анық танытады. Шындығында, күн, ай, жұлдыз, жел, су, от сияқты нысандарды
киелі санап, тәу еткен қазақ баласы үшін от – жер бетінен жамандықты, зұлымдықты аластаушы. Олай болса, көшпенділердің рухы өн бойынан көрініп тұрған ақын өлеңі оқыған жанның жігерін қайрайды, намысын жаниды.
«Ұстаған, соңсоң, мені Ол биіктетіп, Пендеге – жат, Өзіңе – сүйікті етіп. Жаныма жақындасаң күл боларсың, Жасыным бір жеріне тиіп кетіп. Көкірек – шер де, кеудем – ыза менің, Түркі-Оғыз заманында Ұзан едім. Тәңірім алқап, Жебеп Аруағым, Ноқат боп көз ұшында ұзап едім», бұл жерде ақын өлеңді «ұзан» деп атаған көктүркілер заманынан хабар береді. Ұланғайыр кеңістікті адамшылық өлшемі етіп, кеудесіне сыйдырған даланың ұлы үшін жасындай жарқ етіп, найзағайдай тіліп түспеу – сын.
Олай болса, мәрттік пен жомарттықты ұлы даладан үйренген, жүрегіне бүкіл қазақ даласын сыйдырған ақын ата-баба мұрасы болған «ұзанның» атынан сөз алуы ешкімге де күмән тудырмайды. Сөзді кие санап, ер тағдырын екі ауыз сөзбен шешкен кешегі билер мен жыраулардың заманындағы өлеңге деген құрметті аңсайды ақын. Егер ақын еңсесі түссе, ел еңсесі көтерілуі мүмкін емес. Сондықтан да:
«Алаштың жүріп тағдыр-таланында, Енді кеп табанында қаламын ба?! Доспамбет, Асан Қайғы, Шалкиіз ем, Керей хан-Әз Жәнібек заманында» деп, рухын тасқа жаниды, серт семсерін өлең етіп сермейді. Доспамбет болып шамырқанса, Асан Қайғы болып ел келешегін уайымдайды. Шалкиіз болып шарқ ұрса, Керей хан-әз Жәнібек болып қаһарланады.
«Бір тауар бір кісінің жарты құны, Бүгінде базар – думан, Сарт – үкілі. Кімге айтам құл тұқымы түгіл, онда Аузыма қараған деп хан тұқымы», бір кезде бүкіл халық болып аузына қараған ақындардың бүгінгі мүшкіл халіне ақын ашынады. Кезінде аңызға арқау болған көшпелінің ұрпағы бүгінде сөзге түсінбейді, өз тілін менсінбейді дегенге кім сенер?! Алайда, ащы ақиқат осы екендігіне ақын өлеңін оқи отырып көз жеткізуге болады.
«Өңезге болмай айтқан өкімі – екі, Өлеңнің жүрген кезі-ай, өкілеті: Сүйген-ді мені Тәңірі, Соны сезіп, Именді тексіз кеңес өкіметі! Арсы мен гүрсіге бір шарқ ұрғасың, Һас тұлпар қалай қажып, алқынбасын. Болғанда Алаш – азат, Аяр – мазақ, Абдырап қалды-ау, қайран, алтын басым» заманалар дауылы әрлі-берлі ұйтқыған кезеңде кімнің алтын басының қай тентектің сойылының ұшында кетерін кім болжаған?! Ойхой, дүние!
Тарих көшін бес рет аударып, қайтадан тиеп, шежірелер қазанын бес рет құйып, қайта сапырған, қара дүлей атанған көшпенділер, көк түріктер де өтті! Олар туралы айтылатын, сан-саққа жүгіртіп айтылатын жылнамалар мен ауызекі ел аузындағы аңыздар мен әфсаналар арқылы ғана біз өткенге көз жүгіртіп қарай аламыз. Ұлы даланы қорғап, жанын қиған хас батырлар, қара сөзден қаймақ алған билер мен елдің тұтастығын сақтап қалған хандардың басын қосатын ақын-жыраулар еді сол кезде.
Ақын Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» деген жыр жинағы – өткенімізді танып, өшкенімізді жағу үшін, бүгінімізді бағалап, келешегімізге байыппен қарауымыз үшін өте керек дүние. Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарай алмайтын қазақ баласына алмағайып заманадағы өз ұлтының, тілі мен дінінің көріп отырған қиянатын жыр тілінде жеткізіп, алдағы күнге аманат ететін де осынау жинақтағы жүректі жырлар. Олай болса, «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты жыр жинағы, оның авторы ақын Серік Ақсұңқарұлы Мемлекеттік сыйлыққа лайық екені айдан анық!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА