«Атырау» «Ақжайықты» ұтты

754 Жаңалықтар

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының ХІХ турында жергілікті «Атырау»  командасы «Ақжайық» командасын қабылдап, жаңа тағайындалған бас бапкер Виктор Кумыковтың басшылығымен өткен алғашқы ойында жеңіске жетті.

754

«Мұнайшы» стадионындағы  кездесу басталар алдында қос команда қапыда қылмыскерлердің қолынан қаза тапқап белгілі мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Төрешінің ысқырығы шалынысымен екі команда да алма-кезек шабуыл  ұйымдастырып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Алғашқы кезеңдегі  шабуылдардың бірінде «Атырау» командасының шабуылшысы Игорь Зенькович оң қапталдан берілген пасты сәтті қабылдап, қақпаға бағыттауы арқылы әдемі голдың авторы атанды. Оралдықтар да қарап қалмай, шабуылды үсті-үстіне үдеткенмен Андрей Пасеченконың осал тұсын таба алмады. Екінші кезеңді  белсенді бастаған атыраулықтар ойынның 55-ші минутында Боровик қақпасына тағы бір гол салды. Голдың авторы – шабуылшы Предраг Сикимич.

Турнирлік таблицаның соңғы сатысында орналасқан командамыз осы жеңісі арқылы жанкүйерлердің еңсесін бір көтеріп тастады.

Мұратбек Жаңабай

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз