КӨШБАСШЫ БОЛЫП ТУЫЛМАЙДЫ, КӨШБАСШЫҒА АЙНАЛАДЫ
Бір қызығы, Ақан Алтайұлы Қарағұлов жоспарда жоқ жерден мұнайшы атанған. Ол 1988 жылдың 28 сәуір күні Жылыой ауданының Құлсары қаласында дүниеге келген. Ол қарапайым отбасында өскен, әкесі жекеменшік бизнеспен айналысса, анасы үй шаруасындағы адам болған.
Мектепті аяқтағаннан кейін ол Ақтөбе мұнай-газ колледжінен энергетик білімін алады. Бір жыл өткен соң, 2006 жылы бозбала өзінің еңбек жолын Құлсары мұнай басқармасының «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс бөлімшесінің ЛӨДС-нан бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика ұстасы ретінде бастайды.
Өндірістің дарынды ұйымдастырушысы, нағыз көшбасшы – жауапкершілігі мол, алдына мақсат қоя білетін, өздігінен шешім қабылдай алатын Ақан өз кәсібін меңгеруге бағытталған 8 жылдың ішінде өзін білікті маман ретінде ұсына алды.
Еңбек қызметінің басынан бастап ол өз өмірінде шаршамастан сапалы қызмет көрсетіп, күрделі жұмыстардың да шешімін тауып жүр, соған қарамастан, өзінің адами қасиеттерін, әділдікті, өмірге ризашылық білдіруді де ұмытқан емес. Ол осы жылдарды танымдық жылдар деп есептейді – ұста қызметін атқарып жүріп, ол қарапайым жұмысшының қалай өмір сүретінін, оған ненің құнды екенін, қандай мәселелер өзекті болып табылатынын түсінді.
Осы қасиеттердің арқасында биыл оны Құлсары мұнай-құбыр басқармасының «Құлсары» ТҮБАЖ (технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі) ЛӨДС-не инженер ретінде тағайындайды.
— Инженер міндетін атқару туралы ұсыныс мен үшін мүлдем күтпеген жағдай болды, — деді ол. – Әрине, мен бірден өз келісімімді бердім, себебі, жұмыс өте қызықты әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен алдыма өз ісімнің нағыз шебері атанамын деген мақсат қойғанмын, тырысу керек, мен әлі алдымда тұрған үлкен биіктің етек жағындамын. Мені ұжымдағы аға-әріптестерімнің қолдаулары қанаттандырады, олар қашан да маған сөзбен де, іспен де көмек көрсетеді. Бізде жұмыс істеуге жақсы жағдайлар қарастырылған. Бұдан өзге, біз түрлі курстарға барып өз біліктіліктерімізді ұдайы арттырып отырамыз, бұл – біздің жұмысымыздың міндетті шарты. Өзіміз де бұған үлкен қызығушылық тудырамыз, себебі, кәсіби білімді арттыру арқылы мансапты көтеруге де мүмкіндіктер ашылады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ұзақ мерзімді даму мен бәсекеге қабілеттілік негізі болып табылатын адам капиталын арттыру, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жағдайларын құру, ұжымдағы тұрақтылық секілді стратегиялық мақсаттарының арқасында кәсіпорынның әрбір жұмысшысы әріптестері мен кәсіпорынның қамқорлығына сенім білдіреді. Сол себепті де, еліміздің басты мұнай тасымалдаушы компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ жылдан-жылға жоғары өндірістік және қаржылық нәтижелерді көрсетуде, ол алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мен басқарудың жоғарғы стандарттарымен танымал.
Жоғары білікті мамандарды дайындау мақсатында компанияның жүздеген қызметкерлері Қазақстанның жоғары оқу орындары мен таяу және қиыр шетелдерде дайындау және қайта дайындау курстарынан өткізілді.
«Ешқашан да артық білім болмайды» деген ережеге сүйене отырып, жас инженер, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ақан Қарағұлов та өз кезегінде кәсіби деңгейін осылайша көтермелеуде.
