«КӨШПЕНДІЛЕР» ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ
Бұл таңдау классик жазушы, ғажайып сөз зергері Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына және биылғы аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр.
Қалалық орталық кітапханада осы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы бойынша «Ұлтты ұлықтаған жазушы» атты оқырмандар конференциясы өткізілді.
Конференцияға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Шахман Нағымов,Атырау қаласындағы №11 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Мейірхан Тастурова және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен медициналық колледжінің және Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты.
Оқырмандарға «Ұлтты ұлықтаған жазушы» атты кітап көрмесі таныстырылып, жазушының өмірінен қысқаша дерек берілді. Студенттер мен шараға қатысушылар «Көшпенділер» романының тарихи маңызы мен қазақ әдебиетінде алатын орны туралы таратып айтты.
Ұлттың рухын оятқан «Көшпенділер» трилогиясы орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы бұл трилогия әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған екен. Дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана.
Бұл трилогия тарихи аңыз қаһармандарының портретінен бастап көркем суреттеліп, аса шеберлікпен жазылған. Тарихи оқиғаларды осылай жазба әдебиеттің қажетіне жарату І.Есенберлин сияқты ұлы қаламгердің ғана қаламына тән.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тарихында біз ұялатын кезең болмаған. Осыған дәлел – «Көшпенділер» трилогиясы. Егер қазақ тарихын білгісі келетіндер болса осы романнан бастауы керек. Және романның бір ерекшелігі қазақ әдебиетіндегі жапон тіліне аударылған бірден — бір роман. Осының өзі романның басқа шығармалардан шоқтығы биік екендігін айқындайды», — деп айтқан болатын.
Г.Рахметқызы.