Қоғам
Қуанғаны сәбидің қандай бақыт!
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Джумиян» мейрамханасында облыстық маслихаттың депутаты Гүлсина Байкенованың ұйымдастыруымен «25 Пайдалы іс» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Бұған дейін де игілікті шаралардың басы-қасынан табылатын ол осы жолы Сабыр Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйі және мүмкіндігі шектеулі жандардың «Шексіз таланттар» би мектебінің қатысушыларына қуаныш сыйлады. Осы орайда Гүлсина Гарифжанқызы елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған би студиясын алғаш ашқандардың бірі екенін де айта кеткен жөн.
— Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кішкентай бүлдіршіндерімізге арнап жақсы көңіл-күй сыйлауды жоспарладық. Осы сәбилердің ешқандай таршылық көрмегенін қалаймын. Оларды қоғамдық өмірге тарту, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектерін әлеуметтік бейімдеу және оларға көмек көрсету жұмыстарына жұртшылықты тарту — алдағы уақыттағы мақсатымыздың бірі, — дейді Гүлсина Байкенова.
Өздеріне деген шексіз құрметке риза болғандардың атынан Лиза Сафронова депутатқа ақ тілегін арнап, алғыс білдірді.
— Бүгінгі шараға әйелдер қауымдастығы да атсалысуда. Қайырымдылық – ол тек материалдық көмек емес, бұл жан-жақты қамқорлық пен кіршіксіз махаббат. Бір қуантарлығы – балалар үйінде тәрбиеленушілер қатары азайып келеді. Біреулері ата-анасымен қайта қауышуда, екіншілерін мейірімді жандар асырап алуда. Біз мүмкіндігінше балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға концерттік бағдарламалармен, аз-кем сыйлықтарымызбен барып тұрамыз. Олар үшін түрлі байқаулар, қызықты ойындар ұйымдастырамыз. Бұл өмірде сәбидің риза болған жүзінен, оның күлкісінен қымбат не бар? — дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрлы Әйтиева.
Шара барысында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері тартымды ойындар ұйымдастырды. Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Сүлейман Фомин ән шырқап, «Шексіз таланттар» би мектебінің өнерпаздары мың бұрала биледі. Соңынан облыстық іскер әйелдер қауымдастығы және саясаткер әйелдер клубы атынан сыйлықтар таратылып, «Джумиян» мейрамханасы тәтті тағамдарымен түскі ас ұсынды.
Нұрислам МӘУЛЕНҰЛЫ.