Бүгінде ол жұмысы мен Қазақстан ақпараттық технологиялар және Батыс Қазақстан облысын басқару институтындағы оқуын қатар алып жүр. Бұдан өзге, Ақан өзінің кәсіби шеберлігін бірнеше рет басшылық пен ұжым алдында компанияның кәсіби шеберлігі бойынша дәстүрлі байқауда дәлелдей алды.
Ескере кету керек, жас маман бола тұра, ол Павлодарда өткізілген «Кәсібі бойынша ең үздік» атты халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды, мұнда Ақан «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс бөлімшесінің Атырау мұнай құбыры басқармасы ұжымының үкілеген үмітін ақтап шықты. 2012 жылы Павлодар қаласында көшбасшылық үшін жүргізілген күрес төрт елдің мұнай құбыршыларын біріктірді. Өндірістік жарысқа «ҚазТрансОйл» АҚ-нан өзге «Транснефть» АК» ААҚ (Ресей), «Укртранснафта» ААҚ (Украина) және «Гомельтранснефть Дружба» ААҚ (Беларусь) секілді шетелдік ірі мұнай тасымалдаушы компаниялардың қызметкерлері қатысты. Алдағы байқау тағы да жаңа қатысушымен – КҚК-мен (Каспий құбыр консорциумы) толығады.
Жыл сайын өткізілетін кәсіби шеберлерді анықтайтын байқау Қазақстанның ірі мұнай тасымалдаушы компаниясы үшін дәстүрге айналып үлгерді. Еске түсіре кетейік, өз ісінің білгірі атағына байланысты байқау 1999 жылы алғаш рет өткізілді және 4 жылдан кейін байқау халықаралық деңгейге көтерілді. Осы жылдар бойына бұл байқау компания қызметкерлері үшін өздерінің кәсіби дағдыларын бағалаудың маңызды әрі негізгі кезеңі болып саналады. Байқаудың негізгі мақсаты – білімді жетілдіру мен қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау, мамандықтың беделін арттыру. Ол компанияның жетекші мамандарының алдыңғы қатарлы тәжірибелерді зерттеп, таратып және енгізулеріне септігін тигізеді. Ақанның сөзіне сенсек, байқау барысында қатысушылар арасында тәжірибемен бөлісу, өндірістік мәселелерді шешудің заманауи әрі тиімді тәсілдерін бірлесіп іздеу жұмыстары жүргізіліп жатады, бұл өндірістік атмосфераны арттыратыны сөзсіз.
— Бір жағынан бұл байқау қызметкерлердің жұмыстарын бағалау үшін де жүргізіледі. Мұнда қызметкердің кәсіпқойлығы, оның теориялық дайындығының деңгейі, тәжірибелік дағдылары, еңбек және техника қауіпсіздігін сақтауы және өзге де көрсеткіштер қарастырылады, — дейді ол.
Өзінің толық күндік кестесі мен мансабын арттыруға деген ынтасына қарамастан, Ақан отбасылық өміріне де үлгеріп жүр. Ол өзінің сенімді серігі Ақмарал Бекешевамен үш баланы тәрбиелеп отыр. Үлкендері Расул 6 жаста, ал сүйкімді қыздары Бибі 4 жаста болса, кенжелері Мансұр небәрі бір жаста.
— Менің өз компанияма айтар алғысым шексіз. Мұнда жылдан-жылға тек мұнай өндіру көлемі артып жатқан жоқ, сонымен қатар, жаңа кен орындары да барланып жатыр, қызметкерлердің дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Біз жаңа технологияларды игеріп жатырмыз, қосымша білім мен тәжірибе жинаудамыз, тек өзге қалаларда ғана емес, сондай-ақ, өзге елдерде де білімімізді шыңдаймыз. Компания қызметкерлердің кәсіби дамуынан өзге, спортпен айналысуға, денсаулықтарын күтуге, балаларды оқытуға да жағдайлар жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, мұнда өсу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, — деді Ақан.
— Сондықтан да, біз өз болашағымыз бен отбасыларымыздың және балаларымыздың болашағын «ҚазТрансОйл»-мен байланыстырамыз.
Менің балаларым да мен бастаған әулет мамандығын жалғастырса екен деп тілеймін.
Динара ҚАНБЕТОВА.